11-қараша
Ангола Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Ангола - Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, шығысында Замбиямен, оңтүстігінде Намибиямен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Луанда қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - жаңа кванза.
Польша Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Польша - Орталық Еуропадағы, Висла мен Одра өзендерінің аумағындағы мемлекет. Солтүстігін Балтық теңізі шайып жатса, батысында Германиямен шектеседі, оңтүстік-батысында Чехиямен, оңтүстігінде Словакиямен, оңтүстік-шығысында Украинамен, шығысында Белоруссиямен, солтүстік-шығысында Литвамен және Ресеймен шектеседі. Астанасы - Варшава. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - екі палаталы парламент (Сейм мен Сенат). Әкімшілік бөлінісі - 16 воеводство, повяттар, гминдер. Ресми тілі - поляк тілі. Ақшалай бірлігі - злотый.
Бельгияның мемлекеттік мейрамы - Татуластық күні (1918). 1918 жылдың 11 қарашасындағы Антанта мен Германия арасындағы татуластық келісіміне қол қойылуының кезекті жылдығына орай аталып өтеді және қаза тапқан барлық француз және бельгиялық солдаттарды еске алу күні болып есептеледі.
Латвияның мемлекеттік мейрамы - Лачплесис күні (1919). 1919 жылғы осы күні Бермонт әскерлерінің Ригаға шабуылдарын жас латвиялық әскери құрылымдары қайтарған. Осы оқиғаға байланысты 1919 жылдың 11 қарашасында Лачплесис жауынгер ордені бекітілген. 1920 жылғы 18 қарашада орденнің жарғысы және оның «Латвия үшін» ұраны қабылданды.
Канадада Еске алу күні. Жыл сайын 11-інші айдың 11-і күні сағат 11-де бүкіл Канада қалыпты ырғағын тоқтатып, екі минут үнсіз қалады. Осы екі минут тыныштықтарында канадалықтар өз өмірлерін ұлттың жарқын болашағы үшін қиған отандастарын еске алуға арнайды. Бұл дәстүр 1919 жылдан, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына бір жыл толуына орай, Король V Георг «Империяның барлық халықтарына» өмір сүру құқығы мен отандастарының бостандығы үшін өмірлерін құрбан еткендерді мәңгі есте қалдыруға шақырған үндеу арнауымен басталған еді.
1996 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды.
1998 жылы астанадағы Перинаталдық орталық жанынан Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
2004 жылы 11-13 қарашада Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы I Республикалық дирижерлер конкурсы өтті. Оны атақты композитордың өз атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр ашты.