1-желтоқсан
Қазақстан Республикасы — Тұңғыш Президент күні. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген.
Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісіне (ЖҚТБ) қарсы дүниежүзілік күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен. 1988 жылы барлық елдердің Денсаулық сақтау министрлері тарихи кездесу өткізді. Тарихи болатын себебі, онда алғаш рет көпшілікті терең толғандырып жүрген ЖҚТБ ауруы туралы сөз болды. Дәл сол кезден бастап, желтоқсанның 1-і ЖҚТБ-ға қарсы күрес күні деп белгіленді.
КСРО-да ең алғашқы ЖҚТБ-мен ауырған науқас 1987 жылы тіркелген. Қазақстанда бұл проблема 1989 жылдан бері айтыла бастап, күрделі мәселенің біріне айналды. Бұл аурудың әзірге емі жоқ.
Елімізде 20 мыңға жуық адамның ЖҚТБ дертімен ауыратындығы ресми түрде тіркеліп отыр. «Ғасыр дертінен» Қазақстан Ресей, Украина мен Беларустан кейін төртінші орында тұр. Қатерлі дерт республиканың Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында біршама жоғары деңгейде.
Румыния Республикасының Ұлттық мейрамы - Румыния мен Трансильванияның бірігуі нәтижесінде біріккен румын мемлекеті құрылды (1918).
Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 15-інде орнатылды.
Исландия мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1918). Исландия Даниядан тәуелсіздік алды. Бүгінгі таңда қолданыста жүрген Исландия Конституциясы 1944 жылғы маусымның 17-де қабылданған болатын. Ел билігі президент пен екі палаталы парламент - альтингтің қолында. Атқару билігін президент пен парламент алдында есеп беру арқылы президент пен үкімет жүргізеді. Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 6-да орнатылды.
1959 жылы «Спорт» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл республикалық басылым Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі комитет пен Кәсіподақтардың Қазақ республикалық кеңесінің органы болатын. Газет екі тілде: қазақ, орыс тілінде шықты. Қазір «Спорт. kz» деп аталады.