Жаңалықтар

Білім мен саясаттың бір-бірімен байланысы

ХХ-ХХІ ғасырлар қарсаңында білімнің мемлекеттік прогресстегі ерекше рөлінен бөлек, білім берудің өзінің көптеген қоғамдық факторларға тәуелді екендігі айқын бола бастады.
12.05.2015 03:32 5931

ХХ-ХХІ ғасырлар қарсаңында білімнің мемлекеттік прогресстегі ерекше рөлінен бөлек, білім берудің өзінің көптеген қоғамдық факторларға тәуелді екендігі айқын бола бастады. Ол факторларға саяси, экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық және басқа да факторлар жатады.

Көптеген қоғамдық құбылыстардың саясатпен байланысы саясаттанушылардың зерттеуінің басты пәні болып табылады, осы ретте білім беру саласы да көрсетілген тенденциядан тысқары емес.

Қазіргі қоғамда білім мен саясаттың өзара байланысы айдан анық. Білім беруге қоғамның, мемлекеттің болашағы, даму потенциалы тәуелді. Кез келген елдің экономикалық және соған сәйкес саяси тәуелсіздігі жаппай халыққа білім берусіз, профессорлық құрамды дайындаусыз мүмкін емес. Мәдени құндылықтар мен халықтың дәстүрін сіңіруге, патриотизмге ұлттық сезімнің жоғарылығына әсер ететін білім және осы білімсіз Отан мүддесіне берік азаматтардың қауымдастығын құру мүмкін емес. Кез келген қоғам тәрбиелеу және білім беру жүйесінің дәстүр талаптарына сай болуына және мемлекеттер мен қоғамдарға тән даму мен алға жылжушылықты қамтамасыз ету арқылы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүдделі.

   Теоретикалық және әдістік сараптама тұрғысынан білім мен саясаттың өзара қарым-қатынасының түрлі аспектілерін ашып көрсету үлкен маңызға ие. Осы салалардың өзара қарым-қатынаста ғана емес, екі бөлек қарасыру да маңызды болып саналады.

Білім саласы:

–       не кадрларды дайындап, интелектуалды, моральді-саяси потенциалды жасау арқылы мемлекет мүддесін іске асырып, оны күшейтеді;

–       не қоғамның осы компоненттерінің дамуын қамтамасыз етпейді, ал бұл өз кезегінде мемлекеттің әлсіреуіне, соның ішінде қоғамның саяси жүйесінің әлсіреуіне алып келеді.

Саяси билік:

–       білім саласының әрқашан дамып, қоғамның белгіленген бағыттардағы түрлі тапсырмаларын шешуі үшін қажетті жағдайларды жасайды;

–       білім саласындағы саяси стратегияларды, білім мәселелері бойынша заңнамаларды, қаржыландыру жүйесін жасайды және де осы білім саласын қоғамдық қолдауды қамтамасыз етеді.

Білім мен саясаттың бір-біріне әсері бар екені анықталды. Кез келген мемлекет білім саласына көңіл бөледі және оның дамуына мүдделі, яғни білім саласы оның бір бағыты.  Дегенмен әр мемлекетте білім жүйесі әртүрлі, оның бәрі оларға әсер ететін факторларға байланысты. Осы тақырыпқа байланысты жүргізілген факторлық сараптама негізінде төрт маңызды факторлар айқындалды.

Бірінші фактор. Білім жүйесінің дамуы мемлекеттегі саяси жүйеге, саяси режимге тікелей байланысты. Бұл саясаттың білімге әсерінің басты факторларының бірі болып саналады.

Авторитаризмге   не  тоталитаризмге негізделген саяси жүйеде білім саласында қатаң түрде мемлекеттік әкімшілік басқару байқалады және орталықтың білім институттарына әсері басым болады, яғни барлығы орталықтанған. Көпшілік жағдайда мұндай мемлекеттерде жекеменшік оқу орындары не мүлдем болмайды, не аз ғана мөлшерде болады және олардың жалпы білім жүйесіндегі орны ойып аларлықтай емес. Мәселен, КСРО кезінде балабақшадан бастап, мектеп, университет, ғылыми институттардың барлығы орталықтан басқарылды, жекеменшік оқу орындары болмады. Бұл жүйенің тиімділігі жұмыссыздықты реттей алуында еді, себебі білім жүйесінен өзге де салалардың бәрі де мемлекеттік меншікте еді, яғни барлық жұмыс орындары орталыққа тәуелді. Сәйкесінше, мониторинг жүргізіліп, елге қандай мамандық, қанша көлемде өажет екендігі анықталып, нақты сол қажетті кадрлар ғана дайындалды. Жоғары білім алатындардың саны салыстырмалы түрде өте аз болды, есесіне ауыл шаруашылығы, өндірістегі қара жұмысшы, сантехник және т.с.с. қарапайым мамандық иелерінен мемлекет таршылық көрмеді. Бұл кезде елдің саяси жүйесінде негізгі экономикалық тәсіл болып табылатын жоспарлау, прагматикалық көзқарас секілді қағидалар білім жүйесіне де таралды.

Экономикалық тұрғыдан дамыған, саяси жүйесі демократиялық болып табылатын елдерде білім жүйесі салыстырмалы түрде мемлекеттің бақылауынан тыс өмір кешеді. Университеттер басқару, қаржыландыру, әдістік тұрғысынан мемлекетке тәуелсіз, осыған қарамастан олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Мұнда керісінше, жекеменшік университеттердің доминанттылығы байқалады. Оған қоса осы типтес саяси жүйелерде жеке салалардағы ғылым да өте жоғары деңгейде дамыған. Осындай құрылымы бар мемлекеттерде жұмыссыздық нарықпен реттеледі. Мысалы ретінде,бүкіл дамыған батыс елдерін атап көрсетуге болады.

Үшінші әлемнен екінші әлемге ауысу үстіндегі дамушы елдердегі білім жүйесін қарастыратын болсақ, мұндай типтес мемлекеттер мемлекеттік бақыладан жекеменшікке бірте-бірте өту үстінде және бұл процесс әлі аяғына толықтай жетпеді.

Екінші фактор. Білім саласына өте қатты әсер ететін, келесі бір маңызды фактор мемлекеттің әлеуметтік-саяси дамуы болып табылады. Білім саясатының дамуы қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей байланысты. Ескеретін жайт, бұл екі құбылыс өзара тәуелді. Білім саласындағы сапалы прогресс елдің экономикасының өсуіне алып келсе, соңғысы білім жүйесінің дамуының негізгі фундаменті ретінде қызмет етеді. Мемлекеттің экономикасы қарқындап дамуы кезінде азаматтардың көпшілігі жұмыспен қамтылады және табыстары жоғары болады, сәйкесінше олар өз балаларының білім алуына да қажетті көңіл мен қаржы бөле алады. Дәл осы халық жекеменшік оқу орындарының, даңқы шыққан лицейлер, гимназиялар, университеттер, институттар, колледждердің пайда болуына негіз болады, себебі бәрімізге белгілі экономикалық заңдылық бойынша, сұраныс болса ұсыныс та болады. Сонымен қатар, жекеменшік оқу орындары болуы үшін міндетті түрде бай мемлекет болу шарт емес, жай ғана сол елде бай адамдар болса жетеді. Жақсы дамып келе жатқан өндірістік кәсіпорындар, шаруашылық ұйымдар, бизнеске негізделген компаниялар жаңа кадрларды қажет етеді. Бұл қажеттіліктерді білім жүйесі қанағаттандырады. Кей жағдайларда өндірістік құрылымдар өздерінің білім беретін техникалық орта және жоғары оқу орындарын құрып алады.  Және де білім беруге сұранысты арттыраратын қосымша қажеттілік жаңа өнім шығару, прогресс, алға жылжушылық.

Үшінші фактор. Білім саласын мемлекет тарапынан заңдық реттеу факторы елдегі ЖОО тіршілігіне қатты әсер етеді. Мемлекеттік заңнамалар білім саясатын іске асуын қадағалап, білім саласының бағытын анықтайды. Әр елде мұндай заңдар әртүрлі. Дегенмен ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарынан бастап білім саласындағы заңнамалардың интеграциясын байқауға болады. Халықаралық заңдар ұлттық білім жүйесіне белсенді түрде әсер етіп келеді.

Төртінші фактор. Жаппай білім алуға деген қажеттілік көптеген жағдайларда елдегі тұрғылықты халықтың діліне (менталитет) байланысты. Мәселен, белгілі бір елде жаңа кадрға деген сұраныс болмауы мүмкін, бірақ халықтың дәстүріне, тарихи ерекшеліктеріне байланысты білім алуды жоғары орынға қояды.


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға