14-қыркүйек
1936 жылы Алматының шығыс бөлігінде Фрунзе ауданы құрылды. Алғашқы аудандық партия комитетінің хатшысы Рақымжан Қилыбаев, ал Халық депутаттары аудандық кеңесі Атқару комитетінің төрағасы Александр Филонов болды. 1980 жылы көршілес жаңа ауданның ұйымдасуына байланысты мұның аумағы және шекарасы өзгерді. Солтүстігінде Пастер, Добролюбов, Орынбор көшелері арқылы Москва ауданымен, батысында Фурманов көшесі арқылы Совет және Калинин аудандарымен шектессе, шығысында және оңтүстігінде қала шегіне дейін созылды. 1995 жылғы желтоқсанның 12-інде Алматы қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес Медеу ауданы болып өзгертілді. Бұл аудан Алматы қаласындағы ең әдемі және ұлттық сәулет элементтері, төңірегінің табиғат сұлулығы және құрылыс индустриясының жетістіктері үлкен талғампаздықпен үндестік тапқан аудандардың бірі болып есептеледі.
1992 жылы Қазақстанның өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің алғашқы съезі өтті.
2000 жылы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ашылды. Театр ұжымын Алматыдағы өнер академиясының түлектері мен Қазақстанның мәдениет қайраткері Қ.Есенқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ш.Есенқұлова, актерлер Ө.Мұқашев, М.Жапаров, А.Қасымова, Қ.Бекайдаров, Л.Едіресова, З.Балтабаева, З.Әбдіхалықова, т.б. құрады. Репертуарында С.Жүнісовтің «Абылай хан», «Жаралы гүлдер», «Махамбет», Н.Хикметтің «Фархад - Шырын», Лопе Де Веганың «Шөп қорыған ит», Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры», М.Әуезовтің «Айман - Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Б.Ұзақовтың «Үміт», т.б. спектакльдері бар. Ұжым гастрольдік сапармен Қазақстанның бірқатар қалаларында, Ресейдің Троицк қаласында болып, өнер көрсеткен.
2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Атырау облысының Махамбет ауданына сапары барысында жаңа мешіттің және Махамбет Өтемісұлы атындағы аймақтық-тарихи мұражайдың ашылу салтанатына қатысты.
Осы күні Атырау қаласында ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген Махамбет Өтемісұлы мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
1968 жылы КСРО «Зонд-5» зымыранын ұшырды. Ол Айды айналып өтіп Жерге оралған тұңғыш зымыран. Бұл КСРО-ның Айға адам түсіру бағдарламасының бастамасы болатын. Бірақ, келесі «Зонд» қонуға бет алғанда апатқа ұшырады.
2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Сот жүйелерін реформалау мақсатында «Мамандандырылған сот әкімшіліктерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы сайтының таныстырылымы болды.
Wi-Fi интернет желiсінің сымсыз технологиясына кіруді «2Day Telekom» қамтамасыз етеді. Компания екі бағытта қолданылатын басқа да материалдарды және уранды экспорт пен импортқа шығаратын ұлттық операторлардың бірі болып табылады. Компанияның 100% акциясы Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрлігіне тиесілі. «Қазатомпром» 1997 жылы құрылған күнінен бастап уранды өндіруді 795 тоннадан (дүниежүзі бойынша 13-ші орын) 3363 тоннаға (дүниежүзі бойынша 3-ші орын) дейін жеткізген. 2010 жылы уран өндіруді 15 мың тоннаға дейін қарқынды дамыту бағдарламасы қарастырылған. Қызықтыратын барлық ақпаратты www.kazatomprom.kz. сайтынан әлемдегі кең тараған сегіз тілде мәлімет алуға болады.