Мұғалімдердің жалақысы көтеріледі
Ұстаздардың жалақысы екі есе көтерілетін болды. Алайда, бұл жаңалық барлық педагогтарға қатысты емес, кәсіби біліктілігін дәлелдеген мұғалімдердің ғана жалақысы артады. Ал елімізде бүгінгі таңда 12 мың кәсіби білікті ұстаз бар.
Қуанышты жаңалықты кешегі өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов хабарлады. Бұған қоса, үздіктер жыл сайын таңдап алынатынын да тілге тиек етті. Өйткені, ведомство алдағы жылдары ауқымды реформалар жасауды жоспарлап отыр.
Жуырдағы бес жыл ішінде арнайы дайындықтан елдегі педагогтардың жартысын, яғни, 120 мыңға жуық ұстазды арнайы дайындықтан өткізу жоспарланып отыр. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер білім беретін мекемелердің басшыларына да қатысты. Мектеп директорлары мен меңгерушілері келесі жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Осылайша, мұғалімдерді ынталандыра отырып, заман талабына сай мамандарды даярлаймыз, деп отыр ведомство мамандары.