12-қараша
Әзірбайжан Конституциясы күні. Республиканың Негізгі заңы 1995 жылғы 12 қарашада қабылданған, сол күні тәуелсіз Әзірбайжанда тұңғыш парламенттік сайлау өтті. Конституция күнін бекіту туралы шешім 1996 жылғы 6 ақпанда қабылданды.
Ресей Жинақ банкі қызметкерлерінің күні. 1841 жылғы 30 қазанда (ескі санау бойынша 12 қарашада) император І Николай Ресейде жинақ кассаларын құру туралы Жарлық шығарған. 1998 жылдан атап өтіледі.
1960 жылы Алматыда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды.
2005 жылы Астанада «Көшпенділер» фильмінің премьерасы өтті.
1726 жылы ІІ Екатерина патшайым Сырым Датұлын тұтқыннан босату туралы барон О.Игельстромға жарлық хат (рескрипт) жолдады.
1959 жылы 12-14 қарашада баспасөз құралдары өкілдерінің шығармашылық ұйымы - Қазақстан журналистер одағы құрылды.
Қазақстан журналистер одағының тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Қазақстан журналистерінің тұңғыш съезінде «Баспасөз туралы» деген тақырыпта баяндама жасап, баспасөздің міндеттерін айқындап берді. Бұл кезде орыс тілінде 16, қазақ тілінде 12, ұйғыр тілінде 1 газет шығып тұрған. Съезд баспасөз қызметкерлерінің ұйымын құрып, оның Бүкілқазақстандық Орталық бюросын сайлады, төрағалығына Т.Рысқұловты бекітті.
2004 жылы Өскеменде Ауғанстанда қаза тапқан шығыс-қазақстандық интернационалист-жауынгерлер құрметіне салынған Мемориалдың ашылу салтанаты болды. Біреуі түзу, екеуі ұштары көлбеу - аспанға ұмтылған үш стелла және соны көмкерген гранитті қабырғаға қаза болғандар есімі ойып жазылған 12 метрлік монумент Ертістің жағасында, қаланың орталығында орнатылған.
2004 жылы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт ұйымы (ҰҚШҰ) елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. ҰҚШҰ құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан кіретін көпфункционалды әскери-саяси интеграциялық жүйе. Ұйымның негізгі міндеті - мүше-мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне кез-келген қатерге тиімді қимыл таныта алатын дамыған ұжымдық қауіпсіздік жағдайын жасау болып табылады.
1991 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитетін құру туралы», «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлықтарға қол қойды.
1995 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының наградалары туралы» заңдық күші бар Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы ең жоғары дәрежелі «Алтын қыран», «Айбын», «Достық» ордендері бекітілді. «Алтын қыран» орденімен республикаға ерекше еңбек сіңірген азаматтар, ал «Айбын» орденімен ҚР Қарулы Күштерінің, Республикалық Ұланның, Президент күзеті қызметінің, Шекара және Ішкі әскердің әскери қызметкерлері, сондай-ақ Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер қызметкерлері әскери даярлықта қол жеткізген жетістіктері, әскери жаңа техниканы игергені, заңды, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін қорғаудағы адалдығы, т.б. үшін, «Достық» орденімен елдегі қоғамдық келісімді сақтауға, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастық ахуалын нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталады.