27-қыркүйек
Халықаралық туризм күні. Бүкіләлемдік туристік ұйымдар Бас Ассамблеясының шешімімен жыл сайын атап өтіледі (Манила, 1980 жыл).
2006 жылы Алматы облысы Іле ауданындағы Первомай кентінде Қазақстандағы алғашқы инфузиялық ерітінділер шығаратын зауыттың таныстырылымы болды. Инфузиялық ерітінділер стратегиялық маңызды дәрі-дәрмек қатарына жатады. Олар ауруханаларда күн сайын үлкен көлемде пайдаланылады. Сондай-ақ түрлі эпидемиялар, табиғи және техногендік сипаттағы апаттар мен соғыс қимылдары кезінде де оған деген сұраныс еселеп арта түседі. Халықаралық медициналық зерттеулерге қарағанда бір адамға жылына орта есеппен екі литр инфузиялық ерітінділер керек. Қазіргі таңда олардың 90 пайызы шет елдерден әкелінеді.
2006 жылы Германияның Баден-Вюртемберг жерінде, Вальдбрунн-Мюльбен қаласында Қазақстан Елшілігі жергілікті қымыз өндіруші фермамен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп барған отандастарымыздың белсенді атсалысуымен «Қымыз мерекесін» өткізді. Шара аясында мерекелік қойылымдар ұйымдастырылып, қымыз мерекесіне арнайы келген қонақтардың алдында Кельн және Бавария қалаларындағы қазақ диаспорасының көркемөнерпаз әртістері өнер көрсетті. Мереке қонақтары қазақтың киіз үйімен, домбыра аспабымен, ұлттық дастарқан мәзірімен және Германиядағы қымыз өндірісінің басталу тарихымен, қымыздың емдік қасиеттерімен танысты.
2000 жылы РАТА-ТАСС агенттігі мен «Қазақстан Интерпресс» қоғамдық қоры «Қазақстан-ТАСС» агенттігін құрды.
Бұл шешім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылдың ақпан айындағы Мәскеуге ресми сапары кезінде РАТА-ТАСС агенттігінің өкілдерімен жасаған келісім негізінде қабылданған болатын.
«Қазақстан-ТАСС» агенттігінің басты мақсаты Қазақстанның әлеуметтік, экономикаық саяси өмірі және Ресеймен жан-жақты қарым-қатынастарын насихаттауда ақпарат алмасу жұмыстарын белсендендіру және тереңдету болып табылады.
2005 жылы Алматыда екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды тереңдету мақсатында құрылған Қазақстан-Германия кәсіпкерлері қауымдастығының таныстырылымы болды.
Қауымдастықтың негізгі міндеттері мемлекеттік бақылаушы органдар алдындағы өз мүдделері мен құқықтарын қорғау болып табылады.
2005 жылы Алматыда Ә.Қастеев атындағы мұражайда контемпорари арт (Қазақстанның қазіргі заманғы өнері) атты жаңа залы ашылды.
Залда әлемдік деңгейдегі арт-алаңдарында елімізді көрсететін барлық қазақстандық авторлардың жұмыстары жиналған. Жаңа залда мүсіндер, картиналар, суреттер қойылған. Авторлардың көптеген жұмыстарында Орталық-Азияның әлеуметтік-саяси ортасы бейнеленген.
2007 жылы Семейде Қазақстандағы бірінші автобус құрастыру зауыты - «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» ЖШС ашылды.