Жаңалықтар

Халық әдебиеті туралы

Халық әдебиеті туралы Әдебиетті әдебиет тарихы бойынша тексергенде екіге бөлінеді. Бірінші, халық әдебиеті, екінші, жазба әдебиет. Халық әдебиеті деп бір халықтың мәдениет жүзінде жас болып, оқу, оқыту деген нәрселер болмаған надан шағында сол халықтың арасында ауыздан ауызға көшіп, бірден бірге қалып айтылып жүрген: өлең, жыр, ертек, мақал, жаңылтпаш, айырым бесік жырлары, діндар өлеңдер, үлгілі әңгімелер, жын, шайтан, аруақтар туралы айтылған әр түрлі хикаялар, халық дәрігерлігі, олардың жері, сиқырлар, албастылар һәм басқа да осылар сияқты сөздердің бірсыпырасы халық әдебиетіне жатады. Халық әдебиетіңде жоғарғыларды кім айтып, кім шығарғандығы, анық иесі мәлім болмайды. Ескі білетін кісілерден кім ұғып жаттап айтса, сол ие болып, бірден-бірге тапсырылып жүре береді. Ондай белгілі иесі болмаған сездер жалпы халыққа ортақ мүлік есебінде қалып отырады. Сондықтан жоғарғы айтылған адамның құлқына, тіршілігіне пайдалы жалпы халыққа ортақ сөздер халық әдебиеті деп аталады. Жазба әдебиет болса, халықтың әлгі мәдениетке аяқ басып, араларына өнер-білімнің таралған, сөздің қадірі артқан, іштерінен белгілі ақындар, шешендер шыққан шағында, солардың қолымен жазып, яки тасқа бастырып шығарған өлеңдері, үлгілі сөздері жазба әдебиетке жатады. Жазба әдебиеттің қайраткерлері туысынан талантты болған, маңайындағы көрінген түрлі көрініс, оқиғаларды ашық суреттеп отыратын заманның тілшісі болады. Оқымыстылар бір халықтың келешектегі болатын бағасын тексергенде, алдымен сол халықтың әдебиетін қолға алып қарайды. Бұл халыққа тұлға болатын негізгі ірі нәрсенің бірі сол халықтың әдебиеті деп санайды. Біздің қазақ-қырғыз халқы әдебиетінің тарихын тексерген шет жұрттың оқымыстылары қазақ-қырғыз халқының әдебиетіне қарап, қазақ-қырғыз халқы өзі тұрғылас халықтардың арасында әдебиетіне бай, басқалардан бұлардың болашағы гүлді, түбінде іргелі ел болады деп ой жүргізетін. Һәм біздің өз жазушыларымыз деп қазақ-қырғыз елінің халық әдебиетін басқа жұрттық халық әдебиетімен салыстырып, халық әдебиетіне баймыз, болашағымыз гүлді деп жобалап қуанатын. Бірақ біздің халық әдебиетіне баймыз деп ауызбен айтып құр жұбанып, құр қуанғанымыз болмаса, әлі күнге халық әдебиетін жарыққа шығару туралы аса күрделі іс істеп жүргеніміз жоқ. Халық әдебиеті жиналып, жазылып қағаз бетіне түспесе, бірден бірге ауызға тапсырылып жүргенде, қайта жоғалып өшпесе, өнбейді. Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы — халықтың шаруасы күйлі, жері кең, үдере көшіп, ен жайлап, сауық-сайран, мереке қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық- сайран сиреп жоғала бастайды. Халық бір түрлі тұрмыстан екінші тұрмысқа көшкен соң, бұрынғы тұрмыстың шағында қолданған ғұрып-ғадет, түрлі рәсімдердің бәрі де ескіріп, тотыға бастайды. Осымен қабат бұрынғы сауықшыл кездегі ауыздан ауызға көшіп жүрген өлең, жыр, тақпақ, мақал, айтыс өлеңдер сияқты халық әдебиеті де тотығып, жоғала бастайды. Екінші, бөгде, көршілес отырған халықтармен кәсіптері бір, қатынасы мол болған соң, олардың салттары да зор әсер беріп, бұрынғы тұрмысы үсті-үстіне тотықтыра бермекші. Кейінгі жаңа буынның жастары жақын, көршілес халықтың салтын әуес қылып қолдана бастайды. Ел арасына сыбайлас көрші отырған халықтың түрлі рәсімдері, өлең-жырлары тарала бастайды. Міне, осы ретпен халық бұрынғы кездегі салтынан, қолданып жүрген халық әдебиетінен заман өте - өте бүтіндей тотығады. Ескілікті өлең-жырларды жаңа буын жастары білмейді. Аздап кәрі құлақты ескі кісілердің ғана жадында қалады. Ондай ескілікті халық әдебиетін әуес қылатын адамдардың өзі де ел арасында сирек қалады. Қазіргі уақыттағы қазақ-қырғыз халқының жалпы хәлін алсақ, жоғары айтқандарды тап басады. Шет халықтарымен сыбайлас отырған жердің жаңа буын оқымаған жастары бұрынғы уақыттағы: Ала бием тай табар, Мінсем көңілім жай табар. Мен қалқамды сағындым, Сәлемімді айта бар, — деп айтатын ескі халық өлеңдерінің орнына: Ах-ау не дарит, не шумит, Биуаш гуляйт. Гуляйт болмасаң черномайт Ах-ау не дарит, не шумит, болмаса: Люблю, люблю, мамажай, Люблю тебе айуажай. Черт тебе ох, милый мой, Ташкент уезжай. Міне, осы сияқты іске аспайтын өлеңдер халық арасына сіңіп орын алып, қазіргі күнде бұрынғы тақпақ, үлгілі билер сөзі ел арасында атымен жойылып барады деп айтуға болады. Ел тағдырын қолына алған пысықша атқамінерлер, аздап шала-пұла орысша білетін закөншік болыстар, олардың бәрі де бұрынғы үлгілі сөзді билердің орнын баспақ түгіл, қазақтың, түзу екі сөзінің басын қосып сөйлей білмейді. Ел арасында халық әдебиетінің көмескілене бастауына екі күшті себеп: соғыс әлегі, ашаршылық апаты болды. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама», — дегендей шаруасы күйзеліп, естен таңдырып бас көтерместей қылып кетті. Талас жоқ, қашан да болса халықтың шаруасы күйзеліп, тұрмысы нашарласа, халық әдебиеті көмескіленіп жоғала бастайды. Сондықтан халық әдебиетін жинап, жарыққа шығаруды мақсат қылушылар ел арасында халық әдебиетінің із-түзі бар кезінде жинап қалуға қам қылу керек. Егер салақтық қылып, ермек еткен сияқты оқтын-оқтын үн шығарып, ескі үйреншікті әдетімізге салынсақ, біраз жылдың ішінде халық әдебиетінен жұрдай болуымыз айдан анық. Ел арасынан халық әдебиетін жинау туралы бұл күнге шейін Түркістан Білім Комиссариатының біраз еңбегі болмаса, жай құрғақ сөзден басқа көзге көрінерлік еш нәрсе де істелген жоқ. Қазақстан мәтбұғатында халық әдебиетін жинау туралы 20-жылы «Еңбек туында» бір мақала һәм 22-жылы «Бостандық туында» бір-бір мақала басылып еді. Одан бері олардың да мәтбұғаты халық әдебиеті туралы «жым-жырт» ойлағандай болып жатыр. Енді өткенге салауат, бірақ жұртшылығымызды ашық көрсетіп халық әдебиетін жинаудың шарасына кірісуіміз керек. Меніңше, халық әдебиетін жинауға қолайы бар адамдар оқыған шәкірттер болуы. Шәкірттер жаз елдеріне бара алған жақтарында халық әдебиетін жинап, керекті тауып пайдаланатын, басылып жарыққа шығаратын баспасөз майданына түсетін жерге жеткізуі керек. Және жинаушы шәкірттердің аса күш салып жинайтыны ескі, халық арасына өлеңдері кең тараған ақындардың өлеңдері, олардың өмірі, қай уақытта болғандығы туралы мағлұмат жинауға кірісуі керек. Әсілі ескі әдебиетімізді жинауға жас оқығандарымыз күш көрсетпесе, халық әдебиетімен аз жылдың ішінде ашық қоштасамыз. Мұны оқыған сергек, әдебиеттің қадірін білетін азаматтар еске алуы өте қажет. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 12:24 10374

Халық әдебиеті туралы

Әдебиетті әдебиет тарихы бойынша тексергенде екіге бөлінеді. Бірінші, халық әдебиеті, екінші, жазба әдебиет.

