Жаңалықтар

Ұлы Жібек жолы мәдениетінің өркениеттер сұхбатындағы орны

Ұлы жібек жолы Шығыста Қытай империясынан басталып, Батыста Рим империясында аяқталды.
20.05.2015 06:37 102525

Ұлы жібек жолы Шығыста Қытай империясынан басталып, Батыста Рим империясында аяқталды. Бұл жол Кушан, Соғды және Парфия империяларын басып өткен жүктерді тасымалдап жеткізуді Еуразияның таулы және далалық аймақтарын мекендеген малшылар іске асырған.

Ұлы Жібек жолын тек аграрлық империяларды ұзақ ғасырлар бойы жалғастырып тұрған артерия ретінде қарастыруға болмайды, себебі бұл отырықшы мемлекеттер аралдар сияқты өзара түйіспей оқшау тұрған. Оларды түркілердің көшпелі ұлыс-тайпалары байланыстырып келді. Негізгі мәдени ауысулар қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу бойымен өтті, яғни бұл ареалды өркениеттердің тоғысқан жері деп қарастыруға болады. Ұлы жібек жолы бойында еуразиялық көшпелілер біртіндеп өркениеттенуді бастарынан өткізді, олар өз ордаларын, қалаларын, керуен сарайларын салып, саудаға бақылау жүргізді. Бұл кезеңде отырықшы өркениет көшпелілердің қару-жарақ, ат әбзелдерімен, әртүрлі бұйымдарымен танысып, өздеріне қабылдады. Қазіргі жаһанданудың алыс үлгісі ретінде Ұлы Жібек жолы Ұлы географиялық ашуларға дейін өмір сүрген. Ол тек өркениеттің индустриялық толқынына түрлі себептермен ілесе алмады.

«Ұлы Жібек жолы» 2 мың жыл бойы өмір сүрген. Ол әлем тарихында дара ерекше құбылыс болды, Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасындағы көптеген халықтарды біріктірді. Жібек жолы деген ат толық мағына бермейді. Жібекпен сауда жасау б.з.д. ІІ және б.з.д. І мыңжылдықта ғана болды.

Ұлы Жібек жолы әр түрлі сауда, мәдени жаңалық және жаңа ойлардың таралу жолы, Еуразиядағы көшпелілер мен отырықшы халықтардың даму жолы болды. Жібек жолы өркениет жолы болды».

Ұлы Жібек жолы қашанда тек бір машрутпен өтпеген және оның көптеген баламалары мен алғы нұсқалары болған. Бастапқы кезде асыл тастарды сатумен қатысты «Лазурит жолы», «Нефрит жолы» деп аталатындар табысты әрекет еткен. Олар Солтүстік Ауғанстандағы Бадахшан тауынан лазурит кені және Қашқариядағы Хотан аймағындағы Жаркент өзенінің маңайынан нефрит кені ашылуына орай жолға қойылды. Ұлы Жібек жолының алғашқы нұсқалары мен параллельдері б.д.д. ІІІ-ІІ мыңжылдақтарда басталған.

Осындай Ұлы Жібек жолының бір сыңарына Қазақстан аумағына қатысты б.з.д. І мыңжылдықтың орта кезінен әрекет еткен «Дала жолы» деген жатады. Көне заман білгірі Геродот бұл жолдың  мынадай бағытта болғанын атап өтеді: «Қара теңіз жағалауынан Дон жағасына дейін, одан әрі савроматтар мекендеген Орал тауы етегінен Ертіске, Алтайға, сонан Жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлін мекендеген агриппийлер еліне қарай созылады. Бұл жолмен былғарылар мен терілер, иран кілемдері, құнды металдардан жасалған бұйымдар кең таралып жатты».

К. Байпақов атап өткендей, жібек жасап шығару және онымен сауда жасау кезеңі күні кешеге дейін біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық саналып келеді. Алайда Чжецзян провинциясында, Тайху көліне таяу маңда қазба жұмысын жүргізген қытай археологтары неолит дәуіріне жататын жібек маталар, белдіктер мен жібек жіптер тапты. Бұл маталар жасы біздің дәуірімізге дейінгі 2750 ж., оларды талдап анықтау жұмысы сол кездің өзінде-ақ, яғни бұдан бес мың жыл бұрын дерлік, жібек жасап шығару кәсібі қарапайым әдістер кезеңін бастан кешіп үлгергенін көрсетіп берді. Біздің дәуірімізге дейінгі ҮІ-Ү ғасырларда қытай жібегі басқа елдерге, оның ішінде Батысқа да шығарыла бастады. Алтайдағы Пазырықтың «патша» қорғандарының бірінен біздің дәуірге дейінгі Ү ғасырды көрсететін феникстер қолымен өрнектеліп тігілген жібек жамылғы (ат жабуы) табылды. Сондай-ақ, Оңтүстік және Батыс Евроа аудандарынан біздің дәуіріңізге дейінгі ҮІ-Ү ғасырларға жататын қабірлерден жүннен  жасалған бұйымдарға тігілген жібек маталар мен шашақтар да табылған.

Егер марксистік «құлиеленуші» және «феодалдық» мемлекеттер дегенді аграрлық өркениеттер формалары деген мағынада қолдансақ, онда олардың партикулярлық сипатта болғанын атап өткен жөн. Қытайдан шыққан қымбат бағалы жібек өзімен өзі басқа аграрлық империяларға жете алмас еді. Оларды дала пилигримдері, көшпелі әулеттер Орталық Азия арқылы Парсы, Таяу Шығыс пен Жерорта теңізіне дейін таратты. Бұл жөнінде Батыс пен Қытай зерттеушілері, солардың ішінде Ма Юн мен А.П. Франкфор тәрізділері Ұлы Жібек жолы жөнінде, осы бір асыл тауар шамамен 40 параллель бойында жатқан далалық аймақпен, яғни Хуанхэ өзенінің үлкен иілісінен басталып, Қазақстан даласы мен Қара теңіз жағалауын басып өтіп, гректер мен этрустар жеріне жеткізілді деп жобалауға болады дейді.

Ұлы Жібек жолы тек Батыс пен Шығысты ғана емес, сонымен бірге «үш Шығысты»; Үндіні, Қытайды, Араб халифатын да байланыстырған. Мысалы оған  үндінің «синапатто» - «қытай жібегі» деген сөзі куә, осы жөнінде деректер б.д.д. ІҮ ғасырда жазалған «Артхашастра» (Саясат ғылымы) трактатында кездеседі.

Ұлы Жібек жолы қалай танымал бола бастады деген сұрақ қойсақ, онда ол тек б.д.д. ІІ ғасырдың орта шеңінен бастап қана тұрақты мәдени ауысулардың артериясына айналғанын көреміз. Бұл атақты Чжан Цзян есімімен байланысты. Осы жөнінде К. Байпақов пен А. Нұржанов мынадай деректер келтіреді: Қытай императоры У Ди өзі көрмеген Батыс елдеріне жұмсаған князі Чжан Цзян бастаған елші керуенінің Хань астанасынан шыққан кезінен, яғни 138 жылдан, Ұлы Жібек жолының танымалдығы басталды. Чжан Цзян 13 жылдан кейін қайтып оралды. Ол осы күнгі Ауғанстанның шет аймақтарына жете алды және Қытайдың ішкі аудандарынан Орталық Азияға дейін тура жолмен тұңғыш рет жүріп өтті. Содан соң жібек тиілген керуен Батысқа соның ізімен аттанып, Қытайға Жерорта теңізінен, Таяу және Орта Шығыстан, Орта Азиядан тауарлар алып қайтты.

Бірақ Ұлы Жібек жолының ашылу және өркендеу құрметін тек қытайлықтармен шектеу дұрыс емес, көп ұзамай халықаралық сауда тізгіні соғдылықтар, парсылар, тохарлар, сириялықтар, таңғұттар қолына көшті. Шығыс Түркістанның, Тохардың қалаларында және Қытайдың Ланчжоу, Дуньхуан, Чаньан тәрізді қалаларында соғдылықтардың сауда отарлары болды. Мәселен, Дуньхуанда мыңға тарта соғдылықтар тұрды. Соғдылар Жібек жолы таусылған жерден Жапонияға басып кіріп, Жапонның ежелгі астанасы Нараны биледі. Сондағы храмдардың бірінде соғды тілінде жазылған қолжазба сақтаулы тұр.

