Жаңалықтар

Қоғамдық көлік жүргізушілерін не мәселе толғандырады?

Кездесу барысында ҚР ИИДМ мен еліміздің барлық аймағындағы жолаушылар тасымалдаушы мекемелердің өкілдері саладағы түйіткілді мәселелерді жан-жақты талқылады.
Қоғамдық көлік жүргізушілерін не мәселе толғандырады?
Фото: lawecon.ru 11.08.2022 23:33 2266

Жолаушыларды автобус көлігі арқылы тасымалдау саласындағы субсидияның 80 пайызы еліміздің 3 қаласына беріледі, деп хабарлайды EL.KZ.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Ашық сағат алаңындағы» кезекті жиын қалалық жолаушылар тасымалдау саласында туындаған мәселелерге арналды. Zoom платформасындағы басқосу вице-министр Алмаз Ыдырысовтың төрағалығымен өтті. Онлайн форматтағы кездесуге қазақстандық жолаушылар тасымалдаушы компаниялар мен салалық қоғамдық ұйымдар, «Kazlogistics» Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағы және өңірлік әкімдіктердің өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиында «Атамекен» ҰКП, бірқатар министрліктер мен Көлік комитетінің жауапты мамандары тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды.

Кездесу барысында ҚР ИИДМ мен еліміздің барлық аймағындағы жолаушылар тасымалдаушы мекемелердің өкілдері саладағы түйіткілді мәселелерді жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялау тетігі мен аталған маршруттарды мемлекет тарапынан қаржыландырудағы кемшіліктер. Белгілі болғандай, қазіргі таңда субсидияның жалпы көлемінің 80 пайызы жергілікті бюджет есебінен Қазақстанның 3 ірі қаласына ғана бөлінеді. Сәйкесінше, еліміздің 17 облысындағы автобус парктеріне бөлінетін қаражат мардымсыз.

Қалыптасқан ахуал тасымалдаушылардың басым бөлігін қаржылық қиындықтарға әкеп соғып, автобустар паркін техникалық тұрғыдан жаңалауға айтарлықтай кедергісін тигізуде. Әсіресе, бұл тұрғындар жиі қоныстанған аймақтарда жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға елеулі әсер етуде.

Өз кезегінде ҚР ИИДМ Көлік комитетінің өкілі жолаушылар тасымалын дамыту мақсатындағы Премьер-Министрдің 2020 жылдың 25 қарашасындағы № 146-р өкімімен қалалық елдімекендердегі жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені бекітілгенін атап өтті. Оған сәйкес жергілікті атқарушы органдардың өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар көлік қатынастарын толық субсидиялауын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер көзделген.

Сонымен қатар ол 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус бағыттарын субсидиялауға 93 млрд теңге бөлгенін айтты. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық, ал 2018 жылы бөлінген қаражат көлемінен 5 есе жоғары (17 млрд теңге). Ал биыл аталған саланы субсидиялауға 102 млрд теңге қарастырылған. Қаржының басым бөлігін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері бөлген.

Саладағы тағы да бір өзекті мәселе – заңсыз жолаушылар тасымалдаушылармен бәсекелестік пен білікті автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Кәсіпкерлердің пайымдауынша, бүгінде жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысатын компаниялармен күрес әлсіз жүргізілуде. Ал жүргізушілердің жетіспеушілігі салдарынан «D» категориясындағы көлік құралдарын жүргізу құқығын алған азаматтар қатарына тәжірибесіз жастардың келуі байқалады. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігіне әсер етіп, жол-көлік оқиғаларының артуына әкеп соғуы мүмкін.

Басқосу барысында тасымалдаушы мекеме өкілдері Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрінен осы сауалдар төңірегінде қалыптасқан мәселелерді толыққанды баяндап, тиісті шаралар қабылдау үшін жеке кездесу ұйымдастыруын сұрады. Вице-министр ұсынысты қабылдап, жақын күндері аталған мәселеге арналған арнайы жиын өтетінін айтты.

Көлік транспортының ақпаратына сүйенер болсақ, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2021 - 2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 21 қыркүйектегі № 644 Қаулысына орай заңсыз тасымалдаушылармен күрес шеңберінде арнайы Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы бұзған автомобиль арқылы жолаушылар тасымалы қызметімен айналысатындарға тосқауыл қою мақсатында Жол картасы қабылданды.

Басқосу барысында жиынға қатысушылар өздерін толғандырып отырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды. Тасымалдаушылар тарапынан қойылған кейбір сауалдар кездесу барысында оң шешімін тапты.

Айта кетейік, биыл шілде айынан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен ведомствода «Ашық сағат алаңы» атты жаңа форматтағы кездесулер өткізу қолға алынған болатын. Жоба аясында күн сайын әр салаға қатысты маңызды мәселелер талқыланып, кәсіпкерлердің, қоғам белсенділерінің және БАҚ өкілдерінің сауалдарына ашық жауап берілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға