24-тамыз
Либерия байрағы күні.
Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). 1991 жылғы тамыздың 24-індегі Украин КСР-і Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы шешімімен тәуелсіз Украина мемлекеті құрылды. Украина - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Беларуспен, солтүстігі және шығысында Ресеймен, оңтүстік-батысында Румыния, Молдовамен, батысында Венгрия, Словакия, Польшамен, оңтүстігінде Азов және Қара теңіздермен шектеседі. Астанасы - Киев қаласы. Мемлекеттік тілі - украин тілі. Акша бірлігі - карбованец.
Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-інде орнатылды. Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Амангелді Жұмабаев.
Қырғыстан ІІМ Ішкі әскерінің күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы шілденің 3-індегі қаулысымен бекітілген.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
1999 жылы Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» саммитіне қатысушы мемлекеттер - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзян Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үш жақты келісімге қол қойды.
1853 жылы американдық Джордж Грам (George Crum) алғашқы рет картоп чипсиін дайындады. Мейрамхана келушілерінің бірі қуырылған картоп қабығының аздау күйдірілгеніне өкініш білдіргенін көрген соң Грам картопты өте жіңішке қылып кесіп қуыруды ойлап шығарды.
1996 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданның Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.
7 жыл бұрын (2005) Қазақстанның көрнекті саясат қайраткері, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Кентавры Великой степи» кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің «Кітап өнері» атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін - «Гран-при» жеңіп алды.
2005 жылы Алматыда белгілі ғалым, Қазақстан аграрлық экономикасының ұйымдастырушысы Темірхан Жақыповтың тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Темірхан Жақыпов (1912-2002) мал шаруашылығы кешенін қалыптастыру және мал шаруашылығын индустриалды негізге аудару бойынша қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Калинин атқыштар полкінің, сосын Прибалтика майданының комиссары болған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Қызыл Жұлдыз», үш медальмен марапатталған. Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында, Экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған. 1967-1969 жылдары КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен Моңғолияда жұмыс істеген, оның қызметі Құрмет грамотасымен және «Достық» медалімен марапатталған. 1971 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі» атағы берілді.