Ұлы Жібек жолы туралы алғашқы деректер б.д.д. І ғасыр мен б.д. VIII ғасырларының арасында қытай хроникаларында осы атаумен кездесе бастайды, ал еуропалық әдебиетте оны 1877 жылы К. Рихтгофен «Жібек жолы» деген атаумен енгізеді.

К. Байпақовтың сараптауы бойынша, Қытайдан Батысқа Ферғананың үстінен өтіп баратын бұрынғы қысқа да қолайлы жолға қарағанда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін жаңа жол ҮІ-ҮІІ ғасырларда барынша жандана түсті. Жолдардың былайша алмасуының себептерін былайша түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда Орталық Азия арқылы өтетін сауда жолдарын қадағалап отыратын түрік қағандары отырды. Екіншіден, Ферғанадан өтетін жол ҮІІ ғасырдағы өзара қырқысулар салдарынан қауіпті жолға айналды. Үшіншіден, түріктің ауқатты қағандары мен олардың қолдаушылары теңіздің арғы бетінен әкелінетін тауарларға құштар болды.

Ұлы Жібек жолы Жаңа дәуірге дейін Шығыс пен Батысты түйістіріп түрған жол бас жолға айналды, мәдени ауысулар осы артерия бойынша өтті, онымен елшілер мен сауда керуендері, өнерпаздар мен діни ағымдар тоқтамай ағып жатты. Алайда Ұлы Жібек жолының маңыздылығы Батыс өркениеті дәуірлеп өсіп шыққанда толық өзгеріссіз қала алмады. Жүздеген жылдар бойында ол біртіңдеп тарылып кетті, отарлау саясаты басталды, теңіз жолы ашылды.

Бірақ бұл үрдістер кейін жүзеге асты, орта ғасырларда негізгі Ұлы Жібек жолы торабы Сирия – Иран – Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас алқабы – Шу алқабы – Ыстықкөл қазан-шұңқыры – Шығыс Түркістан арқылы тартылады. К. Байпақовтың дәлелдеуінше, бұл жолдың тармақталған бір бұтағы, дәлірек айтқанда тағы бір жол Византиядан Дербент арқылы шығып, Каспий жағалауын – Маңғыстауды – Арал жағалауын – Оңтүстік Қазақстанды кесіп өтіп, жоғарыда аталған негізгі жолға келіп қосылды.

Ұлы Жібек жолы туралы айтқанда оның Қазақстан жері үшін аса маңызды болғанын есте ұстау керек. Өйткені қалыптасқан таптауырын бойынша еуразялық Дала аймағы «варвар» көшпелілерден  басқа мәдени үрдістерді басынан өткізбеген. Бірақ шын мәнісінде бұл жерде көшпелі түрік тайпалары мен отырықшы халықтар ежелден қалыптастырған төл мәдениет өркендеген болатын. Тарихшылар оның  үстіне этникалық жағынан алғанда көшпелілер де, отырықшы тұрғындар да туыстас немесе біркелкі этникалық-саяси қауымға бірлескен тайпалар еді дейді. «Отырықшылар (жатақтар) мен көшпелілердің өз мәдениеттерінің бір-біріне өзара әсер етуі мен байытып отыруы дүние жүзілік өркениеттің қызыл арқауы – күретамыры болды. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының бір-біріне осылайша кірігуі, сондай-ақ олардың жерінде тұратын халықтардың дәстүр-салтының үйлесімділігі өркениеттік көп жетістіктердің бастауы болды. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі ҮІ-ІІІ ғасырларда бұл жерлерді көшпелі және жартылай сақтар мекендеді, ал көптеген қорғандардағы қабірлерден, оның ішінде Бесшатыр, Есік, Түгіскен қабірлерінің табылған қазбалар бойынша олардың мәдениеті жоғары болғаны баршаға мәлім. Сол кездің өзінде-ақ сақтардың Қытаймен, Үндімен, Таяу және Орта Шығыспен байланысы болған. Бұған сақ шонжарларының қабірлерінен табылған қытай айналары, Орта Азия мен Ираннан әкелінген аса көркем безендірілген шетелдік бұйымдар да куә бола алады. Қам кесектен (өңделмеген кірпіштен) салынған Түгіскендегі сәулетті де берік үй-там (мазар) құрылысы оған шетелдік шеберлер қатыстырылған болуы керек деген ойға келтіреді. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І мыңжылдықтың орта шенінде үйсіндер мен қаңлылар мемлекеттері өмір сүріп, Жібек жолы жұмыс істеп тұрған кезде мұнда римдік әйнектер мен теңгелер (монеталар), қытай жібегі мен айналары, сырлы ыдыстар, еуропалық қарсы ілгектер (фибула) мен Сасанид Иранынан әр түрлі мөр-тастар жеткізіліп тұрған.

Ұлы Жібек жолы мәдениетінен шығатын бір қорытынды аграрлық өркениеттегі қала мен оның маңайындағы жер өндеушілер мен бақташылардың арақатынасындағы көптүрліліктің жасампаздық сипатымен байланысты. Кезінде А. Тойнби атап өткендей, кез келген мәдени құрылымда шығармашыл немесе басқарушы элита, ішкі және сыртқы пролетариат бар. Ұлы Жібек жолы мәдениетінің элитасына отырықшы империялардағы билеуші топтармен қатар, Іле, Шу, Талас және Сырдария алқаптарында қала орталықтары, дихандардың алғашқы тектері орналасқан елді мекендердегі көшпелі-отырықшылардың тұлғалары да жатты. Солардың көпшілігі туралы деректер қазір Тянь-Шань тауы етегінен, Арыс өзені мен Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы алқаптардан ашылып отыр. Бұл жерде Ислам Ренессансы өкілдерімен қатар, қолдары алтын зергерлер мен құмырашыларды, әскербасыларды, діни қайраткерлерді айтсақ та жеткілікті.

Ұлы Жібек жолы осы кезде жанданып, Орталық Азия қалаларындағы жоғары мәдениеттің өркендеуінде маңызды рөл атқарады. «Жетісуда ол талай қалалардың орталық негізі қалануына мұрындық болып, Қазақстанның оңтүстігінде тікелей осы жолдың ұзына-бойында тұрған немесе онымен сауда сораптарымен байланысып жатқан қалалардың тез өсіп, өркендеуіне септігін тигізді. Бұл жерде осындай қалалардың қаулап өсуінің өзі К. Маркстің керуен жолы Шығыс қалаларының гүлденуінде айрықша рөл атқарды деген ойын одан әрі айқындай түседі».

Ұлы Жібек жолы мәдениетінің бастапқы кезеңінде, І мыңжылдықтың алғашқы жартысында, Орталық Азияда оншақты қалалардың ғана аттары аталса, Тан империясы мен Ислам Ренессансы уақытында, ҮІІІ-ХІІ ғасырларда бұл өңірде болған саяхатшылар жүздеген мәдениет орталықтары туралы дерек береді, мысалы Сюань Цзян Жетісудың өзінде осындай ондаған қалалар бар екені жөнінде хабарлайды. Марко Поло, Ұлы Жібек жолы әрекет етіп тұрғанда Орталық Азияда болған сирек саяхатшының бірі, моңғолдар шапқыншылығынан кейін бұл жердегі қалалық мәдениет титықтатып, күйдіруге жеткізгенімен, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін Ұлы Жібек жолынан керуен арылған жоқ дейді.

Әрине, Ұлы Жібек жолы дегенде барлық құнды бұйымдар тек Қытайдан келді деп ойламау керек. Мәдениеттануда сұхбат ұстынымен қатар мәдени инкультурация деген де бар. Бірақ бұл соңғысы үстем (донор мәдениет) пен қабылдаушы құрылымдардың арасында өтеді. Ұлы Жібек жолының ерекшелігі оның орталықтарының басымдық таныта алмауында болды. Оның үстіне ол кезде мәдени артерияны бақылаушы түркілерде жалғыз үстемдік етуші жүйе әлі қалыптаспады. Тек кейін бұл функцияны ислам атқара бастады.

Ұлы Жібек жолының қалыптасуына араб саяхатшылары мен исламды таратушылар үлкен үлес қосты. Мұсылмандар ортағасырларда әлем туралы еуропалықтардан анағұрлым көп білді. Ислам бойынша, саяхатшылар ғұламалармен теңестірілді және оларға қонақжайлылық таныту міндетті еді.

Жібек енді халықаралық валюта қызметін атқара бастады: ақсүйектер үлде мен бүлдеге бөленді, сарбаздар жалақысын жібекпен алды, шетелдік елшілер жібектен сый алды және т.б.

Ұлы Жібек жолы бойындағы керуендердің құрамы әр түрлі болған. Мысалы, халиф Мұқтадирдің Еділдегі Болғар еліне жіберген елшілігіне 5 мың көпес, қолөнерші, діншілдер қатысқан. Осындай тұрақты әрі ірі құрылымдар керуен жолдарын жақсы ұстап тұру мен қорғанысты қажет етті, шөлейт жерлерде әрбір 15 шақырымда суы бар бекеттер орналастырылған, көшпелілермен түйе, жылқы, басқа да мал өнімдері бойынша сауда туралы келісімдер жасалған. Бұл өлкенің экономикалық дамуына да себебін тигізген.

Ауыр және алыс жолдағы керуеншілер тоқтайтын бекеттер біртіндеп мәдени орталықтарға айнала бастады. Ұлы Жібек жолындағы бақылау орнатқан түрік қағандары да көпестер мен елшілердің көңіл көтеруіне ерекше назар аударған. Шетелдік оркестрлер сарай маңындағы қызметкерлер құрамына кіріп кете берді. Олар сарайдағы ресми рәсімдер кезінде қалай ойнаса, сарайлардағы бейресми салтанаттарда да солай ойнай берді. «Мысал үшін, Сюань – Цзунь патшалығы сарайының әнқұмарларының бірі 30 мың музыкант ұстағаны белгілі. Түрік қағаны өзінің Суябқа таяу жердегі ордасында елшілер қабылдағаны туралы жазбаша сипаттама сақталған. «Қаған, - деп жазады бұл оқиғаны өз көзімен көрген будда қажысы Сюань– Цзянь, - шарап құйып, ән-күй бастауға бұйрық берді. Осы кештің басынан аяғына дейін шетелдік музыка темірлер жаңғырығымен ұласа естіліп тұрды. Мұның өзі тағылардың музыкасы болатын, соған қарамастан ол да құлаққа жағымды естіліп, жүрек пен санаға тамаша әсер етті».

Керуенннің келуі қала рабадтарын әсіресе жандандырып жібереді. Шығыс базары өзінің көптүсті реңіне енеді, шынында да ол мәдени орталыққа айналады. Осындай қарым-қатынас пен сұхбаттың негізінде Жібек жолы этосы қалыптасты.

Адамгершілік, өнегелік атаулының түрлі тараулары – адам еркіндігі, таңдау еркіндігі мен моральдық жауапкершілікті сезіне білу қабілеті қашан да этос құнарынан тамыр тартпақ. Жалпы адамзаттық құндылық, қадір-қасиеттер мен олардың адамдар мінез-құлығына әсері тек қана осы этос параметрлерімен саралануы тиіс.

Мейірімді дархан адам жанын, сұлулық сүйіспеншілігін, адамзат ұрпағының азаттық жайлы асқақ арманын тебірене жырлайтын көне құрылыстар мен Соғдиана, Тараз, Отырар, Самарқант сияқты ежелгі қасиетті қалалар тағдыры тегіннен тегін толғандырып жатқан жоқ. Өткен өмір шындығына құлшына қалам тартудың, тарихи барлаудың өзіндік бір заңдылығы бар: ел, жер бедері, ескерткіштер арқылы әдетте бағзы заман, ата-бабалар рухымен сабақтастық танылып, тарихи жүлгелестік табиғатқа, сәулет өнерінің мұраларына бүгінгі күн талабынан жаңаша көзқарастар қалыптастыруда жетекші мән атқарады.

Ұлы Жібек жолы бойында өнер туындыларымен алмасумен қатар,  артефактыларды жергілікті жерде жасап шығаруға деген ұмтылыс та пайда болды. VІІ-ІХ ғасырлада жібек маталарын тоқу өндірісі Соғдыда да жоғары деңгейге көтерілді. Онда жібек маталарына соғдылық ізгілік рәмізі  бұғының  суретін салу кең тарады және бұл заттар әлемнің көптеген аймақтарынан табылып отыр. Неше түрлі самұрық құстар мен арыстандардың, қанатты аттар-пырақтар мен тарантулпардың, грифондар мен аждаһалардың жібеккке салынған бейнелері бұл дәуірдің айшықты белгісіне айналды.

Ұлы Жібек жолы мәдениетінде антик өнері мен мифологиясы да кең көрініс табады. 1932 жылы Кама өзенінің жағасында күмістен жасалған ыдыс табылды. Онда Орталық Азияға үйреншікті бұғы мен қарақұйрықтан басқа тақырбасты қария Силеннің бейнесін және оның екі жағындағы екі пілді көруге болады. Дионистік кейіпкер Силен қашанда масаңдау, көңілді және ойнақы болып келеді. Бұл антик дәстүрінің тұрақтылығын білдіреді.

Иран мен Орталық Азияда Силенді – өнімділіктің және су қайнарларының пірі деп қадірлеп келген. Антик мифінде Силен Дионис жорығының құрамында бүкіл Таяу Шығыс, Үнді, Орта Азияны аралап қайтқан. Еврипид Силен Бактрияның суығына шыдап, «варварлармен» достасып қайтқан дейді.

Ұлы Жібек жолы бойында дионисийлік культтарға қатысты көптеген айғақтар табылып жатыр. Грек құдайлары өздерінің Шығыстық «егіздерімен» қосыла түсуде. Мысалы, Орталық Азия халықтарында дионисийлік ұлттық ойындар осының куәсі. Солтүстік Тәжікстанда табылған екі сәбиді емізіп жатқан қасқыр бейнесі салынған табақша атақты итальяндық Ромул мен Рем туралы мифті еске алады. Түріктердің арғы тотемі көкбөрі туралы аңыз онсыз да белгілі.

Ұлы Жібек жолы бастап берген мәдениаралық қарым-қатынастар жүйесінде мәдени артефактыларды тарату барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Бүгін біз, онда бұл берілістің көлемі мен жылдамдығына әсер ететін, мәдени ақпарат берілісінің құралдары, тәсілдері, арналары мен технологиясы күрт өзгеріп кеткен, техногендік өркениетте өмір сүреміз. Іс жүзінде мемлекеттік, саяси және басқа да шекаралы мәселені шешкен, ақпаратта кім жаппай қажетті болған, тек сол өмірде табысты әрекет ете алады.

Өркениеттің негізгі қызметтерінің бірі – қарым-қатынас, яғни, ғылыми тілдегі коммуникация. Өркениеттер келесі бір өркениеттермен әрдайым түрлі деңгейлерде қарым-қатынасқа түседі. Бұл өркениет болмысының міндетті түрдегі шарты, себебі бұл процесс жаңаға еніп, жаңа ішінде пайда болып, онда мықтап орнығады. Осы процесс жаңаны меңгерудегі айналымды құрайды. Кез-келген өзгеріс аталмыш процесте толық аяқтамаса да, өркениеттің ішкі қатпараларын игере алады; бірақ бұл өзгеріс мәдениеттің өзегіне айнала алмайды, оны мәдениет мойындамайды да, себебі өзгеріске ұшырау барысында белгілі бір үйлесімділік заңдылығы бұзылады. Әртүрлі өркениеттердің қарым-қатынасы кезіндегі ең керемет, әрі ең қызықты сәт, жаңаға жолсерік болған жатық механизмдердің өзара ықпалдастығы мен ортадағы делдалдық қызметі.

Белгілі ғалымдар К. Байпақов пен А. Нұржановтың пікірі бойынша, орта ғасырдың бас кезінде Азияда ұланғайыр аймақтар мен елдерді өз атуларына топтастырып жинақтаған әлемнің төрт патшалық жүйесі жөніндегі пікір кең етек алды. Осы «әлем патшалықтарының»  әрқайсысы замандастарының көз алдында өзіне ғана тән артықшылығымен танылды. Суйдың, одан соң Таңның  қоластына біріктірілген Қытай, орталығы Ганг өзені жағалауындағы Канауджа қаласы болған үнді әміршілерінің патшалығы, Тынық мұхиттан Қара теңізге дейін біріккен түрік, одақтасқан Парсы мен Византия тәрізді қуатты мемлекеттердің құрылуы дүниенің төрт тұсына орналасқан әлемдік төрт билеушілер жөніндегі идеяның тууына негіз болды: пілдер патшасының империясы (Үндістан) оңтүстікте, құнды заттар патшасының империясы (Иран мен Византия) Батыста, арғымақтар патшасының империясы (Түрік қағанаттары) солтүстікте, адамдар патшасының империясы (Қытай) Шығыста болды . Бұл ой мұсылман авторлары тарапынан да қолдау тауып отыр: «Пілдер патшасы – үнді пәлсафасы мен ғылымының мәніне қарай, әрі даналық патшасы аталса, адамдар патшасы – Қытайдың атақты өнертабыстарына қарай, мемлекеттік басқару мен өнеркәсіп патшасы атанды; ал батыста екі патша бой көрсетті: оның бірі (патшалардың падишасы) Парсының, кейін арабтың патшасы болса, екіншісі (еркектер патшасы) жұртшылығының келбеттілігіне байланысты  Византия патшасы болды».

Жалпы қазіргі батыс философиясында Азия халықтарына партикуляризм тән  деген жиі қайталанады. Бірақ бұл Азияны түсінбеуден туындайды. Адамдағы рухани бастауларды аспандатқан, нәпсіқұмарлық пен зорлық-зомбылықты, дүние қоңыздық пен екі жүзділікті әшкерелеген, кейбір зерттеушілер түркіден шыққан, басқалары парсының  ақыны деп есептейтін, сопы Мауляна Жәлеледдин Руми, Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениеттер сұхбаты ықпалымен, мәдени ауысулар мен ынтымақтастыққа, сұхбатқа ерекше мән береді: «Кейде түрік пен үнді оп-оңай ортақ тіл табыса кетеді. Кейде екі түрік бірін-бірі жаттай сезінеді. Ендеше жанмен ұғынысу тілі – дегеніміз – мүлде бір басқа нәрсе; бір тілдестіктен жанмен ұғынысу тілі қымбат». «Дін жүрегі» атанған абзал ақын Конье қаласында қайтыс болған кезде оны ақтық сапарға шығарып салуға мұсылмандармен қатар христиандар да, иудейлер де, буддаға табынушылар да бірлесе қатысқаны тектен-тек емес-ті.

Неміс ғалымы Р. Гюнтердің 1901 жылы Санкт-Петербург қаласындағы А.С. Суворин баспасынан шыққан «Мәдениет тарихы» деген еңбегінде былай деп жазылған: «Арабтар емхана салып алған кезде Германияда ауруларды ұшықтап емдеумен ғана айналысқан. Римде Прометей туралы есте-ліктердің өзі жоғалып бара жатқан кезде, арабтар обсерватория салып ал-ған. Византияда жазушыларды от пен оқтың астына алып, қудалап жүр-генде, арабтардың кітапхана жүйесі әбден қалыптасқан дәуір болатын. Еуропа білімге сусап, білімді тек монастырлерден ғана алып жүрген уақытта, арабтарда толыққанды университеттер болған. Осынау фактілердің өзінен-ақ, Еуропа халифатқа қарыздар екенін мойындауы керек».

Енді Қытай жөніндегі деректерге назар аударайық: «Қытай» - «жібек» деген сөздің баламасы. Жібек, компас, оқ-дәрі, қағаз ақша, есеп машинасы, жолға тас төсеу алғаш рет қытайлардан шыққан. Еуропалықтар тарихи дәуірге дейінгі кезеңді басынан өткізіп, қоныстанушылықтың не екенін білмей, Жерорта теңізінің жағалауларында, орман ішінде қаңғып жүргенде, Қытайда өнертапқыштардың ғылыми жаңалықтар ашуы етек жайған шақ болған. Қағаз, фарфор, шай өндірілгенінің өзіне екі мың жылдан асып кеткен. Қытайлар да бұл шақта ғылым-білімге құрметпен қараған. Мемлекет басқару ісіне тек жоғары білімі бар адамдар ғана жіберілген.

Батыс пен Шығысты нақты деректер бойынша салыстыра отырып ой қозғаған белгілі ғалым, академик И.Н. Конрад әлемдік әдебиет тарихына шолу жасай отырып, батыс елдерінде болып өткен әдеби кезендердің барлығы шығыс әдебиеттерінде де болғанын дәлелдеді. И.Н. Конрад әсіресе қытай, жапон халықтары әдебиетінің биік мәдениеттілігіне тоқталды. Осы тақырыпқа көптеген еңбек жазған және осы елдер әдебиетін көп аударған ол Батыс ғалымдарының Шығыс жөніндегі кейбір келеңсіз пікірлеріне бетбұрыс жасады.

Енді мәдениеттің рухани саласына көз жүгіртсек, адамның алғашқы көркем ойлау процесін қалыптастыруға әсер еткен мифология, одан кейін дін болғаны шындық. Адамзаттың ойлау эволюциясы дами келе діни догмадан ғылымға қарай ауысты. Ал, көркем шығарма болса, оның поэзия, проза, драматургия жанрлары да жоғарыда айтылған мифология, дін, ғылыми процестердің ықпалында болып дамыды. Бұлармен бірге бейнелеу өнерін де айтпай кетуге болмайды. Көркем шығарма сияқты бейнелеу өнері де жоғарыдағы кезендерді бастан өткізді. Осы айтқандарымызды нақты мысалмен көрсетсек, бүкіл әлемдік мифологиялық шығармалар, Көне Шығыс елдеріндегі – египет, шумер, қытай, үнді халықтарының мифологиялық туындылары ойға оралады. Одан соң зороастр, будда, христиан, ислам діндерінің канондары — Құран, Авеста, Дхаммапада, Упанишад, Библия бар. Міне, бұлар адамзаттың ойлау, сонымен бірге көркем ойлау процестерін қалыптастырып, дамытуға орасан ықпал етті: «Махабхарата», «Иллиада», «Одиссея», бертін келе «Манас», «Үлкен Эдда», одан соң «Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы» т.б. әсер етті.

Батыс-Шығыс жүйесіндегі қазақы мәдениеттің бірегейленуі теориялық қана емес, практикалық та мәнге ие. Бұл әрине мынадай ауыспалы қоғамда заңды құбылыс. Аталған процесс әлеуметтік өмірдің барлық саласын қамтиды. Осыған орай өз құндылықтарымызды зерттеп, талдап, баға беруде мамандардың шешімін таппаған көптеген мәселелер күтіп тұр.

Жоғарыда айтқандарымызды ақылмен аңғарсақ, адамзаттың көп ға-сырлар бойына жасап келе жатқан мәдени мұралары әлемдік мәдениеттің үздіксіз даму үстінде екенін дәлелдесе керек. Міне, осы уақыт ағынымен тынбай дамып келе жатқан мәдени құндылықтарымызды зерттейтін мәдениеттану саласы бүгін бізден әділ баға, терең, тындырымды зерттеулер күтеді. Ол зерттеулердің бәрі де мәдениеттану пәнінің аясында саралануы шарт. Әрі ұлттың мәдени байлықтарын, рухани, материалдық құндылықтарын мәдениеттану пәні негізінде білгені, түсінгені маңызды. Сондықтан, мәдениеттану пәні ұлттық мәдениетіміздің тарихын ғана емес, оның даму деңгейін, негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін сауатты үйретуі керек.

Мәдениет мәселесін сөз еткенде мына бір сөздер есімізде болғаны жөн. Елдің экономикалық көрсеткіші - уақытша көрсеткіш. Ал мәдениеттік көрсеткіші  – мәңгілік көрсеткіш. Мұның мәнісі мынада: бүкіл адамзат тарихына ой жіберсек, бір де бір елдің экономикалық көрсеткіші тұрақты, бірқалыпты болмағанын көреміз. Бірнеше ғасыр бойы экономикасы шалқып, орасан байлыққа бөгіп тұрған бір де бір ел болмаған. Немесе, керісінше, бірнеше ғасыр бойы қайыршылықта, жоқшылықта өмір сүрген елді де білмейміз. Ал, мәдени көрсеткіш мәңгілік дейтін себебіміз, айталық, ұлы құрылыстар һәм ғажайып ғимараттар мәңгілікке тұрады емес пе? Сөйтіп, олар сол елдің даңқын мәңгілік сақтайды. Мысалы, Қытайдың ұлы қабырғасы, немесе Бабылдың ғажайып мұнарасын алайық. Сол секілді ел ішінен шыққан ұлы данышпандар –  Конфуций, Сократ, әл-Фараби сияқты композиторлар, ақын-жазушылар да, олардың келесі ұрпаққа мұра етіп қалдырған шығармалары да мәңгілік.


Мақала К. Байпақов пен А. Нұржановтың «Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан» атты еңбегі негізінде жазылды.

Эльдар Темірханұлы

мәдениеттанушы 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға