5-қараша
Армения барлау әскерлерінің күні. 1992 жылдың 5 қарашасынан, Армения Қарулы күштерінің барлау бөлімшелерін құру аяқталған күннен бастап аталып өтеді.
Әскери барлаушы күні. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 490-ыншы бұйрығымен бекітілген.
Перудегі Пуно күні. Үндістердің аңызында инктердің ежелгі ата-бабалары - Манко Капак пен оның апайы және әйелі Мама Окльо Титикака көлінің суынан шығып, қаланың негізін қалайды. Олар Манко Капактың алтын аса таяғы жерге кіретін орынды іздейді. Сол жерді таба салысымен инктердің қаласын тұрғыза бастайды. Пуно күні дәстүр бойынша Титикака көлінің жағасындағы сол аттас қалада аталып өтеді.
2009 жылы Орал қаласының электрондық картасы жасалды. Оның ресми атауы - мемлекеттік қала құрылысы кадастры. Орал - мұндай картаға ие болған Астана мен Қарағандыдан кейінгі үшінші қала. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кадастры ақпараттық-құқықтық жүйесіне енетін картада қаланың бұрынғы және қазіргі аумағы, ғимараттары мен орындары, құрылысы мен инженерлік желілері туралы деректер бар. Оған ғимараттардан бастап электр желілері бағаналары, бағдаршамға дейін бәрі енгізілген. Ол түрлі өзгерістерге байланысты толықтырылып отыратын болады.
1993 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» № 1394 қаулысы шықты.
2005 жылы «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігінде «Алыстағы әуен» кітабының таныстырылымы өтті. Жинаққа 100-ден астам өлеңдер кірді, оларды Қытайда тұрып жатқан қазақ композиторлары жасаған. Оқырман жаңа кітаптан Таңжарық Жолдыұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, Сұлтан Мәжитұлы сынды композиторлардың шығармаларын таба алады. Жинақтың авторы - 80-жастағы Мұхаммед Әбдіқадырұлы (танымал опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көптеген Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Майра Мұхаммедқызының әкесі), ол ҚХР Синцзянь-Ұйғыр автономды ауданында тұрады және көп жылдар бойы халық шығармашылығының туындыларын жинайды және оларды зерттейді. Бұл оның жетінші кітабы. Бұрын оның күй, өлең және басқа да шығармалары жинақ болып шыққан және оның ұлттық музыкалық аспаптардың тарихына арналған кітаптары жарық көрген.
2007 жылы Дамаск қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сирия президенті Башар Асад келіссөздерінің қорытындысы бойынша екі жақты құжаттар топтамасына қол қойылды. Атап айтқанда, білім және ғылым саласында үкіметаралық келісім жасалды. Қазақстан мен Сирия Сыртқы істер министрліктері арасында өзара саяси консультациялар туралы декларацияға қол қойылды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сирияның Ауыл шаруашылығы және аграрлық реформалар министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сонымен қатар, мемлекеттер елордалары - Астана мен Дамаск арасында серіктестік қарым-қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды.