Жаңалықтар

Үш саланың біреуі – сөз өнерін дамытудың тетігі өз қолыңызда

– Жаңа өзіңіз атаған үш саланың біреуі – сөз өнерін дамытудың тетігі өз қолыңызда емес пе? – Дұрыс айтасыз. Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба бөліміне басшылық жасай бастағаныма бес-алты айдың жүзі болды. Жоғарыда айтқан үш арнаның бір арнасына бас ие болып отырмын дей аламын. Бөлімде жүз мың қолжазба сақтаулы. Қазақ халқының бүкіл тарихы, моралі, этикасы, ғылымы, дүниетанымы сол қолжазбада тұр. Міне, осынау асыл мұраға бірінші кезекте мән берген жөн сияқты. Осы ойымды сабақтастыра келіп және бір мысал айтайын. Орыс халқында «Игорь жасағы туралы жыр» дейтін жалғыз ғана эпикалық туынды бар. Жалғыз ғана дегенді мен кездейсоқ айтып отырған жоқпын. Басқа тарихи жырлар бар. Бірақ олар анаған астар бола алмайды. Бізде «Игорь жасағы туралы жырмен» иықтасатын мыңға тарта шығарма бар екен. Біздің мәдениетіміздің ауқымына осы тұрғыдан қарау керек. «Игорь жасағы туралы жырға» арнап жазылған ғылыми еңбектер мыңға тартады. Ал біздің фольклорымыз туралы ғылыми деңгейде жасалған еңбектер саусақпен санарлықтай ғана. Ал қол өнерімізді қараңыз. Бір киіз үйдің бойында сүйектің, киіздің, шидің, ағаштың, мүйіздің, металдың қосындысынан жасалған көшпелі архитектура тұнып тұр. Онда халықтың дүниетанымы да бар, онда халықтың географиялық бағдары да жатыр, онда халықтың экологиялық жүйеге бейімделуі де көрініс береді, ақыр аяғында онда халықтың бүкіл моральдық-этикалық нормалары тұр. Киіз үйді оқи алған адам сөйлейді, ал оқи алмаған адам оған экзотикалық зат ретінде қараумен ғана шектеледі. Ұлттық музыканың да ауқымы ұшан-теңіз. Бізде алты мың күй бар. Авторлық күйлеріміз Қорқыттан басталады. Бұл – ҮІІІ ғасыр. Содан бергі бір ғасырымыз бос емес. Қай ел авторлық композиторларын ҮІІІ ғасырдан көрсете алар еді? Бұл мәдениетіміздің құдыретті үлгісі. Бұл дүние жүзін таңқалдырған салт атты көшпелілер өркениеті тарих сахнасынан кеткеннен кейін адамзат баласының игілігі ретінде тарататын үш ұлы арнамыз. Осыларды зерттеп тану үшін бізге ағылшын келмейді, үнді келіп қол ұшын бермейді. Оны соларға таныту біздің міндетіміз. Таныттыру үшін жағдай жасау – парламентіміздің, үкіметіміздің парызы. Менің көкейімде, шіркін-ай әркім өз ісімен кәнігі, кәсіби түрде айналысса ғой деген тілек жатады. Өкінішке қарай, мынаған істі сеніп тапсыруға болады дейтін мәдениет зерттеушісі бізде жоқтың қасы. Бәлкім енді тәрбиеленер, енді болар. Әзірше шын жоғары білімді, әлем мәдениет зерттеушілерін, олардың ғылыми мекемелерін қанағаттандыратын мәдениет зерттеушісі бізде жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын республикамызда Йассауидің дүние жүзілік конгресі болып өтті. Сонда менің байқағаным, қазақ халқында теолог, яғни дін зерттеушісі жоқ екен. Бұл – мәдениетсіздіктің классикалық көрінісі. – Ақселеу Сланұлы, мәдениет саласында өзіңіз айтып отырған кем-кетіктердің орнын толтыру үшін істі неден бастаған жөн деп ойлайсыз? – Жалпы мәдениет туралы алдымен бір нәрсені қолға алу керек болса біздің республикада мәселені кітапхана ісін жолға қоюдан бастаған жөн. Жақында жолым түсіп Қарағанды қаласында болған едім. Сонда сізге өтірік, маған шын Қарағандының жуан ортасындағы Нұркен Әбдіров көшесіне орналасқан миллиондаған кітап қоры бар жасөспірімдер кітапханасында жиырма дана қазақ кітабы барын көрдім. Сайып келгенде адамзат баласының ең ізгі тіршіліктерінің барлығы мәдениетті көгертуге негізделген. Мейлі экономика болсын, юриспруденция болсын, дипломатия болсын, шаруашылықтың неше түрін жүргізу болсын, мұның бәрі, түптеп келгенде, мәдениетке тіреледі. Осы уақытқа дейін мәдениет дегеннің анықтамасы Одақта былай айтылды: адамзат қолынан шыққанның бәрі мәдениеттің игілігі. Мынадай сұрақ туындайды. Адамзат баласының қолынан шыққан атом, нейтрон бомбасы, химиялық қару, адамзат баласының қолымен жасалып, ақыл-ойынан өрбіген фашизм, иә болмаса орта ғасырлардағы кісіні өлтіруге, азаптауға, ұлтты жоюға бағытталған иезуиттік тұжырымдамалар, кісіліктің бәрін жоқ қылып, құлқынның ғана қамын ойлайтын қасқырлық психологияны дарытатын тұжырымдамалар. Демек, біздің елде мәдениеттің өзінің теориялық тұғырнамасы дұрыс емес. Бұл неден шықты? Бұл Одақта тезірек социализм орнатып, тезірек коммунизмге жетіп, ұлт дегенді жойып, тілдің тезірек тұтасуына қол жеткізе қояйық деген, мейлінше жарымжан, мейлінше қысқабақай, мейлінше үстірт ұғымнан туындаған. Мұның керісінше мәдениет деген неғұрлым әр текті, неғұрлым әр ұлтты болса, соғұрлым жарыс көбейіп, соғұрлым бір-біріне сүйсіну көбейеді емес пе?! Соғұрлым өмір қызық, соғұрлым Вернадский айтқандай, жердің адам жасаған мәдени аясы мейлінше қызғылықты бола түспек. Олай болса, бүгінгі қайта құру заманының адамгершілікке, ізгілікке негізделген заңдарымен қарулана отырып, осындай шынайы мәдениет жасаудың тізгінін қолға алайық. Онда ғасырлар бойы тұншығып келген қазақ халқының мәдениеті де өзінің лайықты орнына ие болсын. – Мазмұнды әрі танымдық тұрғыдан пайдалы әңгімеңіз үшін көп рақмет.         («Ақиқат» журналы. № 9, 1991 жыл)
24.07.2013 05:22 3419

– Жаңа өзіңіз атаған үш саланың біреуі – сөз өнерін дамытудың тетігі өз қолыңызда емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба бөліміне басшылық жасай бастағаныма бес-алты айдың жүзі болды. Жоғарыда айтқан үш арнаның бір арнасына бас ие болып отырмын дей аламын. Бөлімде жүз мың қолжазба сақтаулы. Қазақ халқының бүкіл тарихы, моралі, этикасы, ғылымы, дүниетанымы сол қолжазбада тұр. Міне, осынау асыл мұраға бірінші кезекте мән берген жөн сияқты.

Осы ойымды сабақтастыра келіп және бір мысал айтайын. Орыс халқында «Игорь жасағы туралы жыр» дейтін жалғыз ғана эпикалық туынды бар. Жалғыз ғана дегенді мен кездейсоқ айтып отырған жоқпын. Басқа тарихи жырлар бар. Бірақ олар анаған астар бола алмайды. Бізде «Игорь жасағы туралы жырмен» иықтасатын мыңға тарта шығарма бар екен. Біздің мәдениетіміздің ауқымына осы тұрғыдан қарау керек. «Игорь жасағы туралы жырға» арнап жазылған ғылыми еңбектер мыңға тартады. Ал біздің фольклорымыз туралы ғылыми деңгейде жасалған еңбектер саусақпен санарлықтай ғана.

Ал қол өнерімізді қараңыз. Бір киіз үйдің бойында сүйектің, киіздің, шидің, ағаштың, мүйіздің, металдың қосындысынан жасалған көшпелі архитектура тұнып тұр. Онда халықтың дүниетанымы да бар, онда халықтың географиялық бағдары да жатыр, онда халықтың экологиялық жүйеге бейімделуі де көрініс береді, ақыр аяғында онда халықтың бүкіл моральдық-этикалық нормалары тұр. Киіз үйді оқи алған адам сөйлейді, ал оқи алмаған адам оған экзотикалық зат ретінде қараумен ғана шектеледі.

Ұлттық музыканың да ауқымы ұшан-теңіз. Бізде алты мың күй бар. Авторлық күйлеріміз Қорқыттан басталады. Бұл – ҮІІІ ғасыр. Содан бергі бір ғасырымыз бос емес. Қай ел авторлық композиторларын ҮІІІ ғасырдан көрсете алар еді? Бұл мәдениетіміздің құдыретті үлгісі. Бұл дүние жүзін таңқалдырған салт атты көшпелілер өркениеті тарих сахнасынан кеткеннен кейін адамзат баласының игілігі ретінде тарататын үш ұлы арнамыз. Осыларды зерттеп тану үшін бізге ағылшын келмейді, үнді келіп қол ұшын бермейді. Оны соларға таныту біздің міндетіміз. Таныттыру үшін жағдай жасау – парламентіміздің, үкіметіміздің парызы.

Менің көкейімде, шіркін-ай әркім өз ісімен кәнігі, кәсіби түрде айналысса ғой деген тілек жатады. Өкінішке қарай, мынаған істі сеніп тапсыруға болады дейтін мәдениет зерттеушісі бізде жоқтың қасы. Бәлкім енді тәрбиеленер, енді болар. Әзірше шын жоғары білімді, әлем мәдениет зерттеушілерін, олардың ғылыми мекемелерін қанағаттандыратын мәдениет зерттеушісі бізде жоқ.

Осыдан біраз уақыт бұрын республикамызда Йассауидің дүние жүзілік конгресі болып өтті. Сонда менің байқағаным, қазақ халқында теолог, яғни дін зерттеушісі жоқ екен. Бұл – мәдениетсіздіктің классикалық көрінісі.

– Ақселеу Сланұлы, мәдениет саласында өзіңіз айтып отырған кем-кетіктердің орнын толтыру үшін істі неден бастаған жөн деп ойлайсыз?

– Жалпы мәдениет туралы алдымен бір нәрсені қолға алу керек болса біздің республикада мәселені кітапхана ісін жолға қоюдан бастаған жөн. Жақында жолым түсіп Қарағанды қаласында болған едім. Сонда сізге өтірік, маған шын Қарағандының жуан ортасындағы Нұркен Әбдіров көшесіне орналасқан миллиондаған кітап қоры бар жасөспірімдер кітапханасында жиырма дана қазақ кітабы барын көрдім.

Сайып келгенде адамзат баласының ең ізгі тіршіліктерінің барлығы мәдениетті көгертуге негізделген. Мейлі экономика болсын, юриспруденция болсын, дипломатия болсын, шаруашылықтың неше түрін жүргізу болсын, мұның бәрі, түптеп келгенде, мәдениетке тіреледі. Осы уақытқа дейін мәдениет дегеннің анықтамасы Одақта былай айтылды: адамзат қолынан шыққанның бәрі мәдениеттің игілігі. Мынадай сұрақ туындайды. Адамзат баласының қолынан шыққан атом, нейтрон бомбасы, химиялық қару, адамзат баласының қолымен жасалып, ақыл-ойынан өрбіген фашизм, иә болмаса орта ғасырлардағы кісіні өлтіруге, азаптауға, ұлтты жоюға бағытталған иезуиттік тұжырымдамалар, кісіліктің бәрін жоқ қылып, құлқынның ғана қамын ойлайтын қасқырлық психологияны дарытатын тұжырымдамалар.

Демек, біздің елде мәдениеттің өзінің теориялық тұғырнамасы дұрыс емес. Бұл неден шықты? Бұл Одақта тезірек социализм орнатып, тезірек коммунизмге жетіп, ұлт дегенді жойып, тілдің тезірек тұтасуына қол жеткізе қояйық деген, мейлінше жарымжан, мейлінше қысқабақай, мейлінше үстірт ұғымнан туындаған. Мұның керісінше мәдениет деген неғұрлым әр текті, неғұрлым әр ұлтты болса, соғұрлым жарыс көбейіп, соғұрлым бір-біріне сүйсіну көбейеді емес пе?! Соғұрлым өмір қызық, соғұрлым Вернадский айтқандай, жердің адам жасаған мәдени аясы мейлінше қызғылықты бола түспек. Олай болса, бүгінгі қайта құру заманының адамгершілікке, ізгілікке негізделген заңдарымен қарулана отырып, осындай шынайы мәдениет жасаудың тізгінін қолға алайық. Онда ғасырлар бойы тұншығып келген қазақ халқының мәдениеті де өзінің лайықты орнына ие болсын.

– Мазмұнды әрі танымдық тұрғыдан пайдалы әңгімеңіз үшін көп рақмет.        

(«Ақиқат» журналы. № 9, 1991 жыл)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға