Кәуап пісіруден Өскеменнің түнгі жәрмеңкесінде сайыс өтті
Өскемендік тұрғындар мен қонақтар ерекше қызығушылықпен баратын шаралардың біріне айналған түнгі жәрмеңкеде бұл жолы кәуап пісіруден сайыс өтті. Түнгі жәрмеңкені аралап, тіл үйірер кәуаптан дәм татып көруге ШҚО Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев арнайы келді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жәрмеңкенің алғаш рет «Металлургтер» саябағында өткізілуінің өзі көпшілік үшін жаңалық болды.
– Өздеріңіз білесіздер, Металлургтер саябағының мемлекет меншігіне қайтарылғанына бір айға жуық уақыт болды. Енді саябақты жөндеу жұмыстары қолға алынады. Жұма – сәттіліктің күні. Сондықтан әр жұмада өткізіліп отыратын түнгі жәрмеңке игі бір дәстүрге айналады деп ойлаймын. Ал сайысқа түскен кәсіпкерлердің ешқайсысын бөліп, жаруға келмейді. Өйткені, бәрінің кәуаптары өте дәмді болды. Бәрі де бірінші орынға лайық, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев.
Күн ұясына бата саябаққа ағылған тұрғындар қарасы арта түсті.
Соған қарап түнгі жәрмеңке өскемендіктердің тұрақты келіп, демалып, сергіп, сауда жасап қайтатын орындарының біріне айналып келе жатқанын аңғарғандай болдық. Ең қызығы, әр жәрмеңке түрлі тақырыптағы бағдарламаларға негізделіп ұйымдастырылады және оның өтетін орны да ауысып тұрады дейді ұйым-дастырушылар.
Отбасымен саябаққа демалуға келген қала тұрғыны Людмила Александровна айтады: – Түнгі жәрмеңке өткізу идеясы өте керемет. Қалада бұрын-соңды мұндай шара болмаған еді. Жұмыстан кейін осында келіп, демаламыз. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасатын болса, біз бұдан қалмауға тырысамыз.
Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды «Боженко» ЖК, ІІ орынды «Золотой якорь» кафесі мен «Встреча» және «Аманбаева» ЖК өзара бөлісті. Жүлделі І орын «Гурман» кафесіне бұйырды. Ал бас жүлдені «Линкевич» ЖК жеңіп алды.
Кәуап дайындаудан сайысқа түскен кәсіпкерлерге сахна төріндегі құлақ құрышын қандырар әншілер мен мың бұралған бишілердің өнері ерекше шабыт берді.
Меруерт Молдағалиева