Жаңалықтар

Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағыты қатаң қадағалауда

Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағыты қатаң қадағалауда
06.02.2015 08:17 78646

     Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағыты қатаң қадағалауда

Жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында Қазақстанда «Индустриалды-инновациялық даму» бағыты көзделген. Бүгінде біз үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған алып мемлекетке айналудамыз. Мемлекеттің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы. Экономиканың бәсекеге қабілетті болудың басты бағыты – индустриалды-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процесстерге бет бұру .

Дамыған индустриялы елдерде технологиялардан, құрал-жабдықтардан, кадрлар даярлаудан, өндірістерді ұйымдастырудан көрініс табатын жаңа ілімдер үлесіне ІЖӨ өсімінен 80-нен 95%-ына дейін келеді. Бұл елдерде жаңа технологияларды енгізу нарықтық бәсекелестіктің өзекті факторы өндіріс тиімділігін арттырудың және тауарлар мен кызметтер санасын жақсартудың негізгі құралы болып отыр. Қазіргі уақытта ғылымды көп қажетсінетін отандық өндірісті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді алуға бағдарланған ғылымды көп қажетсінетін жаңа технологияларды және ақпараттық технологияларды әзірлеу мен игеру республиканың өнеркәсіп пен ғылыми техникадағы әлеуетін сақтау мен дамыту есебінен ұлттық экономикалық кауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты инновациялық үдерістерді жандандыруға, жаңа технологиялық құрылымдарды енгізуге өнеркәсіптегі жаңа қайта бөліністерді игеруге, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті жандандыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюға, индустриялық қызметті ынталандыруға, озық шетел технологиясының нақты трансферті мен халықаралық стандарттарды енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ғылыми техникалық салада кәсіпкерлік секторды қалыптастырмай инновациялық қызметті дамыту мүмкін емес. Соңғы жылдар ішінде өнеркәсіп өндірісі көлемінде және жұмыспен қамтылу санында шағын бизнес секторының үлесі өзгеріссіз қалып отыр және тиісінше 2,8-3,2% және 12,4-14,0%-ды құрап отыр, бұл индустриясы дамыған елдердегіден бірнеше есе аз.

Индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттайтын және ынталандыратын саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл саясат ел экономикасының бұзып-жарып алға шығуын қамтамасыз ететін озық технологияны, басқарудың жаңа түрлерін, ғалымдар мен өнертапқыштардың ойлап шығарған жаңа дүниелерін тез өндіріске енгізіп отыруға бағытталған.

Жалпы, президентіміздің өзі тікелей ендіріп отырған индустриалды-инновациялық саясаттың басты мақсаты шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететін экономика салаларын инновациялық технологияларды ендіру жолымен мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізу екені мәлім. Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында еліміз мүмкіндігінше тез осы жүйеге көшу керектігін атап өтеді. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау керектігін де айтқан болатын. Жалпы, индустриалды-инновациялық саясат бойынша өңдеуші өнеркәсіптер және қызмет көрсету салаларында бәсекеге қабілетті және экспортқа негізделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндірісін дамыту мәселесі ең бірінші орынға қойылады.

Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағыты қатаң қадағалауда

Индустриялық-инновациялық дамудың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясының негізгі бағыттары бойынша елімізде жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет жоғары технологиялы өндірістер қалыптастыруға, оның ішінде шетелдік те, салааралық та технологиялар трансфертінің тиімді жүйесін жасауға жәрдемдесу үстінде. Сонымен қатар, жоғары ғылыми-технологиялық әлеуеті бар ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ұйымдар мен кәсіпорындар желісі бар қалаларда қазіргі заманғы ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды жасап, оның қазіргі заманғы элементтерінің қызметін (технопарктер, ұлттық ғылыми орталықтар, ғылыми-технологиялық аймақтар және c.c.) қолдауда. Индустриядан кейінгі экономика тұрғысынан алғанда озық салаларды дамытуда қазіргі ғылыми-техникалық әлеует салаларын пайдалану мүмкіншілігі біздің елімізде де берілген. Қазақстан қазірдің өзінде мына салалардағы әзірлемелер негізінде ғылымды көп қажет ететін өндірістерді дамыту үшін белгілі бір ғылыми базаға ие, оның ішінде: биотехнологиялар (ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен жануарлардың  генотиптері, бактериялар штамдары және басқалары); ядролық технологиялар; ғарыштық технологиялар; жаңа материалдар, химиялық өнімдер және басқаларды жасау. Ғылыми-техникалық және өндірістік ұйымдар мен кәсіпорындардың инновациялық қызметін ынталандыруға, ғылым мен инновациялар салаларына инвестициялар тартуға, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына инновациялардың жылдамырақ енуіне бағытталған заң шығару базасы да елімізде барынша жетілдіріліп жатыр. Бұл дегеніміз, бізде индустриалды-инновациялық саясаттың алғышарты жасалып қойғанын көрсетеді.

Президентіміздің жемісті еңбегінің арқасында еліміз дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Бүгінгі таңда Қазақстан күрделі экономикалық және саяси міндеттерді табысты шешуде басқа елдерге үлгі болатын деңгейге көтерілді. Ендігі уақытта Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің көшбасшылығына ұмтылуы заңды құбылыс. Өйткені, еліміздің экономикалық әлеуеті мен қоғамдағы саяси тұрақтылық, демократияның дамуы оған мүмкіндік беріп отыр. ХХІ ғасыр білімнің, ақпараттың жаңа технологияның өрістеу ғасыры. Білімнің, ғылымның бәсекеге қабілеттілігі бұл күнде көптеген мемлекеттер үшін көкейкесті мәселе болып отыр. Озық ғылыми-техникалық инфрақұрылымсыз және кәсіби шеберлігі жоғары білімді кадрларсыз, жаһандану талаптарына сәйкес даму мүмкін емес. Осы мақсатта отандық ғылым мен білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – білім мен ғылымды халықаралық деңгейге көтеру. Экономикамыздың жаңа даму кезеңіне өту процесі халық шаруашылығының нақты секторын, әсіресе, ең басты саласы болып табылатын индустрияны қайта құру мен дамытуда маңызды да сапалы өзгерістер енгізумен басталды. Аталмыш кезеңде индустриялық өнімдер өндірісінің артуы осы сала құрылымындағы жағымды өзгерістермен байланысты болды. Дәлірек айтсақ, мұнай, газ, қара және түсті металлургия мен азық-түлік және текстиль индустриясы өнімдерін өндіру және өңдеуге қатысты салалардың салмақ үлесі айтарлықтай мөлшерде артты.

«Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат – мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады. Біз шынымен де 30 өркендеген, өскен елдің арасына енеміз. Мақсатымыз – сол. Осындай мақсат қойған ел қызметкерлерінің жұмысы да қызық болады. Істеген жұмысыңның ертең нәтижесін көресің өзің. Қолыңмен істейсің, көзіңмен көресің, елдің ризашылығына бөленесің. Осы жұмысты атқару – бәрімізге бақыт. Осы бақытты пайдаланып еңбектенейік, халқымызға қызмет етейік», – деп айтқан болатын елбасымыз Н.Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кеңесте. Жалпы, 2014 жыл – Қазақстандағы индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аяқталатын жыл. Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай, 2 шілде күні Үкімет Президент Н.Назарбаев алдында елдегі индустрияландыру саясатының барысы жайында жартыжылдықтың ресми мәліметін паш етіп еді. Индустриалды-инновациялық бағдарлама туралы атқарушы билік Елбасы алдында есеп беріп, 2014 жылдың І жартыжылдығының нәтижелері сараланды. Шындығында, бағдарлама барысы елдік дамудың келбетін көрсетіп қана қоймай, келешекке деген нық сенімді айқындай түскен секілді. Өйткені, дәл осы күні Мемлекет басшысы жалпыұлттық телекөпір арқылы ел аймақтарымен байланысып, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы дүниеге келтірген инвестициялық жобалардың және бір парасының тұсауын кесті. Үкіметтің өткен бесжылдық ішінде ел дамуының бас бағдарына баланған индустрияландыру саясатына бар күш-жігерін арнағаны сөзсіз. Өйткені, бұл Президенттің тікелей қадағалауда ұстап отырған тапсырмасы. Сонымен қатар, Елбасы өзінің бір сұхбатында «Менің арманым – индустрияланған Қазақстанды көру» деген болатын. Бұл дегеніміз, индустриалды-инновациялық саясаттың жүзеге асуы президент тарапынан тікелей қадағаланып отырғанын көрсетеді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кеңестің қорытындысы бойынша, сонау жылдары дағдарыс дауылы дамуға кедергі келтіріп, экономиканы тұралатып тұрған тұста қолға алынған индустрияландырудың бергені аз емес. Үкімет те Индустрияландыру картасында межеленген бағдарламалардың нақты орындалуына баса мән беріп, көрсеткіштердің орындалуын қатаң қадағалаған. Нәтижесі де баршылық. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асқан 4-5 жыл ішінде 672 жоба іске қосылыпты. Ең бастысы, 69 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары ашылған. Сөйтіп, жаһанды жұмыссыздық атты құбылыс жалмап тұрған тұста Қазақстанның осы саладағы көрсеткіші уыста ұсталды. Сонымен қатар, өткен жылдар ішінде индустрияландыру арқасында Қазақстанда бұған дейін шығарылмаған 325 түрлі жаңа өнімдер өндірісі игеріле бастаған. Бұл да индустрияландыру саясатының ел игілігіне айналғанының нақты көрінісі.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы 12 негізгі индикатордың 10-ында жоспарлы өсім көрсеткіші тіркеліпті. Мәселен, 2008 жылмен салыстырғанда өңдеуші өнеркәсіп саласындағы қосылған құн салығының нақты өсімі 2013 жылы 24,5 пайызға артқан. Ел кәсіпорындарының инновациялық белсенділік көрсеткіші де екі есеге өсіпті. Жалпы ішкі өнімдегі энергияның қамтымдылық деңгейі 2008-2012 жылдар аралығында 13,6 пайызға төмендеген. Бұл бәсекелестікке қарай бетбұрысты білдірсе керек. Тоқтала кететін жайт, машина жасау, құрылыс индустриясы мен химиялық өнеркәсіп салалары өңдеуші өнеркәсіптегі өсімнің негізгі драйверлері саналады. Бұл ретте машина жасау 75 пайызға, металл емес өндіріс пен минералды өнімдер 47 пайыз, химиялық өнеркәсіп 28 пайызға өскен. Бұдан бөлек, Үкімет индустрияландыру картасындағы жобалардың жүзеге асуын жүйелі қадағалап келеді. Жұмыс тобының мәліметтеріне қарағанда, картадағы жобалардың 80 пайызында жұмыс жоспарға сай жүріп жатса, шамамен 300 жоба өздерінің толық өндірістік қуатына мінген. Тұтастай алғанда, Индустрияландыру картасына ілінген жобалар арқасында 3,2 триллион соманың өнімдері шығарылған. Ал Карта аясындағы жобалардың шет мемлекеттерге экспортқа шығарған өнімдер құны 133 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, Үкімет қазір 48 республикалық жобаны жіті бақылауға алған. Ал сол 48-дің 15-і бірінші бесжылдық аясында іске қосылады деп жоспарланса, республикалық жобалардың басым бөлігі, атап айтқанда 8 трлн. теңгені құрайтын 33 жоба келесі бесжылдықта іске қосылмақ. Сөйтіп, индустрияландыру бағдарламасының нақты нәтижелері екінші бесжылдықта сезіле бастайтынға ұқсайды. Бейнелі түрде алсақ, бірінші бесжылдық индустрияландырудың іргетасын қалады, енді негізгі жұмыс жанданбақ. Ендеше, бұл кезең Үкіметтен бұрынғыдан да сауаттылықты талап етеді.

2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңінде Үкімет нақты басым салаларды айқындау, экспорт бағдарын арттыру, бизнестің қатысуын арттыру, кластерлерді дамыту мен өңірлердің мамандануын тереңдету секілді мәселелерге барынша мән берген. «Бірінші бесжылдықта негізінен қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту шаралары жүзеге асты, сонымен бірге екінші бесжылдық үшін қуатты салаларды қалыптастыруға өндірістік негіз қаланды. Біз халықаралық сарапшыларды тарта отырып, қосылған құн тізбегіне қатысты зерттеулер жүргіздік. 300-ден астам өнім сараланып, оның ішінде шикізаттық база, технология мен өндіріс мүмкіндігінің қолжетімділігі, нарықтық әлеуеті мен экономикалық тиімділігі есепке алына отырып, 36-сы басым ретінде айқындалды», – дейді Индустрияландыру Картасына тікелей жауапты министр Әсет Исекешев. Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығы Қазақстан үшін оңайға соқпайтын тәрізді. «Индустрияландырудың бірінші бесжылдығын аяқтауға бар жоғы жарты жыл уақытымыз ғана қалды. Әлбетте, барлық көрсеткіштерге бірдей қол жеткен жоқ, кемшіліктер орын алды, қателіктер де жоқ емес. Түзетулерді де көп жасадық. Дегенмен, ағымдағы жылы бізге көршілес нарықтарда да, әлемдік нарықта да жағдайдың күрт нашарлап кетуі болжанады. Бұл негізінен шикізатқа бағаның тұрақсыздығынан, геосаяси тәуекелдердің шиеленісе түсуінен, сонымен қатар, капиталға қолжетімділіктің шектелуінен орын алуы мүмкін. Дегенмен, Үкіметте нақты іс-шаралар жоспары бар, ал ондай жоспарды жүзеге асыру оң нәтиже береді деп сенеміз», – деді Әсет Исекешев президентімізге берген есебінде. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы Үкімет индустрияландыру аясындағы 700 млрд теңгені құрайтын 120 жобаны іске қоспақ.

Елбасының сөзіне қарағанда, 2017 жылға дейінгі қабылданған Мұнай және газ секторын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, елімізде мұнай өңдеу 17,5 млн тоннаға, мұнай тасымалы 98 млн тоннаға жетуі тиіс. Газ өндіруді жылына 35 млрд текше метрге жеткізу міндеті де бар. Мұның барлығы экономика үшін аса маңызды салалар екеніне тоқталған Елбасы осы бағытта білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, білікті кадрлар ең алдымен индустрияландыру сұранысының талаптарына жауап беруі тиіс. Соған орай, Білім және ғылым министрлігі мен барлық өңірлер алдында білікті мамандар дайындау міндеті тұр. Қазірдің өзінде сұранысқа ие 20 мамандық пен 9 оқу орны анықталған. Түйіндей айтқанда, 2015-2019 жылдары жүзеге асырылатын индустрияландырудың екінші кезеңі экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Соның ішінде, ҮИИД-2 бағдарламасында 6 бағыт бойынша басымдық беріліп, негізгі өзек экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Жаңа жұмыс орындары елдің экспорттық әлеуеттін арттыратын қайта өңдеу саласында, макроэкономикалық тұрақтылық пен оның өсіміне қаржылық негізді қамтамасыз ететін дәстүрлі шикізат секторы, инновациялық және қызмет көрсету салаларында ашылатыны көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен әлемнің 30 дамыған елі қатарына кіру мақсатының маңызды құралына айналатын болады.

 Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға