Павлодар облысында лизингке қой беріледі
Биыл Павлодар облысы 6,5 мың қой сатып алуды көздеп отыр. Бұл мақсатқа аймақ қазынасынан 200 млн теңге бөлінді деп хабарлайды «Сарыарқа самалы» газеті.
Өңір басшылығы Шопан ата төлін шаруаларға лизингіге беруді жоспарлап отыр. Жаңа бастама «Жайлау-Павлодар» атты облыстық бағдарлама аясында жүзеге асырылмақ.
Ол аймақта мал шаруашылығын дамыту әрі ауылдықтарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынуда. Биыл тың бағдарламаны мал шаруашылығын негізгі бағытқа айналдырған төрт ауданнан бастау көзделуде. Сөйтіп, бастаманың алғашқы жемісін Май, Лебяжі, Баянауыл аудандары мен Екібастұз қаласы ауылдық аймағының тұрғындары көрмек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуына қарағанда, жол шығындарын ескере отырып, қойларды өзге өңірлерден емес, өз облысымыздың шаруаларынан сатып алу жоспарлануда. Бағдарлама қыркүйек айының ортасында жүзеге асырылады. Айта кетейік, «Павлодар» ӘКК ҰК» АҚ сатып алынған қойларды сақтандырып, оларды бес жылға 10 пайыз жылдық үстемемен лизингіге береді.