Жаңалықтар

Ресей қазақтары арасындағы батырлар туралы көп ештеңе айтылмай келеді

Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде Ұлы Отан соғысы аяқталғалы, міне, табаны күректей 68 жыл өтті. Ал, енді осы сұрапыл соғыс шежіресі беттерін парақтағанда, әлі де болса айтылмаған сөз, ашылмаған құпиялар көп екеніне көз жеткізесің. Басқаны былай қойғанда, күні бүгінге дейін осы қанды шайқасқа қанша қазақстандық қатысқанын, олардың қаншасы қаза тауып, қаншасы тірі қалғанын да дөп басып айта алмай келе жатырмыз.  Оған кінәліні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін шатастырып жіберген Кеңес мемлекеті мен Ком­мунистік партия жүргізген идео­логия. Мысалы, И.В.Сталин кезінде КСРО халықтары Ұлы Отан соғысында 7 млн. азаматынан айырылды десе, Н.С.Хрущев адам шығыны 12 млн. деді. Ал, Л.Бреж­нев заманында 15-20 млн. деп жүрдік. Ол, ол ма, 1991 жылы КСРО Қорғаныс министрі алапат соғыста опат болғандар са­нын 29 млн. адам деп көрсетті. Кейбір ғалымдар КСРО 40 млн.-ға жуық азаматынан айырылды де­генді де айтады. Міне, осындай жайларды ес­ке­ріп біз соғыс тарихы әлі толық ашылған жоқ дейміз. Мысалы, қан­ша адам тұтқынға түсті, қаншасы неміс жағында соғысты, соның да анығын айта алмай келеміз. 2011 жылғы 7 мамырда «Еге­мен Қазақстан» газетінде жазушы Пернебай Дүйсенбин Ұлы Отан соғысы кезінде 103 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды деген деректі оқырмандар назарына ұсынды (Кеңес дәуірінде 96-98 деп көрсетілген). Осы мәліметтерді қарап отырып, маған тарихшы маман ретінде көптеген ой келеді. Мысалы, осы­ батыр­лардың біразы Кеңес үкі­меті кезінде 1920-1922, 1928-1933 жылдардағы аштықты бастан өт­кізген әке-шешелері қуғын-сүр­гінге ұшыраған жандар. Біздің батыр қыздарымыз – Шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлияның биографиясына тереңірек үңілсек, Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы сталиндік лагерьде атылды. Мәншүк әкесінің қудаланғанын да, ұсталғанын да, әрине, білген (Ол кезде Мәншүк (Мәнсия) туыс­тарының қолында болған). Бірақ Мәншүк әкесінің атылғанын білмеген, қайта соғыста ерлігіммен көзге түссем әкемді ақтар деп ойлаған сияқты. Осындай оймен өздері тіленіп, соғысқа аттанғандар аз болмаған. Солардың бірі Смағұл Сәдуақасовтың баласы мен Әлихан Бөкейханұлының немересі Ескендір. Ол 1941 жылы Мәскеуді қорғаймын деп соғысқа кетіп, қаза тапқан. Әлия Молдағұлованың шын фамилиясы Сарқұлова деп көр­се­теді ақтөбелік тарихшылар. Әкесі ауқатты отбасынан шыққан, «тап жауы» деп қудалауға ұшыраған. Бәлкім, 30-жылдардағы шаруалар көтерілісіне де қатысқан болар?! Сол нәубет жылдары Әлия мен інісін жетегіне алып, балалары үшін жанұшырып жүрген Маржан апайды бір мекеменің жанында картоп жинаймын дегенде қарауыл атып тастаған. Осы­лай аяқ астынан жетім қалған екі сәбиді Әлияның нағашы әжесі ұлы Әубәкір Молдағұловқа беріп жіберген. Інісі қайтыс болған Әлияны Әубәкір нағашысы өз фамилия­сына ауыстырып Ленинградқа оқуға түскен кезінде бірге ала кеткен. Әлияның Ленинград балалар үйінде тәрбиеленуінің сыры осында. Мұндай деректерді жан-жақты зерттеп, нүктесін қоятын мезгіл жетті деп ойлаймын. Тарихшылар арасында дау туғызып жүрген тағы бір жағдай – 28-панфиловшылардың ерлігі. Панфиловшылардың Мәскеу түбінде ерлік жасағандары рас. Бірақ Дубосеково түбінде 56 неміс танкісін тек қана 28 (жалпы басында олар 29 деп аталған, старшина Добробабинді қосқанда) панфиловшы қиратқан жоқ. Ауыр кезең, елдің рухын көтеру керек. Сонымен, журналист Кривицкий 28-29-ды «Красная звезда» газетінде атаған соң, жоғары жақтан бәріне «Батыр» атағы берілсін деген нұсқау түскен. Олардың арасында Данил Кужабергенов та болды. Біреулер оны балалар үйінде тәрбиеленген қазақ баласы дейді. Ал басқалары әкесі қазақ, шешесі орыс, сондық­тан аты орысша болған дейді. Д.Кужабергенов жараланып тұт­қынға түскен, осыған байланыс­ты оны «опасыз» деп жариялап, «Батыр» атағын сол дивизияның жауынгері Асқар Қожабергеновке береді. Д. Кужабергенов соғыстан аман оралып, көп жыл Алматы қаласында тұрды, қарапайым жұ­мыс­шы болды. Соғыс аяқталғаннан кейін журналист А.Кривицкийді, Д.Кужабергеновті НКВД талай тер­геген, бірақ ақиқат айтылмай, жа­булы қазан жабулы күйінде қалды. Кезінде «Қазақ ұлттық энциклопедиясы» біршама ақпарат жинап (5 том), 100-ге тарта қазақ батыры бар деп жазған болатын. 339-бетте Қеңес Одағының Батыры атағын алған 11 қазақ рес­публикадан тыс жерде туған деп көрсетілген еді. Жақында Омбы қазақтарымен кездескен кезде олардың Омбы қазақтарының энциклопедиясын жасау үстінде екенін естіп қуанып қалдық. Дайындаушы – Игілік Тұрсынов және тарихшы профессор Зиябек Қабылдинов. Олар берген деректер ішінде Төлеу Сәрсембаев деген азамат туралы оқып, таң қалдым. Төлеу Сәрсембаев – 1921 жылы Қарағаш ауылында туған, Омбы облысы Нововаршавский (Черлак) ауданынан әскерге шақыртылған. Радист-ұшқыш Төлеу Сәрсембаев Иркутск әскери училищесін бітірген. Елде қал­ған Қайрат деген ағасына хат жазып тұрған. Бір хатында «өртенген самолетті жерге қон­дыр­дым» деп жазған. Украина аспа­нында «Хутор Михайловское» стан­сасы жанында болған қанды ұрыста ұшағымен неміс эшалонына түскен. 1943 жылы 21 шілде күні М. Воронковтың әуе эска­дрильясының құрамында болған Төлеуден «эшалонға беттедік» деген соңғы хабар келіп жеткен. Қаза тапқан Төлеу Сәрсембаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын. Омбылық қарапайым қазақ Алмұқ Майемеров Даңқ орденінің үш дәрежесін де алған. Даңқ орденінің 3 дәрежесін алған солдат Кеңес Одағының Батырына теңелетін. Соғысқа Москаленко ауданы Жаңа ауылдан (Ебейті көлі жағында) аттанған. Ленинград пен Волхов маңайында соғысқан, ұрыс даласында ерлігімен танылған Алмұқ ағамыз соғыстан аман елге қайтып, қарапайым механизатор болып өткен екен. Омбылық Дүйсеке Мүсетов пен Лұғат (Люкот) Серікбайұлы Сағындықов – Социалистік Еңбек Ері атанған қазақ батырлары. Бейіскенов Ескендір Құр­­ман­ғалиұлы – Омбы облысы­ Шар­бақкөл ауданы Қопа ауылы­ның тумасы. Даңқ орденінің толық кавалері. 30-жылдары отбасымен бірге көрші ауданға көшіп барып, Бұланкөл ауылында тұрған. Ескендір Құрманғалиұлының құр­метіне өзі тұрған ауылда­ ескерт­кіш тұрғызылған. Бір таң­ғалатын жай, Е.Бейіскеновтің туыстарының барлығы – ер-азаматтар кеңес билігі тарапынан қуғынға ұшыраған. Өкінішке қарай, осындай азаматтардың аттары Ресейде көп айтылмайды. Қазақстан зерттеушілері де оларды естен шығарып алған сияқты. Менің естуімше, Алтай өңірінде де 2-3 қазақ Батыр атағын алған, олар туралы да ешкім тіс жармайды. Ресейдің бізбен шекаралас Астрахань, Саратов, Волгоград, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен, Барнаул облыстарынан мыңдаған қазақ соғысқа аттанған. Олардың тағдыры не болды? Бізге беймәлім. Іздеп жатқан адам жоқ. Тарихтан атақты 316-шы Панфилов дивизиясымен қатар Мәскеуді қорғауға бірнеше Сібір дивизияларының қатысқанын білеміз. Оның арасында полковник (кейін генерал) А.П.Белобородов басқарған дивизияның құрамында көптеген қазақтар болғаны мәлім. Мысалы, Омбы облысына қарасты Қарағаш ауылының (бұрынғы Қопа ауылы) тұрғыны Бектұровтың отбасынан 9 ұл соғысқа кетсе, олардың сегізі – Сейпі, Темірғали, Қара, Балта, Соғымбай, Ғалинұр, Ерғали, Ахмет от пен оқтың арасынан оралмады, тек бір ұлы ғана аман қалды. Ұлдарын жоғалтқан анасы уайымнан көзден айырылған, зағип болған. Сол сияқты, Қаратал ауылында тұрған Асылбеков отбасынан 9 ұл соғысқа кетіп, біреуі де оралмаған, әкелері болса, репрессиядан қаза тапқан. Осындай қасіретті еске алғанда біз заман сондай болды деп жұмсартуға тырысамыз. Менің ойымша, сол азаматтардың өмірлерінің ойыншыққа айналғанына заман емес, кеңестік жүйе кінәлі. Билікке жеткен большевиктік номенклатура (бюрократия) елде жаппай репрессия арқылы талай адамдардың өмірін қиды. Төніп тұрған қауіпті ескермей, фашистік Германиямен соғысқа дайындалмай миллиондаған адамдарды құрбандыққа шалды. Ал ең сорақысы, сол соғыста жеңіп шыққан қарапайым азаматтар ұмыт қалып, олардың ерлігі мен өрлігін паш етудің орнына жалған аңыздарды таратты.   Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.  Егемен Қазақстан
18.07.2013 03:33 3256

Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде Ұлы Отан соғысы аяқталғалы, міне, табаны күректей 68 жыл өтті. Ал, енді осы сұрапыл соғыс шежіресі беттерін парақтағанда, әлі де болса айтылмаған сөз, ашылмаған құпиялар көп екеніне көз жеткізесің. Басқаны былай қойғанда, күні бүгінге дейін осы қанды шайқасқа қанша қазақстандық қатысқанын, олардың қаншасы қаза тауып, қаншасы тірі қалғанын да дөп басып айта алмай келе жатырмыз. 

Оған кінәліні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін шатастырып жіберген Кеңес мемлекеті мен Ком­мунистік партия жүргізген идео­логия. Мысалы, И.В.Сталин кезінде КСРО халықтары Ұлы Отан соғысында 7 млн. азаматынан айырылды десе, Н.С.Хрущев адам шығыны 12 млн. деді. Ал, Л.Бреж­нев заманында 15-20 млн. деп жүрдік. Ол, ол ма, 1991 жылы КСРО Қорғаныс министрі алапат соғыста опат болғандар са­нын 29 млн. адам деп көрсетті. Кейбір ғалымдар КСРО 40 млн.-ға жуық азаматынан айырылды де­генді де айтады.
Міне, осындай жайларды ес­ке­ріп біз соғыс тарихы әлі толық ашылған жоқ дейміз. Мысалы, қан­ша адам тұтқынға түсті, қаншасы неміс жағында соғысты, соның да анығын айта алмай келеміз.
2011 жылғы 7 мамырда «Еге­мен Қазақстан» газетінде жазушы Пернебай Дүйсенбин Ұлы Отан соғысы кезінде 103 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды деген деректі оқырмандар назарына ұсынды (Кеңес дәуірінде 96-98 деп көрсетілген).
Осы мәліметтерді қарап отырып, маған тарихшы маман ретінде көптеген ой келеді. Мысалы, осы­ батыр­лардың біразы Кеңес үкі­меті кезінде 1920-1922, 1928-1933 жылдардағы аштықты бастан өт­кізген әке-шешелері қуғын-сүр­гінге ұшыраған жандар. Біздің батыр қыздарымыз – Шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлияның биографиясына тереңірек үңілсек, Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы сталиндік лагерьде атылды. Мәншүк әкесінің қудаланғанын да, ұсталғанын да, әрине, білген (Ол кезде Мәншүк (Мәнсия) туыс­тарының қолында болған). Бірақ Мәншүк әкесінің атылғанын білмеген, қайта соғыста ерлігіммен көзге түссем әкемді ақтар деп ойлаған сияқты. Осындай оймен өздері тіленіп, соғысқа аттанғандар аз болмаған. Солардың бірі Смағұл Сәдуақасовтың баласы мен Әлихан Бөкейханұлының немересі Ескендір. Ол 1941 жылы Мәскеуді қорғаймын деп соғысқа кетіп, қаза тапқан.
Әлия Молдағұлованың шын фамилиясы Сарқұлова деп көр­се­теді ақтөбелік тарихшылар. Әкесі ауқатты отбасынан шыққан, «тап жауы» деп қудалауға ұшыраған. Бәлкім, 30-жылдардағы шаруалар көтерілісіне де қатысқан болар?! Сол нәубет жылдары Әлия мен інісін жетегіне алып, балалары үшін жанұшырып жүрген Маржан апайды бір мекеменің жанында картоп жинаймын дегенде қарауыл атып тастаған. Осы­лай аяқ астынан жетім қалған екі сәбиді Әлияның нағашы әжесі ұлы Әубәкір Молдағұловқа беріп жіберген. Інісі қайтыс болған Әлияны Әубәкір нағашысы өз фамилия­сына ауыстырып Ленинградқа оқуға түскен кезінде бірге ала кеткен. Әлияның Ленинград балалар үйінде тәрбиеленуінің сыры осында. Мұндай деректерді жан-жақты зерттеп, нүктесін қоятын мезгіл жетті деп ойлаймын.
Тарихшылар арасында дау туғызып жүрген тағы бір жағдай – 28-панфиловшылардың ерлігі. Панфиловшылардың Мәскеу түбінде ерлік жасағандары рас. Бірақ Дубосеково түбінде 56 неміс танкісін тек қана 28 (жалпы басында олар 29 деп аталған, старшина Добробабинді қосқанда) панфиловшы қиратқан жоқ. Ауыр кезең, елдің рухын көтеру керек. Сонымен, журналист Кривицкий 28-29-ды «Красная звезда» газетінде атаған соң, жоғары жақтан бәріне «Батыр» атағы берілсін деген нұсқау түскен. Олардың арасында Данил Кужабергенов та болды. Біреулер оны балалар үйінде тәрбиеленген қазақ баласы дейді. Ал басқалары әкесі қазақ, шешесі орыс, сондық­тан аты орысша болған дейді. Д.Кужабергенов жараланып тұт­қынға түскен, осыған байланыс­ты оны «опасыз» деп жариялап, «Батыр» атағын сол дивизияның жауынгері Асқар Қожабергеновке береді. Д. Кужабергенов соғыстан аман оралып, көп жыл Алматы қаласында тұрды, қарапайым жұ­мыс­шы болды. Соғыс аяқталғаннан кейін журналист А.Кривицкийді, Д.Кужабергеновті НКВД талай тер­геген, бірақ ақиқат айтылмай, жа­булы қазан жабулы күйінде қалды.
Кезінде «Қазақ ұлттық энциклопедиясы» біршама ақпарат жинап (5 том), 100-ге тарта қазақ батыры бар деп жазған болатын. 339-бетте Қеңес Одағының Батыры атағын алған 11 қазақ рес­публикадан тыс жерде туған деп көрсетілген еді.
Жақында Омбы қазақтарымен кездескен кезде олардың Омбы қазақтарының энциклопедиясын жасау үстінде екенін естіп қуанып қалдық. Дайындаушы – Игілік Тұрсынов және тарихшы профессор Зиябек Қабылдинов. Олар берген деректер ішінде Төлеу Сәрсембаев деген азамат туралы оқып, таң қалдым. Төлеу Сәрсембаев – 1921 жылы Қарағаш ауылында туған, Омбы облысы Нововаршавский (Черлак) ауданынан әскерге шақыртылған. Радист-ұшқыш Төлеу Сәрсембаев Иркутск әскери училищесін бітірген. Елде қал­ған Қайрат деген ағасына хат жазып тұрған. Бір хатында «өртенген самолетті жерге қон­дыр­дым» деп жазған. Украина аспа­нында «Хутор Михайловское» стан­сасы жанында болған қанды ұрыста ұшағымен неміс эшалонына түскен. 1943 жылы 21 шілде күні М. Воронковтың әуе эска­дрильясының құрамында болған Төлеуден «эшалонға беттедік» деген соңғы хабар келіп жеткен. Қаза тапқан Төлеу Сәрсембаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын.
Омбылық қарапайым қазақ Алмұқ Майемеров Даңқ орденінің үш дәрежесін де алған. Даңқ орденінің 3 дәрежесін алған солдат Кеңес Одағының Батырына теңелетін. Соғысқа Москаленко ауданы Жаңа ауылдан (Ебейті көлі жағында) аттанған. Ленинград пен Волхов маңайында соғысқан, ұрыс даласында ерлігімен танылған Алмұқ ағамыз соғыстан аман елге қайтып, қарапайым механизатор болып өткен екен.
Омбылық Дүйсеке Мүсетов пен Лұғат (Люкот) Серікбайұлы Сағындықов – Социалистік Еңбек Ері атанған қазақ батырлары.
Бейіскенов Ескендір Құр­­ман­ғалиұлы – Омбы облысы­ Шар­бақкөл ауданы Қопа ауылы­ның тумасы. Даңқ орденінің толық кавалері. 30-жылдары отбасымен бірге көрші ауданға көшіп барып, Бұланкөл ауылында тұрған. Ескендір Құрманғалиұлының құр­метіне өзі тұрған ауылда­ ескерт­кіш тұрғызылған. Бір таң­ғалатын жай, Е.Бейіскеновтің туыстарының барлығы – ер-азаматтар кеңес билігі тарапынан қуғынға ұшыраған.
Өкінішке қарай, осындай азаматтардың аттары Ресейде көп айтылмайды. Қазақстан зерттеушілері де оларды естен шығарып алған сияқты. Менің естуімше, Алтай өңірінде де 2-3 қазақ Батыр атағын алған, олар туралы да ешкім тіс жармайды. Ресейдің бізбен шекаралас Астрахань, Саратов, Волгоград, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен, Барнаул облыстарынан мыңдаған қазақ соғысқа аттанған. Олардың тағдыры не болды? Бізге беймәлім. Іздеп жатқан адам жоқ.
Тарихтан атақты 316-шы Панфилов дивизиясымен қатар Мәскеуді қорғауға бірнеше Сібір дивизияларының қатысқанын білеміз. Оның арасында полковник (кейін генерал) А.П.Белобородов басқарған дивизияның құрамында көптеген қазақтар болғаны мәлім. Мысалы, Омбы облысына қарасты Қарағаш ауылының (бұрынғы Қопа ауылы) тұрғыны Бектұровтың отбасынан 9 ұл соғысқа кетсе, олардың сегізі – Сейпі, Темірғали, Қара, Балта, Соғымбай, Ғалинұр, Ерғали, Ахмет от пен оқтың арасынан оралмады, тек бір ұлы ғана аман қалды. Ұлдарын жоғалтқан анасы уайымнан көзден айырылған, зағип болған. Сол сияқты, Қаратал ауылында тұрған Асылбеков отбасынан 9 ұл соғысқа кетіп, біреуі де оралмаған, әкелері болса, репрессиядан қаза тапқан.
Осындай қасіретті еске алғанда біз заман сондай болды деп жұмсартуға тырысамыз. Менің ойымша, сол азаматтардың өмірлерінің ойыншыққа айналғанына заман емес, кеңестік жүйе кінәлі. Билікке жеткен большевиктік номенклатура (бюрократия) елде жаппай репрессия арқылы талай адамдардың өмірін қиды. Төніп тұрған қауіпті ескермей, фашистік Германиямен соғысқа дайындалмай миллиондаған адамдарды құрбандыққа шалды. Ал ең сорақысы, сол соғыста жеңіп шыққан қарапайым азаматтар ұмыт қалып, олардың ерлігі мен өрлігін паш етудің орнына жалған аңыздарды таратты.

 

Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының
директоры, тарих ғылымдарының
докторы, профессор. 


Егемен Қазақстан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға