Шпаганың сынығы (ХІХ ғ. ІІ-ші жартысы)
Аталған шпаганы Ақсу ауылы маңындағы қоқандықтардың 1816 жылы Сырдария өзенінің жағасына салынған Шымқорған (Чимкурган) бекінісі қирандысының маңынан қой бағып жүріп Жалағаш кентінің тұрғыны А. Сауранбаев тауып алған. Мұрағаттық деректер бойынша, бұл бекіністі 1852 жылдың 4-ші тамыз күнгі таңда Ақмешіт бекінісіне сәтсіз аяқталған жорықтан кейін Райым бекінісіне қайтып бара жатқан полковник И.Ф. Бларамберг басқарған орыс жасағы тікелей шабуылмен басып алып, өртеп жіберген.
Шпага шабуға, шаншуға, түйреуге лайықталған өткір бір немесе екі жүзді, басы түзу, болаттан соғылған суық қарудың бір түрі. Аталған шпаганың сынығы болат темірден соғылған және өзіндік ерекше қызметі бар, негізгі екі конструктивтік бөліктен тұрады. Яғни, қаруды қолға ұстауға арналған бөлігі- сабы (эфес) және қарудың басы мен сабының түйіскен жерінде орналасқан, қылыштасқанда қарсыластың қаруын қағуға және жауынгердің қолына тіреу болуға арналған элементі- балдағынан (гарда). Басының (клинок) жартысынан астамы шіріп, сынып қалған. Сабының жезден жасалған балдағының жалпы пішіні «жүрек» немесе «жапырақ» тәріздес жалпақ болып келген. Балдақ саптың түбегіне дейін жартылай иілген доғамен (дужка) жалғасқан. Қолға ұстайтын саптың ұшындағы домалақ пішінді түбегі мен доғаның бір-біріне жалғасқан жері сынып қалған. Шпаганың ағаштан немесе жезден жасалған сабының бір-біріне бекітілген бөліктері сынып, бір-бірінен ажырап түсіп қалған.Материалы: болат темір, жез. Техникасы: балқыту, қалыпқа құю, соғу, суару. Өлшемі: жалпы ұз.43,5 см., сабының ұз.-14,5 см., жүзінің ені-1-2 см.
Baq.kz