Жаңалықтар

Өз жайымнан мағлұмат

Өз жайымнан мағлұмат Мен 1897 жылы сентябрьдің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Тобықты іші. Шыңғыс болысында. Менің аталарым қожа, алғашқы шыққан жерлері Қаратау деуші еді. Үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресінен бала кезімде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасын Бақсайыс дейді. Бұл Арқадағы қожа атаулының барлығының ұран қылатын ең қадірлі, атақты қожа(сы) болса керек. Тобықты ортасында, әлде қожалардың көп айтып құлағына сіңіргендіктен бе, болмаса елдің өзі де діндарлау заманында бірдеме-бірдеме естіген бе, әйтеуір Бақсайысты әншейін қара үй қазақтың да көбі біледі. Кейде баласын таба алмаған қатын сияқты қысылғандар Бақсайыстың аруағын айтқыш сияқты көрінеді. Сол Бақсайыс жаңағы айтқан шежіреде менің әкем Омарханға 18-ші ата болып келуші еді. Тым кәрірек көрінеді. Егер сол Бақсайыс қазақ ішінде тіршілік еткен адам болса, онда менің аталарым ерте күнде қазаққа келген болу керек. Жоқ Бақсайысты бергі қожалар айтып ұғындырған болса, ондағысын өздері біледі. Қайтсе де бұл қожалардың қазақпен араласып, қазақтан қыз алып, қыз беріп, қазақша тұра бастағанының өзіне де бірталай заман болған сияқты. Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп Найман ішінен келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа Тобықты ішіне келген соң. бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы жақын болып Тобықты ішінен қоныс алып мекен етіп тұрып қалған. Бердіқожа өзге қожаларша қожалық үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме мен оны білмеймін. Солай қылды деген сөзді естігенім жоқ. Одан бері үлкен әкем Әуез, өз әкем Омархан аты қожа дегені болмаса қожалықтың жолында істеген өзге қара қазақтан бөтен ешбір ісі болған жоқ, бұлай болуына да қисыны жоқ. Өйткені Тобықты іші ертеден соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты. Ӏшінен Құнанбай, Абай сияқты кісілер шыққан соң бос фанатизм, қараңғы наным азайып ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да, көптің ауқымына түсіп, бұрынғы ата кәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы өтті. Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді. Ауылымыз да өздерін қожа деп көп айтпай, Құнанбайдың балаларымен, немерелерімен туысып араласып кеткен туысқан есепті санайтын. Осының барлығының салдарынан менің үлкен әкемнің жас шағынан бері қарай бұл қожалардың қиял қылған нәрсесі өзге қара қазақтың әдет салтынан ешбір айрылмағандай болады. Ауылдың үлкендері болса бәйге ат ұстап, ас пен тойда ат қосуды салт қылып, жігіті балуан болып, күрескіштікті өнер көріп, бір алуаны мал баққыш, жауынгер, ұры түсіргіштікті салт қылып, кейбірі сауықты, аңшылықты әдет қылып, көп күндері сонымен өткендей. Өзім туып ес біле бастағанда ауылымыздың қара қазақтығы, маңайындағы елдің қалпынан биттей де айырылмайтын сияқты еді. Сондықтан бала күнімнен қожалық деген нәрсенің салты, пішіні қайсы екенін өз ауылымнан көріп білген емеспін. Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім. Бір жылы күзді күні ауылымызға біздің қожалардың Сыбан ішіндегі бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ ауылымызға бір суық жат тәртіп ала келгендей болды. Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаң аяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп, алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп кетіп жататын қонақтардың ішінде солардай ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи құран зулатады. Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырғалаңдап жүрсек те таңертеңгі намазда қолдарына ұзын-ұзын тәсбиқ алып «зікір» салған уақыттарында ылғи есіктен қарап қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Солардан соң толық қожаны көрген емеспіз. Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің алдынан хат танып, түркі оқитын болған соң 9—10 жасымда әкеммен бір туысқан ағам Қасымбек қасына алып, басында бір жыл Семейдегі Камали деген қазіреттің медіресесінде мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға берді. Орыс оқуына әуелі өзі дайындады. Содан кейін бір қыс ел ішіндегі ауылнай школдан Әбіш Қасенов деген Семей семинариясын бітіріп шыққан қазақ учителінен оқып, келесі жылы күз Семейдің «5 класный городской училищесіне» түстім. Содан әрі мектептегі оқу тәртіппен кетті. Қалаға барып оқи бастағанға шейін ауылда өткен балалық уақытында әкелерімнің үнемі оқытатыны Абай өлеңдері болатын. Ол кезде Абай жазба. Бірақ елдің басты адамдары балаларына оқыту үшін Абай кітабын, белгілі кітап көшіргіш молдаларға ақша беріп әдейі жазғызып алатын. Мен бері келіп ес білген заманға шейін сондай көшірушілікпен күн кешкен кісі Мүрсейіт деген молда еді. Ол соны кәсіп қылып алған. Абайдың қара сөзі мен өлеңін түгел көшіріп бергеніне бес теңге ақы алушы еді. Бір жыл жазғытұрым өз әкем «Абай кітабы келеді» деп өзімді көп уақыт, бір үлкен қызық сый беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Содан ел қыстаудан көшкенше күндіз-түні өзі үйде болған уақытта Абай өлеңдерін жаттатып, соны ылғи айтқызып, тыңдап жақсылап жаттап алмаған жерлерімді қайтадан отырғызып, қайта жаттатушы еді. Абайдың өлеңін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да ұйқасының өзі де қызықтырғандай әсер ететін. Бірақ әкем ылғи жаттауға бергенде қайдағы ұзақ, қиын сөздерін беретін. Соның ішінде «Ат сынынан» бастап, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңдерін жаттатқаны есімде бар. Бір уақыт «Масғұтты», «Ескендірді» де жаттатты. Сол жазғытұрымдай ауыр салмақ көрген уақытым жоқ еді. Бұрын шаруа істеп, мал бағып, тәртіпті еңбекке салынған жерім жоқ болатын. Өйткені бір шешеден жалғыз еркек бала болып, үлкен шешемнің қолында өскен еркелеу бала болдым. Өзіміздің дәулеті(міз) орта, яки ортадан көрі де жоғарырақ болатын. Өз әкем де бір шешеден жалғыз болған, оның үстіне еркек баланы қырыққа таман жақындаған кезінде, зарығыңқырап барып көрген. Соның бәрі маған бейнетсіз, тоғышар, қарақан, бурақан үй тентек бала болып өсуіме құрық бергендей болып еді. Сонымен ең алғашқы «тізені» Абайдан көрдім. Өлеңін күндіз де, түнде де жаттадым. Әкем жаттатып тыңдағаннан басқа, ештеңе қоспайды, көп мақтамайды да, бірақ, білмесем ұрсып та қоятын болды. Анда-санда ғана аса үлкен өлеңді күн-түн жаттап, зорлықпен ғана бірдеме қылып айтып шығатын болғанда, сүйсініп мақтаған болатын. Кейде шын риза болғаны ғой деймін. Өзі құс атуға шыққанда қасына ертіп алып, атқан құстарын беріп үйге қайтарып: «Өзім келгенше пәлен өлеңді жаттап қой», — деп тағы да жүк артатын. Сонымен бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім. Бері келіп, орыс оқуына келген соң Абай алыстап қалды. 1909 жылы әкем де өлді. Бірақ әкемнен кейінгі әке сияқты болып, тәрбиелеп баулитын атам, Қасымбек еді. Сонымен қыс-жазы бірге жүріп оқу оқыдым. 15-ші жыл(ы) городское училищені бітіріп, күз семинарияға түстім. Арасында ауырып, оқуды бірлі-жарымды тоқтатып доғарып қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы шала-шарпы бітірдім. Бұл кездерде февраль төңкерісі болған. 