Көшпелілер өміріндегі жылқының рөлі
Ұлы Жібек жолы мәдениетінің тағы бір сабағы көшпелілердің негізгі коммуникация құралдары түйе мен аттың рөліне байланысты, осыдан мынадай бір ой айтқымыз келеді. Қазіргі жаһандануда электрондық жүйелер қаншама рөл атқаратын болса, жаһанданудың алғашқы нұсқасы – Ұлы Жібек жолы мәдениетінде жылқы мен түйе сондай рөл атқарды.
Қуаң дала мен шөлде тек осы үй жануарларын пайдалану өте қолайлы болды. Бұл – оны құдірет күші деп тануға негіз болды. Өркениеттіліктің бірінші толқыны да бақташылық көшпелі өмір тіршілігімен тығыз байланыста жүрді. Көшпелі үндіеуропалықтар біздің дәуірімізге дейінгі 3000 жылдықтың басында Еуропада, екі мың-жылдықтың басында Иран мен Үндіде, сол мезгілде Орталық Азияда тарихи өркениеттердің негізін қалады. Осы үрдіс Ұлы Жібек жолы мәдениетінде тереңдей түсті.
Жылқының өркениеттер қалыптасуындағы рөлін тек К. Ясперс пен А. Вебер сияқты Батыс ғалымдары ғана емес, біздің отандық зерттеушілер де баса көрсетті. М.С. Орынбеков бұл мәселені тиянақты қарастырады: «Жылқыға табынушылық жылқыны мүрдемен бірге жерлеудің әркелкі жағдайларынан айқын көрінеді. Құрбандыққа шалынған жылқы мүрденің аяқ жағына көмілген. Жылқыға деген көзқарас әртүрлі болғаны соншалық, сақтар жайлаған аймақтардың әрқайсысында жерлеу салттары әртүрлі болды. Сондықтан да археологиялық қазбаларда жылқы әбзелдеріне қарап, мүрденің жерлену уақытын, марқұмның тайпалық тегі мен дәрежесін айқындауға болады. Жүген, ауыздық, құйысқан, айылбас, ат әбзелдері ұмытылып бара жатқан жылқының адамдар ұғымындағы орнын көрсетеді. Геродот айтқандай, олардың жалғыз табынатыны – күн. Олар жылқыны күнге құрбандыққа шалады. Бұл құрбандық шалудың мәні: ең жүйрік, ең ұшқыр тәңірге ең жүйрік жануарды құрбандыққа шалу керек дегенді білдіреді. Әйткенмен, бұл тек сақтардың ғана ерекшеліктері емес еді. Күн мен жылқыны теңестіру көптеген халықтарда кездеседі. Ригведа мен Авестада күн тәріздес доңғалақты арбаны сүйреген ат бейнеленген. Сақ қолөнерінің негізгі ерекшелігі Оңтүстік Сібірде, Қазақстан мен Орта Азия аумағында кездесетін тағы аңды бейнелеу болды. Оның мәні мынада еді: осы тотемнің элементтері әр тайпаның шығу тегін көрсетеді».
Көшпенділер мен егіншілер арасындағы ғасырлар бойғы бітіспес жаулық жайлы идеологиялық догманы, сонау біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда көшпенділердің солтүстіктен Бактрияға баса-көктеп кіріп, мемлекетті құлатып және өздері оларға ене бастауы да жоққа шығарады. Алғашында олар бөлшектенген мемлекеттің бөліктерін басқарушы болды, ал кейіннен жан-жаққа шашыраған елді, көшпенділер династиясын біртұтас ел етіп, ұлы Күшан империясын құрды. Ал күшандар болса Қытай деректері бойынша – хюсюнилер, усунилер, ушандар. Уақыт өте абориген мен жатжұрттықты ешкім ажырата алмайтындай болған еді, өйткені өзара ассимиляция жүріп, көшпенділерді жергілікті отырықшы мәдениетке енгізді, шаруашылықтардың бірін-бірі өзара толықтыруы жүріп жатты.
Мәдениет тарихына арналған батыстық, дәл айтсақ – тек батыстық емес, әдебиетте мәдени ауысулар Еуропа, Қытай, Үнді, Парсыдан «варвар» көшпелілерге тарады деген пікір үстемдік танытқан. Бірақ Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени ауысулар кері бағыттың болғанын да дәлелдеп береді. Отандық әдебиетте бұл мәселеге К. Байпақов пен М. Орынбеков ерекше көңіл бөледі. Мысалы, тек жылқының бойынан далалық және егіншілік мәдениеттердің бір-біріне ықпалын көруге болатын еді.
Ежелден-ақ «усунилерден алынған аттар жақсы, олардың атауы – аспан аттары» деп саналатын, Қазақстан даласына елшілікке жіберілген чиновник Қытай императорына Таюань елінде мықты соғыс аттары бар, олар аспан аттарының тұқымы, өйткені «қанды термен терлейді» деп хабарлаған. Аңыз бойынша таудың аяқ жетпес шыңдарында адам ұстатпайтын жылқылар жайылады. Сонда тау етектеріне биелерді айдап әкеліп, қалдырып кетеді, сол айғырлар биелермен шағылысып қанды термен терлейтін құлындар туады. Оларды аспан жылқысы деп атаған.
Бактрияны көшпенділердің жаулап алуы кезінде Мауераннахрға осы «аспан» аты әкелінді. Оның барлық артықшылығымен қатар жалғыз-ақ кемшілігі сол – оны ұрыс даласына мінуге келмейді, жорыққа төзімсіз еді. Бірақ уақыт өткеннен кейін Ферғана өлкесінде малшылар мен диқандар бірлесе отырып, жылқының жаңа тұқымы, аспан атындай биік, күшті әрі төзімді түрі шығарылды. Ферғана жылқысының тұқымы сол уақыттардан бастап, парсының ауыр атты әскері, катафрактилері үшін кеңінен пайдаланылды. Осы жылқылардың күші мен төзімділігінің арқасында ирандықтар Месопотамия мен Арменияны жаулап алды, Кіші Азиядағы Рим легионын тізе бүктіріп, Сирия мен Каппадокияға қауіп төндірді.
1. Орынбеков М. Ежелгі қазақтың дүниетанымы. – Алматы: Ғылым, 1996. – 168 б.
2. Ясперс К. Смысл и назначение истории. – М.: Республика, 1994. – С.527.
3. Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. – Алматы: Ғылым, 1998. – С.216.
Эльдар Темірханұлы
мәдениеттанушы