ХХІІ бөлім
С.Жүнiсов өзiнiң “Жапандағы жалғыз үй” романында замандастарының жарқын бейнесiн суреттей отырып, тартымды оқиға желiсi арқылы олардың от жүректi отаншылдығын, туған жерге деген сүйiспеншiлiгiн, ел байлығын арттыру жолындағы ерен еңбектерiн тартымды тiлмен баяндап берудi мақсат еткен.
Автор осы бiр игi мақсатын орындай да алған. Олай дейтiнiмiз, автордың жаңағы бiз айтқан өзектi ойы романның өн бойына өрiлiп, шығарма идеясын шырайландыра түскен. Сюжет қызықты, оқиға қою. Басты кейiпкерлер жан-жақты бейнеленген.
Жазушының жақсы бiр табысы өзi таңдап алған өзектi тақырыпты еркiн игере алғандығында. Автор тың игеруге байланысты шаруашылық мәселелерiнен гөрi адам психологиясына, өз кейiпкерлерiн жан-жақты суреттеп жақсы даралауға күш салған.
Жазушы тың игеру дала келбетiн ғана өзгертiп қоймай, адамдар психологиясына да үлкен өзгерiстер әкелгендiгiн жапандағы жалғыз үйдегi бiр отбасының тағдыры арқылы көрсеткен. Қарасай қожалық еткен бұл үйдiң тарихы – ескi тарих. Жапандағы жалғыз үйдiң күйреуi, сол үйдi мекен еткен адамдар санасындағы өзгерiстер және тың жердегi ерлiкке тең еңбек фонында суреттелген далаға келген жаңалықтарды автор жазушылық жалынмен оқушының алдына жарқыратып жайып салған. Романның бас кейiпкерi Райхан Сұлтанова өмiрдiң талай тауқыметiн басынан өткiзсе де жаымаған қайсар адам. Отызыншы жылдардың басында туған атырабына тұңғыш трактор әкелiп, алғаш жер жыртқан қайсар қыз абайсызда жапандағы жалғыз үйдiң қожасы Қарасайдың қанды қақпанына түстi. Райханның жақсы басталған жас өмiрi өзiнiң жарқын жалғасын таппады. Тағдыры тайғақ болған Райханның ұтымды штрихтары арқылы ұтқыр бейнеленген образы өз уақытының шындығын тапжылтпай танытады. Арада көп жыл өткен соң өзi туған жерге қоныс тепкен жаңа совхозға Райхан бас инженер болып келдi. Совхоздың белдi бiр маманы Райхан қашанда iс үстiнде көрiнедi. Оның қуаныш-күйiнiшiн қабат суреттеп, сом тұлғалы бейнесiн жасауда автор аянбай тер төккен.
Романдағы ерекше тоқтауды қажет ететiн екiншi бiр күрделi образ – Қарасай. Қарасайдың жарты ғасырлық өмiр жолынан бiр сәт көз жазбай суреттеген автор оны айлакерлiк пен арамдықтың, жауыздық пен зұлымдықтың, өзiмшiлдiк пен өктемдiктiң, сараңдық пен дүниеқоңыздықтың, айуандық пен жыртқыштықтың жиынтық бейнесi ретiнде көрсетедi. Автордың образ сомдаудағы жазушылық тәсiлi оңтайлы, мотивировкасы мықты. Сондықтан да бiз Қарасай сынды қанды шеңгел адамның, өзiнiң туған ұлы Жәлел жансыз жатқанда көзiне жас алудың орнына қойнындағы ақшаға жармасуы сияқты жан түршiгерлiк эпизодқа да сенемiз. Өйткенi автор өз кейiпкерiн осындай iс-әрекетке алдын-ала жақсы әзiрлеген. Сонау бiр жылдары кедей ауылдың аш-арықтарына аяушылық бiлдiрмей, күнi ертең орғалы отырған егiндерiне өрт салған Қарасай, өз байлығы үшiн туған баласының бағын байлаған Қарасай, Райхандай от қызды орға жыққан Қарасай… жаңағыдай зұлымдыққа тұла бойы түршiкпей барары сөзсiз.
Өмiрдiң iлгерiлеу заңын ешкiм де тоқтата алмақ емес. Өмiр өзiне өктемдiк жүргiзгiсi келiп қарсыласқан Қарасайды жерге қазықтай қағып жiбердi де, Ақбөпе, Халел, Дика сияқты жайсаң жандарды жарқын жағалауға шығарды. Ақбөпе тағдырында сонылық, шындық бар. Оның ерi Жалел әкесi Қарасайдың қыстауымен сауда жасап жүрiп жапан далада боранға Үшырады да, қайғылы қаза тапты. Екi бiрдей баласы мен ерiнен жас қалған жесiр келiншек жапандағы жалғыз үйде талай жапа шегiп өксiкке толы өмiр кештi. Сол қапастан Ақбөпенi алып шыққан, адам еткен қоғамның қозғаушы күшi. Дика, Халелдер жайлы да осыны айтуға болады.
“Жапандағы жалғыз үйде” драматизм, характерлер қақтығысы жеткiлiктi. Мұнда орыс пен қазақтың тамыры тереңде жатқан достығы да жарқын сурет, бедерлi бейне тапқан. Қазақ топырағына революциядан бұрын келген шаруа Григорий Федорович (Күргерей) және осы совхоздың директоры Федор Васильевич образдары осыған айғақ. Романда бұдан басқа да Дерягин, Оспан, Жантас, Қасиманов, Алакөзов, Тамара сияқты бiрнеше образдар бар. БҰлардың қай-қайсысы да сәттi жасалған.
Автордың суреттеу құралы бай. Ол әр тараудың аяғын жұмбақ қалдырып, жұмыр түйiп отырады. Мұның өзi оқиғаның қызықты, сюжеттiң тартымды болып, кiтаптың тез оқылуына көп әсер етедi /Досанов С. Соны iздер. Алматы: Жазушы, 1970. – 20-23-беттер/.