1919-ші жылдың аяғында кеңес өзгерісі болды, әлеумет қызметіне араласып кеттік. Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал мақалаларынан басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде(гі): «Адамдық негізі әйел» деген нәрсе еді. Бұл.анығында менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі болатын. Негізгі пікір сонікі еді, мен соның пікірімен жаздым. Мақаланы бергенімізде ешқайсымыздың қолымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса Сәлімбеков пе біреуі мен әкеп берген соң, «семинарист Әуезов» деп аяғына қол қойып жіберіпті. Содан кейінгі баспа сөзіне толығырақ араласқаным 1918 жылы «Абай» журналының шығуымен байланысты. Ондағы сөздерде сырлы әдебиет емес, жалпы мақалалар, балалықтың, жастықтың әр сайға басын соққан сайдалысы, далбасалығы сияқты. Сырлы әдебиетке кірісуді пьеса жазудан бастадым10 1918 жылдың 1919 жылға қараған қысында сүзек болып ауырып, оқуды тастап қырға шығып тұрып едім. Сонда ең алғашқы пьесам «Ел ағасы» деген перделі драма жаздым. Шу дегеннен пьесадан, драмадан бастаудың өзі де белден шапқан сияқты орынсыз басталған құр кеуде болатын. Бұл да көп сандырақтың бірі — берекесіз кездер еді. Сол сорлы пьесам қайда екенін осы күнге шейін білмеймін. Өзімде қарасы да қалған жоқ. Қыс бойы елде болып, жаз тағы елде болдым. Ондағы жазғаным «Бәйбіше — тоқал». Жиырмасыншы жыл мардымсыз өтті. Келесі қыста 1920-шы жылдың аяғында «Қорғансыздың күні» деген әңгімені жаздым. Сол қыста ең алғашқы рет «Еңлік — Кебекті» жаздым. Бұл Семейде ойналып, құлап шықты. Ойнауға ауыр, сахнаға қолайсыз болды. Соны келесі жылы 1921 — 1922-ші жылдың январында Оралға аштықпен күресеміз деп барғанда, Теке қаласында тұрып түзеттім, Орынборға келіп баспаға бердім. 1922—1923-ші жылдың қысында Ташкентте «Шолпан» журналын шығардық. Сонда біраз әңгімелер бастырдым. 1924-ші жыл(ы) қыс елде тұрып бір роман жазып едім, ол әлі баспада шыққан жоқ. Ташкенде тұрған уақытта бір пьеса жаздым. Ол да әлі шыққан жоқ. 1925-ші жылы Семейде «Таң» журналын шығардық Сонда бірнеше әңгімелерім басылды. Сол қыста «Қаракөзді» жаздым. 1926—1927-ші жылы «Сұғанақ сұр» деген повесть жазып едім, баспаға шықпады. 1927-ші жылдың күзінен бері «Қараш-Қараш оқиғасы» деген бір повесть жазып «Жаңа мектепке» жібердім. Аяғында жақында «Қилы заман» деген бір ұзақ әңгіме жазып, Госиздатқа жібердім. Ірі жазғандарым осы. Қазақ жазушыларынан әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз, қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып кіндік кескен жерді сүюмен бара-бар болатыны бар. Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара-қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып күндегі өмірдің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басын озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет — әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, ете сенімсіз деп білемін. Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психологизм араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы. Мына екеуіне қарағанда өзің де ұяласың, өзің үшін де ұяласың. Жан құдайының алып жұртын көргендей болып кішірейіп,тапталып қаласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін. Европаның жазушысында Анатоль Франсты жақсы көрем. Бұның алуаны өзгелерден бөлек. Терең білімге, сыншы ақылға бой ұрған данышпан жазушы. «Чтобы быть прекрасным, надо быть разумным», — деген Еврипид айтқандай, бұл ірі жазушылықтың екінші бір тұрғысы сияқтанады. Мухтар. Ленинград, ғинуардың 29-ы. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 11:01 8353

Өз жайымнан мағлұмат

Мен 1897 жылы сентябрьдің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Тобықты іші. Шыңғыс болысында. Менің аталарым қожа, алғашқы шыққан жерлері Қаратау деуші еді. Үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресінен бала кезімде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасын Бақсайыс дейді. Бұл Арқадағы қожа атаулының барлығының ұран қылатын ең қадірлі, атақты қожа(сы) болса керек. Тобықты ортасында, әлде қожалардың көп айтып құлағына сіңіргендіктен бе, болмаса елдің өзі де діндарлау заманында бірдеме-бірдеме естіген бе, әйтеуір Бақсайысты әншейін қара үй қазақтың да көбі біледі. Кейде баласын таба алмаған қатын сияқты қысылғандар Бақсайыстың аруағын айтқыш сияқты көрінеді. Сол Бақсайыс жаңағы айтқан шежіреде менің әкем Омарханға 18-ші ата болып келуші еді. Тым кәрірек көрінеді. Егер сол Бақсайыс қазақ ішінде тіршілік еткен адам болса, онда менің аталарым ерте күнде қазаққа келген болу керек. Жоқ Бақсайысты бергі қожалар айтып ұғындырған болса, ондағысын өздері біледі. Қайтсе де бұл қожалардың қазақпен араласып, қазақтан қыз алып, қыз беріп, қазақша тұра бастағанының өзіне де бірталай заман болған сияқты.

Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп Найман ішінен келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа Тобықты ішіне келген соң. бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы жақын болып Тобықты ішінен қоныс алып мекен етіп тұрып қалған.

Бердіқожа өзге қожаларша қожалық үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме мен оны білмеймін. Солай қылды деген сөзді естігенім жоқ. Одан бері үлкен әкем Әуез, өз әкем Омархан аты қожа дегені болмаса қожалықтың жолында істеген өзге қара қазақтан бөтен ешбір ісі болған жоқ, бұлай болуына да қисыны жоқ. Өйткені Тобықты іші ертеден соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты. Ӏшінен Құнанбай, Абай сияқты кісілер шыққан соң бос фанатизм, қараңғы наным азайып ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да, көптің ауқымына түсіп, бұрынғы ата кәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы өтті. Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді.

Ауылымыз да өздерін қожа деп көп айтпай, Құнанбайдың балаларымен, немерелерімен туысып араласып кеткен туысқан есепті санайтын. Осының барлығының салдарынан менің үлкен әкемнің жас шағынан бері қарай бұл қожалардың қиял қылған нәрсесі өзге қара қазақтың әдет салтынан ешбір айрылмағандай болады. Ауылдың үлкендері болса бәйге ат ұстап, ас пен тойда ат қосуды салт қылып, жігіті балуан болып, күрескіштікті өнер көріп, бір алуаны мал баққыш, жауынгер, ұры түсіргіштікті салт қылып, кейбірі сауықты, аңшылықты әдет қылып, көп күндері сонымен өткендей. Өзім туып ес біле бастағанда ауылымыздың қара қазақтығы, маңайындағы елдің қалпынан биттей де айырылмайтын сияқты еді. Сондықтан бала күнімнен қожалық деген нәрсенің салты, пішіні қайсы екенін өз ауылымнан көріп білген емеспін.

Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім. Бір жылы күзді күні ауылымызға біздің қожалардың Сыбан ішіндегі бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ ауылымызға бір суық жат тәртіп ала келгендей болды. Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаң аяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп, алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп кетіп жататын қонақтардың ішінде солардай ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи құран зулатады.

Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырғалаңдап жүрсек те таңертеңгі намазда қолдарына ұзын-ұзын тәсбиқ алып «зікір» салған уақыттарында ылғи есіктен қарап қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Солардан соң толық қожаны көрген емеспіз.

Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің алдынан хат танып, түркі оқитын болған соң 9—10 жасымда әкеммен бір туысқан ағам Қасымбек қасына алып, басында бір жыл Семейдегі Камали деген қазіреттің медіресесінде мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға берді. Орыс оқуына әуелі өзі дайындады. Содан кейін бір қыс ел ішіндегі ауылнай школдан Әбіш Қасенов деген Семей семинариясын бітіріп шыққан қазақ учителінен оқып, келесі жылы күз Семейдің «5 класный городской училищесіне» түстім. Содан әрі мектептегі оқу тәртіппен кетті.

Қалаға барып оқи бастағанға шейін ауылда өткен балалық уақытында әкелерімнің үнемі оқытатыны Абай өлеңдері болатын. Ол кезде Абай жазба. Бірақ елдің басты адамдары балаларына оқыту үшін Абай кітабын, белгілі кітап көшіргіш молдаларға ақша беріп әдейі жазғызып алатын.

Мен бері келіп ес білген заманға шейін сондай көшірушілікпен күн кешкен кісі Мүрсейіт деген молда еді. Ол соны кәсіп қылып алған. Абайдың қара сөзі мен өлеңін түгел көшіріп бергеніне бес теңге ақы алушы еді. Бір жыл жазғытұрым өз әкем «Абай кітабы келеді» деп өзімді көп уақыт, бір үлкен қызық сый беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді.

Содан ел қыстаудан көшкенше күндіз-түні өзі үйде болған уақытта Абай өлеңдерін жаттатып, соны ылғи айтқызып, тыңдап жақсылап жаттап алмаған жерлерімді қайтадан отырғызып, қайта жаттатушы еді. Абайдың өлеңін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да ұйқасының өзі де қызықтырғандай әсер ететін. Бірақ әкем ылғи жаттауға бергенде қайдағы ұзақ, қиын сөздерін беретін. Соның ішінде «Ат сынынан» бастап, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңдерін жаттатқаны есімде бар. Бір уақыт «Масғұтты», «Ескендірді» де жаттатты. Сол жазғытұрымдай ауыр салмақ көрген уақытым жоқ еді. Бұрын шаруа істеп, мал бағып, тәртіпті еңбекке салынған жерім жоқ болатын. Өйткені бір шешеден жалғыз еркек бала болып, үлкен шешемнің қолында өскен еркелеу бала болдым. Өзіміздің дәулеті(міз) орта, яки ортадан көрі де жоғарырақ болатын. Өз әкем де бір шешеден жалғыз болған, оның үстіне еркек баланы қырыққа таман жақындаған кезінде, зарығыңқырап барып көрген. Соның бәрі маған бейнетсіз, тоғышар, қарақан, бурақан үй тентек бала болып өсуіме құрық бергендей болып еді.

Сонымен ең алғашқы «тізені» Абайдан көрдім. Өлеңін күндіз де, түнде де жаттадым. Әкем жаттатып тыңдағаннан басқа, ештеңе қоспайды, көп мақтамайды да, бірақ, білмесем ұрсып та қоятын болды. Анда-санда ғана аса үлкен өлеңді күн-түн жаттап, зорлықпен ғана бірдеме қылып айтып шығатын болғанда, сүйсініп мақтаған болатын. Кейде шын риза болғаны ғой деймін. Өзі құс атуға шыққанда қасына ертіп алып, атқан құстарын беріп үйге қайтарып: «Өзім келгенше пәлен өлеңді жаттап қой», — деп тағы да жүк артатын. Сонымен бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім. Бері келіп, орыс оқуына келген соң Абай алыстап қалды. 1909 жылы әкем де өлді.

Бірақ әкемнен кейінгі әке сияқты болып, тәрбиелеп баулитын атам, Қасымбек еді. Сонымен қыс-жазы бірге жүріп оқу оқыдым. 15-ші жыл(ы) городское училищені бітіріп, күз семинарияға түстім.

Арасында ауырып, оқуды бірлі-жарымды тоқтатып доғарып қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы шала-шарпы бітірдім.

Бұл кездерде февраль төңкерісі болған. 1919-ші жылдың аяғында кеңес өзгерісі болды, әлеумет қызметіне араласып кеттік.

Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал мақалаларынан басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде(гі): «Адамдық негізі әйел» деген нәрсе еді. Бұл.анығында менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі болатын. Негізгі пікір сонікі еді, мен соның пікірімен жаздым. Мақаланы бергенімізде ешқайсымыздың қолымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса Сәлімбеков пе біреуі мен әкеп берген соң, «семинарист Әуезов» деп аяғына қол қойып жіберіпті. Содан кейінгі баспа сөзіне толығырақ араласқаным 1918 жылы «Абай» журналының шығуымен байланысты. Ондағы сөздерде сырлы әдебиет емес, жалпы мақалалар, балалықтың, жастықтың әр сайға басын соққан сайдалысы, далбасалығы сияқты.

Сырлы әдебиетке кірісуді пьеса жазудан бастадым10 1918 жылдың 1919 жылға қараған қысында сүзек болып ауырып, оқуды тастап қырға шығып тұрып едім. Сонда ең алғашқы пьесам «Ел ағасы» деген перделі драма жаздым. Шу дегеннен пьесадан, драмадан бастаудың өзі де белден шапқан сияқты орынсыз басталған құр кеуде болатын. Бұл да көп сандырақтың бірі — берекесіз кездер еді. Сол сорлы пьесам қайда екенін осы күнге шейін білмеймін. Өзімде қарасы да қалған жоқ.

Қыс бойы елде болып, жаз тағы елде болдым. Ондағы жазғаным «Бәйбіше — тоқал». Жиырмасыншы жыл мардымсыз өтті. Келесі қыста 1920-шы жылдың аяғында «Қорғансыздың күні» деген әңгімені жаздым. Сол қыста ең алғашқы рет «Еңлік — Кебекті» жаздым. Бұл Семейде ойналып, құлап шықты. Ойнауға ауыр, сахнаға қолайсыз болды. Соны келесі жылы 1921 — 1922-ші жылдың январында Оралға аштықпен күресеміз деп барғанда, Теке қаласында тұрып түзеттім, Орынборға келіп баспаға бердім.

1922—1923-ші жылдың қысында Ташкентте «Шолпан» журналын шығардық. Сонда біраз әңгімелер бастырдым. 1924-ші жыл(ы) қыс елде тұрып бір роман жазып едім, ол әлі баспада шыққан жоқ. Ташкенде тұрған уақытта бір пьеса жаздым. Ол да әлі шыққан жоқ.

1925-ші жылы Семейде «Таң» журналын шығардық Сонда бірнеше әңгімелерім басылды. Сол қыста «Қаракөзді» жаздым.

1926—1927-ші жылы «Сұғанақ сұр» деген повесть жазып едім, баспаға шықпады. 1927-ші жылдың күзінен бері «Қараш-Қараш оқиғасы» деген бір повесть жазып «Жаңа мектепке» жібердім. Аяғында жақында «Қилы заман» деген бір ұзақ әңгіме жазып, Госиздатқа жібердім. Ірі жазғандарым осы.

Қазақ жазушыларынан әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз, қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып кіндік кескен жерді сүюмен бара-бар болатыны бар.

Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара-қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып күндегі өмірдің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басын озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет — әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, ете сенімсіз деп білемін.

Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психологизм араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы. Мына екеуіне қарағанда өзің де ұяласың, өзің үшін де ұяласың. Жан құдайының алып жұртын көргендей болып кішірейіп,тапталып қаласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін.

Европаның жазушысында Анатоль Франсты жақсы көрем. Бұның алуаны өзгелерден бөлек. Терең білімге, сыншы ақылға бой ұрған данышпан жазушы. «Чтобы быть прекрасным, надо быть разумным», — деген Еврипид айтқандай, бұл ірі жазушылықтың екінші бір тұрғысы сияқтанады.

Мухтар.

Ленинград, ғинуардың 29-ы.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға