26-қараша
Ақпараттың дүниежүзілік күні. Қызметі ақпараттық технологиялар мен компьютерге негізделген кәсіп иелерінің мерекесі. 1988 жылы негізі қаланған Халықаралық ақпараттандыру академиясының (ХАА) бастамасымен атап өтіледі.
ХАА - БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңесінде Бас консультативтік мәртебесі бар әлемдегі жалғыз академия. Әлемнің 140-тан астам елінде тіркелген, бірнеше ірі қалаларда штаб-пәтері орналасқан. Ақпараттық қызмет саласына байланысты іргелі және қолданбалы зерттеулер жасаумен айналысады.
Моңғол Республикасының мемлекеттік мейрамы - Республиканың құрылған күні (1924). Қазақстан Республикасы мен Моңғол Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 22-інде орнатылды.
Абхазияда Конституция күні. 1994 жылғы 26 қарашада Абхазия Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Егеменді, демократиялық, құқықтық мемлекет - Абхазия Республикасының Конституциясын» қабылдады.
1994 жылы Қазақстан баспасөз клубы құрылған. Бұл - Қазақстандағы БАҚ-тар, мемлекеттік және бизнес жүйелер, халықаралық ұйымдар үшін коммуникативтік және ақпараттық қызметтердің кешенді түрлерін көрсететін ұйым. Жұмыс істей бастаған кезеңнен бері 3000-нан астам баспасөз мәслихаттарын және басқа да ауқымды шаралар өткізген. Жоғары деңгейдегі кәсіби қызметтері үшін көптеген наградалармен және грамоталармен марапатталған.
2004 жылы Алматыда, «Суретшілер үйінің вернисажында», Елена Бейсембинованың «Менің әлемім терезесі» жеке көрмесі өтті. Экспозицияға суретшінің кескіндеме өнері мен қолданбалы өнер туындылары қойылды.
2007 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі жанындағы «Сауда саясатын дамыту орталығы» (ССДО) АҚ-ның «Халықаралық саудада әкімшілік кедергілерді азайту» жобасы аясында Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамына (GTZ) консалтингтік қызмет көрсету жөнінде келісімге қол қойылды. Аталмыш келісім Қазақстан үшін әкімшілік кедергілерді азайту пайдасын зерттеуге бағытталған.
2009 жылы Минскіде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларус Республикасының Президенті Александр Лукашенко жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша екі елдің арасында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен БР Денсаулық сақтау министрлігі арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге; ҚР Үкіметі мен БР Үкіметі арасында өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациялар туралы келісімге; Қазақстан Республикасы мен Беларус Республикасы арасындағы 2009-2016 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына; ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі мен БР Қаржы министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға; Ақтөбе облысының әкімдігі мен Гродно облыстық атқарушы комитеті арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге; Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Могилев облыстық атқарушы комитетінің арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.