11-қыркүйек
Мысырлық копттардың жаңа жылы. Бұл мерекені Копт шіркеуі жаңа жыл санауы бойынша қыркүйектің 11-інде (ескіше тамыздың 29-ы) атап өтеді. Копт жаңа жылы парсылықтар жаулап алғаннан бері парсы тіліндегі наурыз сөзімен аталады.
Эфиопияның Жаңа жылы. Қалың жауынның аяқталуы мен егін жинау мерзімінің басталуына тұспа-тұс келеді.
АҚШ-та патриоттар күні. 2001 жылғы Нью-Йорк және Вашингтон қалаларында орын алған лаңкестіктің салдарынан қаза болғандарды еске алу мақсатында бекітілген.
Украина киносының күні. Украина Президентінің 1996 жылғы 12 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген, жыл сайын қыркүйек айының екінші сенбісінде атап өтіледі.
Аргентинада мұғалімдер күні. Ұлы ағартушы, елдің бұрынғы президенті Доминго Фаустино Сармьентоның (1811-1888) қайтыс болған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.
1883 жылы Семей аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайды саяси қуғынға ұшыраған адамдар өздері жиған археологиялық және зоологиялық қазбалар негізінде ұйымдастырды. Аталмыш шараны ұйымдастыруға Абай Құнанбаев та қатысқан. Ол мұражайға барлық жасауымен киіз үй сыйға тартқан.
1931 жылы Қарағанды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 1935 жылға дейін «Большевистская кочегарка», ал 1935-1963 жылдары «Социалистическая Караганда» деген атаумен шығып тұрды. 1965 жылдан бастап қазіргі атымен шығады. Газет Ұлы Отан соғысы жылдары «Қарағанды комсомолы» танк колоннасының, «Нұркен Әбдіров» ұшағының, «Қарағанды әйелдері» әуе звеносының құрылысына қаржы жинауды ұйымдастырған. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Аптасына екі рет шығады, таралымы 15000 дана.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Атырау облысының Теңіз ауданын Құрманғазы ауданы деп өзгерту туралы қаулы қабылдады.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.
2007 жылы Елбасы Каспийдегі жаңа «Ақтау Сити» қаласының алғашқы іргетасын қалады.
«Ақтау Ситиде» 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Тәуелсіздік аллеясы бой көтереді. Көптеген мәдениет және білім беру нысандары, бизнес орталықтар, қазіргі заманғы кәсіпорындар салынады.
Жобаның ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі шейх Абдулла бин Заид әл-Нахайан, Әбу-Даби Мәдениет басқармасының төрағасы шейх Сұлтан бин Тахнун әл-Нахайан қатысты.