"Мәншүк туралы дастан"
Албырт ғұмырын отқа оранып, 20 жаста қиылған жауқазын өмір, Кеңес Одағының батыры атанған тұңғыш қазақ қызы Мәншүк Мәметова жайында фильм түсірілген болатын. Ол - «Мәншүк туралы дастан» деп аталады. Фильм 1980 жылы түсірілді. Фильмнің сценарийін Андрей Михалков-Кончаловский жазды. Кинода басты рөлідердің бірі - Мәншүк рөлінде Арынбасарова Наталья Өтеуліқызы ойнады. Ол «Балерина боламын» деген бала арманымен тоғыз жасында Алматыда барлық сынақтарды үздік тапсырып, бір жылдан соң Мәскеуге жіберіледі. Тынымсыз жаттығулар мен балеттік тәлім-тәрбиенің бір де бірінен қалмай, «балет жұлдызы» жолында аянбай еңбек етеді. Дегенмен, тағдыр жолы жас қызды балет емес, кино әлеміне бұрып әкетеді. 16 жасында тұңғыш рет «Алғашқы ұстаз» фильмінде Алтынайдың рөлін сомдайды, 22 жасында қазақтың батыр қызы Мәншүктің бейнесін кадрден айнытпай жеткізеді. Оның сыртқы келбеті де Мәншүкке қатты ұқсайтын. Тағдырдың жазуымен атақты Михалков-Кончаловскийлардың отбасына келін болып түседі.
Кино түсірілімдерінің сынақтары жүріп жатқанда кадрларды іріктеу соғыс майданында болған, бір қолынан айырылған режиссер, С.Герасимовтың талантты шәкірттерінің бірі Мәжит Бегалинге тапсырылды. Акриса мойнына артылған жүктің салмағын жақсы сезінгендіктен, іштей халықтың жүрегіндегі, көңіліндегі Мәншүкті кадрдан толық бере алмаймын деген ой оны іштей уайымға салады. Фильм барысында Мәншүктің образына жан-тәнімен берілгені соншалық, оны нашар ойнап шығуымның мүмкін еместігін түсінді. «Мәншүк туралы дастан» фильмі соғыстан қатты зардап шеккен Белорусь жерінде түсірілді. Түсірілім тобы кадрлар шынайы шығу үшін де көп жұмыс істеді. Олар майдандағыдай жаумен соғысып, өлім мен өмір арасында арпалысып жүрді. Арынбасарова Наталья өзінің бір ғана образға ену жеткіліксіз екенін сезініп, айналасында болып жатқан жағдайды да жете түсіну керектігін ұқты. Ол үшін соғыс туралы бірнеше кітап оқып шықты. Мұның барлығы соғысты, соғыстағы халықтың үрейін, адамзаттың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін түсінуге көмектесті. Ол Мәншүктің бейнесін ғана жақсы ойнап шығумен шектелгісі келмей, соғыс жылдарындағы Мәншүктей жастардың жиынтық бейнесін барынша тірі жеткізуге тырысты. Фильм барысында соғыс жылдарындағы жастардың бойында, шынында адам таңқаларлық рух болғанын түсінді.
Фильмді көріп отырып қанды қырғынға қарамастан батырларымыздың жүрегінде от, өзіндік романтика, ар-намыс болғанын байқай аласыз. Олар халық пен Отан үшін жанын пида етуге даяр болды. Сол отан сүйгіш жалынды жастардың бірі Мәншүк те соғысқа өзі сұранып майданға аттанады. Әкесі «халық жауы» деп ұсталып, ату жазасына кесілді, Мәншүк оқудан шығарылады. Тағдыр тәлкегінен кейін анасы Мәншүкке оның асыранды қыз екенін айтады. Егер қаласа, Мәншүк әкесінің фамилиясынан бас тартып, халық жауының қызы деген аттан құтыла алатынын түсіндіреді. Бірақ қайсар, ержүрек Мәншүк тегінен бас тартпады. Керісінше, әкесінің нағыз адал коммунист екенін дәлелдеуге бекінді. Осылайша ол майданға аттанды. Қасиетті туған жер топырағын қорғаймын деп жүріп, ерлікпен қаза тапты.