LXІІІ бөлім
Жазушы Әнуар Әлiмжановтың шығармалары республика көлемiне ғана емес, шетелдерге де кеңiнен таныс. Өзiнiң талантты туындылары арқылы ол Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттiк сыйлығына және Халықаралық Джавахарлал Неру атындағы сыйлыққа ие болды. Бұл әсте де кездейсоқ құбылыс емес, қаламгердiң ұдайы iзденуiнiң, көп еңбектенуiнiң, алдындағы парызын терең түсiнуiнiң нәтижесi.
Ә.Әлiмжанов—шығармаларында бүгiнгi тақырып пен тарихи тақырыпты қатар қамтып, iштей ұштастырған жазушы. Бұл оның шығармашылық келбетiн айқындайтын аса қызғылықты сипаттардың бiрi. Қазiргi дәуiрдiң мәселелерiн әңгiмелейтiн шығармаларында жазушы өткен заман тәжiрибесiн сақтап, солардың арасынан үзiлмес байланыс тапса, тарихи адамдар өмiрiн сөз еткенде осы заманның дiлгiр адамгершiлiк сауалдары мен мұқтаждарын алға тартып отырады. Сондықтан да кей кезде ондай туындылардың тақырыптық шекарасын белгiлеу оңайға соқпайды. Көптеген кейiпкерлерге тән бiр ерекшелiк—олардың кең ойлайтындығы, қадым ғасырлар ақиқатын бiрлестiрiп, салыстырып тексеруге қабiлеттiлiгi, бүгiнгi күннiң зәру проблемаларына өте ықыласты, зерек қарайтындық. Бұл және басқа қасиеттер Ә.Әлiмжанов прозасының өзiндiк қайталанбас нақышын, маңызы мен бағытын, орнын айқындайды. Ә.Әлiмжановтың қаламына хас идеялық-көркемдiк ерекшелiктер оның алғашқы көлемдi шығармаларынан-ақ бой көрсеткен едi. Мәселен, ол алпысыншы жылдардың бас кезiнде жарияланған “Күнге қарай бет алған керуен”, “Көгiлдiр таулар” повестерiнде заманымыздың биiк саналы, өнегелi, озық зейiндi жас қауым өкiлдерiнiң тартымды тұлғасын жасады. Тақырыптық жағынан да, ортақ кейiпкерi жағынан да бiр-бiрiне ұласып жатқан бұл повестер кезiнде әдебиетiмiздiң құбылысы боп танылған.
“Күнге қарай бет алған керуен” өзiнiң мазмұны жағынан өзге де қазақ жазушыларының шығармаларымен кей тарапта үндес едi. Соғыстан кейiнгi өмiрдiң ауыртпалықтары, әкесi нақақ кiнәланған жастың қиын өмiрi, көрген жәбiр-жапасы, шаруашылығы тұралап қалған ұжымшарлардың халiн көтеру мәселесi, оқу бiтiрiп, мамандық алған ауыл жастарының iске құлшына кiрiсуi секiлдi мәселелер түрлi жанрдағы туындыларда азды-көптi орын тепкен. Дегенмен, аталған повестiң кейiпкерлерi бойында өзгелерге ұқсамайтын “iрiлiк те” ұшырайды. Ол—бiлуге деген құштарлық, өздерiне дейiнгi ақыл-ой биiгiн меңгеруге ұмтылушылық, халық тарихындағы көмескi немесе мұлде жұмбақ жайларға жауап айтуға деген iңкәрлiк, өмiрдегi кедергiлер мен кеселдердi жеңуге бел буғандық. Шынында, сөздерi парасатқа, тұла бойы жасампаздыққа бейiм кейiпкерлер қатарын әкелу әдебиет үшiн сонылық та, игiлiк те болатын.