Дубай билігі аты аңызға айналған футболшы Диего Марадонаны жат қылығы үшін елге кіргізбей отыр
Белгілі болғандай, шілде айының бас кезінде Диего Марадонаға Дубайдың спорт саласындағы арнайы өкілі болып істеуіне мүмкіндік беретін келісімшарттың мерзімі ұзартылған болатын. Muslim.kz сайтының жазуынша, кейін ол бұрынғы нақсүйерінің туған күнін тойлау үшін Аргентинаға кетіп қалады. Осыдан кейін аргентиналық бұқаралық ақпарат құралдарында жартылай жалаңаштанған қыз-келіншектердің ортасында тұрған Марадонаның суреті жарық көреді. Көшеде кетіп бара жатып, құшақ айқастырғаны үшін адамдарды абақтыға жабу жазасы үстемдік ететін Дубайда футболшының ерсі қылығы былайғы жұрттың наразылығын тудырған еді.
Алайда, футболшымен бекітілген келісімшарт өз күшін жоймайтын болды. Келісімшартқа сәйкес ол 5 млн. доллар қаржыны қалтасына басады. Спортшының қорғаушысы айтқандай, 10 күннен соң футболшы Дубайға қайтып оралады. Әзірге оған виза аштыру мүмкін болмай тұр.
ҚазАқпарат.