13-қыркүйек
2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бағдарламаның мақсаты - мемлекет пен адам арасында денсаулық сақтау үшiн ынтымақтасқан жауапкершiлiк принциптерiне, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бастапқы медициналық-санитарлық көмектi басым дамытуға негiзделген медициналық көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн құру. Бағдарламаның негізгі мiндеттерi - мемлекет пен адам арасында денсаулықты сақтау үшiн жауапкершiлiктi бөлiсу; негiзгi екпiндi бастапқы медициналық-санитарлық көмекке нақты көшiре отырып, медициналық көмек көрсетудi ұйымдастырудың халықаралық принциптерiне көшу;денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделiн және саланың бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құру;ана мен бала денсаулығын нығайту, медициналық-демографиялық ахуалды жақсарту; әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың деңгейiн жыл сайын төмендету; медициналық бiлiм берудi реформалау.
2005 жылы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ретс Плесумс сенім грамотасын табыс етті.
Латвия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың желтоқсанында орнатылып, 2004 жылдың қазан айында Астанада Латвия Республикасының Елшілігі ашылған болатын.
2005 жылы Оралда қыркүйектің 8-12 аралығында Президенттік көпсайыстың ашық біріншілігі болып өтті.
Халықаралық турнирге Қазақстанның тоғыз облысының спортшылары және барлығы -170 адамнан тұратын Ресей Федерациясының, Украинаның, Беларустің атлеттері қатысты. Жарыс қысқа және ұзын дистанцияларға жүгіру, снаряд лақтыру, атысу, жүзу сияқты спорт түрлері бойынша өтті. Жалпы командалық есептен жеңісті ресей командасы қанжығасына байлады, екінші орынды қазақстаның көпсайыскерлері, ал үшінші орынды Беларустің құрама командасы иеленді.
2007 жылы Астанадағы №50 мектеп-лицейге жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы Райымбек батырдың есімі берілді.
2007 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ләтифолла Қапашевтің «Мінгені Ерғалидың «Шайтанқара» атты кітабы жарық көрді.
Кітапта «Шайтанқара» атты жалғыз-ақ әнімен тарихта қалған, Ақ Жайық өңіріне танымал Ерғали Аязбайұлының (1869-1929) тартысқа толы ғұмыры жөнінде баяндалады. Патша заманында барымташы атанған әрі әнші, әрі батыр Ерғали кейін кеңес өкіметін орнатысуға өзі қатысқанымен, жала жабылып, 1929 жылы екі ұлымен бірге атылады. Жинаққа автордың «Мінгені Ерғалидың «Шайтанқара» атты зерттеу еңбегімен қоса Хамза Есенжановтың «Ақжайық» романынан үзінді, Қибат Иманғалиевтің «Ерғали туралы дастаны» және Рахымжан Отарбаевтың «Шайтанқара» атты әңгімесі қоса берілген.
2007 жылы Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы саябақта болгарлардың Қазақстанда тұра бастағанына 100-жыл толуына орай ескерткіш тұғыр орнатылды.
Ақтоғай ауданында қоныс аударған болгарлар ұрпағының ең көп диаспорасы тұрады. Мұнда 100 жыл бұрын Бессарабияның жерсіз кедейлері Столыпин реформасы жылдары Разумовка және Андрияновка ауылдарының негізін қалаған. Ескерткіштің авторы Болат Қасеновтың монументальды композицияға соқаны кіргізгені кездейсоқ емес. Ол - Қазақстан жеріндегі егінші болгардың нышаны ретінде бейнеленген.