16-қараша
Төзімділіктің (толеранттықтың) халықаралық күні. 1996 жылғы желтоқсанның 12-сінен бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен атап өтіледі.
ЮНЕСКО-ның туған күні. Осыдан 63 жыл бұрын 1945 жылы қарашаның 16-да Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. Дәл осы күні Лондонда өткен конференцияда оның Жарғысы қабылданып, оған 37 мемлекет қол қойды.
ЮНЕСКО Жарғысы 1946 жылы 20 мемлекет: Австралия, Англия, Бразилия, Грекия, Дания, Доминикан Республикасы, Египет, Үндістан, Канада, Қытай, Ливан, Мексика, Жаңа Зеландия, Норвегия, Сауд Арабстаны, Америка Құрама Штаттары, Түркия, Франция, Чехославакия және Оңтүстік Африка Республикасы бекіткеннен кейін күшіне енді. 1960 жылы Ұйым құрамына 19 африкалық мемлекет кірді. Ал Кеңес одағы құрамында болған бұрынғы 12 республика 1991-1993 жылдары аралығына ЮНЕСКО-ның мүше-мемлекеттері болды.
Украинада радио, телевидение және байланыс қызметкерлерінің күні. Украинаның радио, телевидение және телекоммуникациялық салалары қызметкерлерінің бастамасын қолдау мақсатында ел Президентінің 1994 жылғы 11 қарашадағы Жарлығымен бекітілген.
1941 жылы Панфилов дивизиясының 1075-ші атқыштар полкі (бұл дивизия Қазақстанда жасақталған болатын) Дубосеково разъезінің түбінде неміс басқыншыларының 18 танкісін жойып, фашистерді Мәскеуге қарай өткізбеді.
1973 жылы Қарағанды музыкалық комедия театры Теміртау қаласында құрылып, И.Дунаевскийдің «Еркін жел» опереттасымен шымылдығын ашты. 1980 жылы театр ұжымы түпкілікті Қарағандыға қоныс аударды. Өнер ордасы репертуарында Қазақстан, Ресей және шет ел композиторларының оперетталары орын алған. 2000 жылы аталмыш ұжым облыс театрларының арасында бірінші болып академиялық театр атағын алған.
1993 жылы Германиядағы Нюрнберг қаласы экономикалық даму және маркетинг гильдиясының Үлкен алтын медалі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді
2004 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызды қалалар, астана бюджеттері арасында жалпы сипаттағы ресми трансферттер көлемі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2004 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тереңөзек ауылында жаңа мешіт ашылды. Аллаға мінәжат ету үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі, облыстық мешіттің діни қызметкерлері, жергілікті қоғамдастықтың өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.
2005 жылы Түркістанда тоқымалық емес мақта талшықтарын және косметикалық мақта спонждарын шығаратын зауыт іске қосылды. «Фараб» индустриалдық кешені - қазір оңтүстікте жасалып жатқан мақта-текстиль кластері тізбегіндегі жаңа буын болып табылады. Комбинат ағартылған мақта талшығын, медициналық мақта, тоқымалық емес мақта талшығын, косметикалық және гигиеналық мақта спонждарын шығаруға бейімделген. Кәсіпорын Германияның, Ұлыбританияның, Италияның, Оңтүстік Кореяның жетекші өндірісшілерінің қазіргі заманғы техникаларымен жабдықталған.