Халық әдебиеті деп бір халықтың мәдениет жүзінде жас болып, оқу, оқыту деген нәрселер болмаған надан шағында сол халықтың арасында ауыздан ауызға көшіп, бірден бірге қалып айтылып жүрген: өлең, жыр, ертек, мақал, жаңылтпаш, айырым бесік жырлары, діндар өлеңдер, үлгілі әңгімелер, жын, шайтан, аруақтар туралы айтылған әр түрлі хикаялар, халық дәрігерлігі, олардың жері, сиқырлар, албастылар һәм басқа да осылар сияқты сөздердің бірсыпырасы халық әдебиетіне жатады. Халық әдебиетіңде жоғарғыларды кім айтып, кім шығарғандығы, анық иесі мәлім болмайды. Ескі білетін кісілерден кім ұғып жаттап айтса, сол ие болып, бірден-бірге тапсырылып жүре береді. Ондай белгілі иесі болмаған сездер жалпы халыққа ортақ мүлік есебінде қалып отырады. Сондықтан жоғарғы айтылған адамның құлқына, тіршілігіне пайдалы жалпы халыққа ортақ сөздер халық әдебиеті деп аталады.

Жазба әдебиет болса, халықтың әлгі мәдениетке аяқ басып, араларына өнер-білімнің таралған, сөздің қадірі артқан, іштерінен белгілі ақындар, шешендер шыққан шағында, солардың қолымен жазып, яки тасқа бастырып шығарған өлеңдері, үлгілі сөздері жазба әдебиетке жатады.

Жазба әдебиеттің қайраткерлері туысынан талантты болған, маңайындағы көрінген түрлі көрініс, оқиғаларды ашық суреттеп отыратын заманның тілшісі болады. Оқымыстылар бір халықтың келешектегі болатын бағасын тексергенде, алдымен сол халықтың әдебиетін қолға алып қарайды. Бұл халыққа тұлға болатын негізгі ірі нәрсенің бірі сол халықтың әдебиеті деп санайды.

Біздің қазақ-қырғыз халқы әдебиетінің тарихын тексерген шет жұрттың оқымыстылары қазақ-қырғыз халқының әдебиетіне қарап, қазақ-қырғыз халқы өзі тұрғылас халықтардың арасында әдебиетіне бай, басқалардан бұлардың болашағы гүлді, түбінде іргелі ел болады деп ой жүргізетін. Һәм біздің өз жазушыларымыз деп қазақ-қырғыз елінің халық әдебиетін басқа жұрттық халық әдебиетімен салыстырып, халық әдебиетіне баймыз, болашағымыз гүлді деп жобалап қуанатын. Бірақ біздің халық әдебиетіне баймыз деп ауызбен айтып құр жұбанып, құр қуанғанымыз болмаса, әлі күнге халық әдебиетін жарыққа шығару туралы аса күрделі іс істеп жүргеніміз жоқ. Халық әдебиеті жиналып, жазылып қағаз бетіне түспесе, бірден бірге ауызға тапсырылып жүргенде, қайта жоғалып өшпесе, өнбейді.

Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы — халықтың шаруасы күйлі, жері кең, үдере көшіп, ен жайлап, сауық-сайран, мереке қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық- сайран сиреп жоғала бастайды.

Халық бір түрлі тұрмыстан екінші тұрмысқа көшкен соң, бұрынғы тұрмыстың шағында қолданған ғұрып-ғадет, түрлі рәсімдердің бәрі де ескіріп, тотыға бастайды. Осымен қабат бұрынғы сауықшыл кездегі ауыздан ауызға көшіп жүрген өлең, жыр, тақпақ, мақал, айтыс өлеңдер сияқты халық әдебиеті де тотығып, жоғала бастайды.

Екінші, бөгде, көршілес отырған халықтармен кәсіптері бір, қатынасы мол болған соң, олардың салттары да зор әсер беріп, бұрынғы тұрмысы үсті-үстіне тотықтыра бермекші. Кейінгі жаңа буынның жастары жақын, көршілес халықтың салтын әуес қылып қолдана бастайды. Ел арасына сыбайлас көрші отырған халықтың түрлі рәсімдері, өлең-жырлары тарала бастайды. Міне, осы ретпен халық бұрынғы кездегі салтынан, қолданып жүрген халық әдебиетінен заман өте - өте бүтіндей тотығады. Ескілікті өлең-жырларды жаңа буын жастары білмейді.

Аздап кәрі құлақты ескі кісілердің ғана жадында қалады. Ондай ескілікті халық әдебиетін әуес қылатын адамдардың өзі де ел арасында сирек қалады.

Қазіргі уақыттағы қазақ-қырғыз халқының жалпы хәлін алсақ, жоғары айтқандарды тап басады. Шет халықтарымен сыбайлас отырған жердің жаңа буын оқымаған жастары бұрынғы уақыттағы:

Ала бием тай табар,

Мінсем көңілім жай табар.

Мен қалқамды сағындым,

Сәлемімді айта бар, —

деп айтатын ескі халық өлеңдерінің орнына:

Ах-ау не дарит, не шумит,

Биуаш гуляйт.

Гуляйт болмасаң черномайт

Ах-ау не дарит, не шумит,

болмаса:

Люблю, люблю, мамажай,

Люблю тебе айуажай.

Черт тебе ох, милый мой,

Ташкент уезжай.

Міне, осы сияқты іске аспайтын өлеңдер халық арасына сіңіп орын алып, қазіргі күнде бұрынғы тақпақ, үлгілі билер сөзі ел арасында атымен жойылып барады деп айтуға болады. Ел тағдырын қолына алған пысықша атқамінерлер, аздап шала-пұла орысша білетін закөншік болыстар, олардың бәрі де бұрынғы үлгілі сөзді билердің орнын баспақ түгіл, қазақтың, түзу екі сөзінің басын қосып сөйлей білмейді.

Ел арасында халық әдебиетінің көмескілене бастауына екі күшті себеп: соғыс әлегі, ашаршылық апаты болды. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама», — дегендей шаруасы күйзеліп, естен таңдырып бас көтерместей қылып кетті. Талас жоқ, қашан да болса халықтың шаруасы күйзеліп, тұрмысы нашарласа, халық әдебиеті көмескіленіп жоғала бастайды. Сондықтан халық әдебиетін жинап, жарыққа шығаруды мақсат қылушылар ел арасында халық әдебиетінің із-түзі бар кезінде жинап қалуға қам қылу керек. Егер салақтық қылып, ермек еткен сияқты оқтын-оқтын үн шығарып, ескі үйреншікті әдетімізге салынсақ, біраз жылдың ішінде халық әдебиетінен жұрдай болуымыз айдан анық.

Ел арасынан халық әдебиетін жинау туралы бұл күнге шейін Түркістан Білім Комиссариатының біраз еңбегі болмаса, жай құрғақ сөзден басқа көзге көрінерлік еш нәрсе де істелген жоқ. Қазақстан мәтбұғатында халық әдебиетін жинау туралы 20-жылы «Еңбек туында» бір мақала һәм 22-жылы «Бостандық туында» бір-бір мақала басылып еді. Одан бері олардың да мәтбұғаты халық әдебиеті туралы «жым-жырт» ойлағандай болып жатыр. Енді өткенге салауат, бірақ жұртшылығымызды ашық көрсетіп халық әдебиетін жинаудың шарасына кірісуіміз керек. Меніңше, халық әдебиетін жинауға қолайы бар адамдар оқыған шәкірттер болуы. Шәкірттер жаз елдеріне бара алған жақтарында халық әдебиетін жинап, керекті тауып пайдаланатын, басылып жарыққа шығаратын баспасөз майданына түсетін жерге жеткізуі керек. Және жинаушы шәкірттердің аса күш салып жинайтыны ескі, халық арасына өлеңдері кең тараған ақындардың өлеңдері, олардың өмірі, қай уақытта болғандығы туралы мағлұмат жинауға кірісуі керек. Әсілі ескі әдебиетімізді жинауға жас оқығандарымыз күш көрсетпесе, халық әдебиетімен аз жылдың ішінде ашық қоштасамыз. Мұны оқыған сергек, әдебиеттің қадірін білетін азаматтар еске алуы өте қажет.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға