4-қараша
Ресей Федерациясы халықтарының бірлігі күні. Бұл мейрам 1612 жылғы қарашаның 4-індегі Козьма Минин мен Дмитрий Пожарский бастаған халық жасақтарының Мәскеуді поляк интервенттерінен азат ету оқиғасын есте сақтау мақсатында бекітілген. Мәскеу Патриархатының мәліметі бойынша қарашаның 4-і Ресейде 17-ші ғасырдан ұлттық мейрам, бірақ сол кезеңнің дәстүрі бойынша жасақтардың поляктармен шешуші ұрыс алдындағы ғибадат етуі Қазан Құдай Анасы Иконы күні деп аталған.
Панама туы күні. 1903 жылғы 3 қарашада енгізілген, 1904 жылғы 4 маусымда мақұлданған. Панама туындағы көк пен қызыл түс - саяси партиялардың (консерваторлар мен либералдар) белгісі, ал олардың ортасындағы ақ түс арадағы бейбітшілікті бейнелейді.
Армениядағы әлеуметтік қызметкерлер күні. 2009 жылдың басында Армения үкіметі 4 қарашада аталып өтетін Әлеуметтік қызметкерлер күні туралы жариялады.
Италияның ұлттық бірлігі күні. Бұл күн Отан үшін қаза болғандар құрметіне арналған. 1922 жылы бұл мейрам «Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні» деп аталып, Қарулы күштер мейрамы болып өзгертілген және 1977 жылға дейін осы атаумен аталып келген.
1952 жылы «Қазақстан мұғалімі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Айына екі рет шығады.
2004 жылы Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігінің қолдауымен Қазақстан Жастар конгресі дайындаған «Мемлекеттік қызмет мектебі» арнайы жобасының аумағында мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Мемлекеттік қызмет мектебі ашылуының мақсаты - түрлі мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өту жолымен жас мамандарға жұмыстың қыр-сырын іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік жасау.
2009 жылы Талдықорғанда Қазақстан Республикасының Президенті туралы кітаптың таныстырылымы болды. Жинақтың таныстырылымы Талдықорғанда қала партия активінің қатысуымен әкімдіктің үлкен залында өтті. Жинақ авторлары - Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» ХДП Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсия Ахметова, көркемсурет мектебі бастауыш партия ұйымының төрағасы Сейіт Ысқақов, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Серікқали Мырзатаев. Жинақта Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жас мемлекеттің қалыптасуындағы рөлі туралы айтылған және Қазақстанның әлемге танылған жетістіктері көрсетілген.