Қазақстан тарихында тұлғаларға ерекше мән беру керек – А.Абпазов
Жаңа тарих оқулықтарын жазу кезінде тарихи тұлғаларға ерекше мән беру керек. Х.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Айдос Абпазов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Марат Тәжиннің баяндамасы тарих ғылымының дамуына үлкен серпіліс әкелді деуге болады, әрбір тарихшы пәнді алдағы уақытта қалай оқыту қажеттігі туралы ойлана бастады. Проблема өте көп, 20 жылдың ішінде Қазақстанда тарих ғылымы бірқатар өзгерістерге ұшырады, ал қазір ол түбегейлі қайта қарауды қажет етіп отыр», - деп атап өтті А.Абпазов.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жүрген жас тарихшылар оқулықтардың мазмұнына байланысты көп кедергілерге тап болуда.
«Тарихшылар мектептерде оқушылардың, жоғары оқу орындарында студенттердің білім деңгейін анықтап, бөліп қарастыруы қажет. Оқушылар үшін түсінікті оқулықтар жазып, патриотизмнің деңгейін көтеру керек. Ал ЖОО-лар үшін оқу құралы тарихты одан әрі байыпты зерделеуге бағытталуы тиіс», - деп есептейді сарапшы.
«Педагог ретінде тарих оқулықтары тұтас картинаны жасап қана қоймай, патриотизмге баулуы тиіс екенін айта аламын. Ал біздің оқулықтар тарихнама, мәдениеттанудан басталады», - деп атап өтті А.Абпазов.
«Мәселен, еуропа елдерінің оқулықтарына үңілсеңіз, бәрі саяси тарихтан басталады. Яғни, тұлғаларға, қол бастаған көсемдерге, алғашқы жорықтар мен аумақтың қалай кеңейгеніне ерекше мән беру керек», - деп толықтырды ол.