Геннадий Головкин: Кертис Стивенстің кім екені әзірге маған белгісіз
Бүгін таңғы 6-да Франкфурттен Астанаға WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы кәсіпқойқойлар арасында бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин келді, деп хабарлайды Sports.kz.
Таңның атпағанына қарамастан атақты спортшыны күтіп алуға жанкүйерлер мен журналистер көп жиналды. Головкиннің өзі мұндай кездесуді шынында да күтпегенін, Қазақстанға ата-анасының қал-жағдайын біліп кету мақсатында келгенін айтты.
– Геннадий, қадамыңыз оң болсын! Бірінші сұрақ: қалай жеттіңіз?
– Тамаша! Жылы жүзбен күтіп алғандарыңыз үшін рахмет, жолдан шаршаған жоқпын.
– Осыншама көп адам күтіп алады деп ойладыңыз ба?
– Жоқ, күтпедім. Таңы сағат 6-да ұшып келдім. Тіпті келетінімді ата-анамнан басқа ешкімге айтпаған едім. Мені қарсы алуға келген отандастарыма тағы да рахмет айтамын!
– Елде қанша уақыт боласыз?
– Екі апта. Негізгі міндетім – туған-туыстарыммен көрісу.
– 2 қарашада америкалық боксшы Кертис Стивенспен кездесу белгіленген. Қарсыласыңыз туралы қандай да бір мәлімет алдыңыз ба?
– Жалпы ол туралы әлі ойланған жоқпын. Мен Кертис Стивенс деген боксшының бар екенін ғана білемін, ал ол кім, қандай стилде бокстасады, ол жағы әзірге маған белгісіз. Мен оны тіпті әлі көзбен шолып та көрмеппін.
– Кертис Стивенс сізге қатысты ұнамсыз пікір білдірді. Оған жауап қайтарғыңыз келмей ме?
– Сіздің сұрағыңызға қалай жауап берерімді білмеймін. Сөзге келгенде бәрі шебер...
– Бұл жекпе-жекке дайындықты қашан бастайсыз?
– Негізі, қазірден бастауым керек еді, бірақ аздап демалып алғанды жөн көрдім. Сәтін салса, 1 қыркүйектен дайындыққа кірісемін.
– Таяуда қарағандылық «Шахтер» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасында сенсациялық жеңіске қол жеткізді. Сол матчты көре алдыңыз ба?
– Ия, мен оны жазбадан көрдім. Біздің команданың жеңгеніне және Қазақстанда футбол дамып жатқанына өте қуаныштымын. Атақты «Селтикті» жеңу атап айтуға тұрарлық еңбек.
– Сізді әлем адамы деп атаса болады. Отаныңыз Қазақстан, жаттығуды Германияда жасайсыз, АҚШ-та жұдырықтасасыз. Сонда Сіздің үйіңіз қайда?
– Қайда-қайда?! Қарағандыда! (Күлді). Шындығында, әрине, менің үйім – Қазақстан! Мен туған-туыстарыма келдім – өйткені олармен жүздесетін уақытым өте аз. Соңғы кездері жекпе-жекке дейін немесе кейін келіп жүрмін. Бұған дейін бар уақытымды дайындыққа сарп еттім, Қазақстанға сирек келемін. Біраз уақыт бұрын Америка үшін Қазақстан белгісіз ел болатын, бірте-бірте бізді де танып келе жатыр.
– Биыл тағы қанша жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз?
– Оны уақыт көрсетеді. Алдымен 2 қарашадағы жекпе-жекті өткізіп алайын.