Моника Белуччи мен Венсан Кассель ажырасқалы жатыр
Мұндай сыбыстар былтырдан бері айтылып жүр. Әрі 2012 жылдың көктемінде ғаламтор беттерінде Венсанның белгісіз біреумен түскен суреттері жарияланды.
Қазір 48 жастағы актриса Сербияда Эмир Кустурицаның "Құс жолында" деп аталатын фильміне түсіп жатыр. Кассель болса, Кристофер Ганның "Сұлу қыз бен құбыжық" триллерімен жұмысын аяқтады.
Ағымдағы жылдың басында ерлі-зайыптылар Парижден Рио-де-Жанейроға қоныс аударған болатын. Олардың бұл шешімдерін ақпарат құралдары Франциядағы салықтың 75%-ға өсуімен байланыстырды. 18 жылдан бері Бразилияға ғашықпын деген Белуччи болса:
"Менің орным - теңіздің жағасы. Әлемнің кез келген жерінде түрлі мәселелер бар. Дегенмен, бұл жер маған құдды поэзия сияқты" деп жауап берді.
Қос актер 1995 жылы екеуі де басты кейіпкерлерді сомдаған "Пәтер" фильмінде танысқан екен. 1999 жылы олардың махаббаты отбасын құруға ұласып, Деву мен Леони атты екі бала сүйді.