Алматыда «Жас түлек» фестивалі өтіп, оның аясында 164 оқушыға «Алтын белгі» мен 54 оқушыға үздік аттестат табысталды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы алғанда, 2013 жылы 6998 алматылық оқушы мектеп бітірген.
Салтанатты шараны қала әкімі Ахметжан Есімов ашты. Қала басшысы түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтап, олардың өз ата-аналары мен мұғалімдерінің артқан үміттерін ақтап шыққанын атап өтті.
«ҰБТ қорытындысына сәйкес, біздің қала осымен екінші рет республика бойынша бірінші орынды иеленіп отыр. Сонымен қатар Алматының командасы олимпиадаларда, республикалық және халықаралық жарыстарда үнемі алда жүреді. Еліміздің ең ірі қаласында білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында жақсы жұмыстар жасалып жатыр, сол жастар мемлекетіміз бен қаламыздың туын жықпай, биік ұстайды деген сенімдемін», - деді Ахметжан Есімов.
Биыл, бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Алматы 87 балл жинаған. Мемлекет бойынша орташа көрсеткіш 74 балл.
Салтанатты шара барысында қала әкімі түлектерге аттестаттар мен «Алтын белгілерін» тапсырды. 28 түлек, оның ішінде арнайы коррекциялық мекеме оқушыларына, қала басшысы Алматы ЖОО-ларына оқу гранттарын табыс етті.
Соңыра кешегі мектеп оқушыларын қазақ эстрадасының жұлдыздары, жастар тобы, теле-радио арналар құттықтады. Мерекелік кеш керемет пиротехникалық шоумен қорытындыланды.
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға