Бұқарбай батырдың қылышы
Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысқан Бұқарбай батырдың есімі ел арасында аңыз болып тараған. 1850 жылы Бұқарбайдың жасағы Қазалы, Арал, Қосқорған бекіністеріне шабуыл жасап, казак-орыстар мен қоқандықтарды жеңіп шыққанын халқы мақтан етеді. Елі үшін атқа қонған батырдың ерлігі бүгінде дастанға айналды.
Кіші жүздің табын руынан шыққан Бұқарбай Естекбайұлы 1822 жылы Сыр өңірінің Жалағаш өлкесінде дүниеге келген. Елге батыр, шешендегімен даңқы белгілі болған. 1837-1847 жылдары аралығында болған Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске қосылғанға дейін Қоқан бектерінің ықпалында жүруіне тура келеді. Бұқарбай Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысып, 1847 жылға дейін көрнекті батырлардың қатарында аталады. Ол 1838 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысты. 1850 жылы Бұқарбайдың жасағы Қазалы, Арал, Қосқорған бекіністеріне шабуыл жасап, казак-орыстар мен қоқандықтарды жеңді. Орыс тіліндегі деректерге қарағанда, Бұқарбай осы шайқастардың бірінде ауыр жараланып еліне қайтқан соң бейбіт еңбекпен айналысқан. Егін егіп, Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын «Бұқарбай арығын» (ұзындығы 25 – 30 км) қаздырған. Жасында батыр, қарттығында елге билік айтқан Бұқарбай Сыр өңірінің Қараөзен бойында 1898 жылы дүниеден өткен. Батырдың ерліктері ақын-жыраулардың мұраларында, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, зерттеуші Қ. Бердәулетовтың «Бұқарбай батыр» кітабында көрініс тапқан.
Мына суретте ұсынылып отырған Бұқарбай батырдың қылышы Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық музейінде сақтаулы тұр. Музейдің ғылыми қызметкері Қанат Бектасұлының айтуынша, қылышты Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны, батырдың туған шөбересі Жоламан Алданазаров өткізген.
Батырдың қылышына ғылыми сараптама жасаған Қанат Бектасұлы: «Аталған қылыш өзіндік қызметі бар негізгі үш конструктивтік бөліктен тұрады. Олар кесу, шабу, түйреу арқылы жарақат салуға арналған. Мұндай қылыштар сол уақыттағы жауынгерлерге тән болып табылады» дейді.
Болаттан жасалған, ұзындығы құлаш болатын қылыштың өзіндік тағы бір ерекшелігі бар. Қылыш орыс және басқа да шетел мемлекеттерінде жасалған өзі типтес қылыштарға қарағанда салмағын жеңілдету мақсатында жүзінің бойымен арнайы ойық шұңқыр жасалмаған. Жүзінің бас жағы, яғни адамды шауып түсіруге арналған тұсы жиі-жиі қайраққа түскендіктен біркелкі тегіс емес, сәл-пәл ойыңқы. Қылышты ағаштан жасалып, сыртынан ешқандай ою-өрнектермен әшекейленбеген әрі былғары терімен қапталған қынапқа сақтайтын болған. Осындай технологияларды пайдалана отырып сақтаудың нәтижесінде қылыш өзінің сол кездегі күйін бұзбай бүгінге жетіп отыр.
Жауына сұсымен айбат көрсетіп, елін қорғау жолында дұшпанына қылышымен сес көрсеткен Бұқарбай батырдың бұл қылышы бүгінде қазақтың мақтанышы, рух беретін жәдігері болып табылады.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС