2-шілде
Дипломатиялық қызмет күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2009 жылғы шілденің 1-індегі «1998 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Спорт журналистерінің халықаралық күні. Халықаралық спорт баспасөзі ассоциациясының бастамасымен 1995 жылдан бастап аталып өтіледі.
Украинаның салық қызметі қызметкерлерінің күні. Салық қызметі Украин КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылы ақпанның 12-індегі «Украин КСР-інде мемлекеттік салық қызметін құру туралы» қаулысына сәйкес құрылған болатын. 2005 жылы қазанның 24-інде Украина президенті «Украинаның мемлекеттік салық қызметі қызметкерлерінің күні туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес жыл сайын шілденің 2-інде Украинаның салықшылары кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Норвегияның Мемлекеттік мейрамы - Король күні. Қазақстан мен Норвегия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы маусымның 6-ында орнатылды.
1996 жылы Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар» туралы Заңы қабылданды.
1998 жылы Қазақстан Республикасының «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданды.
1999 жылы Астрахан қаласынан бұрғылау баржасы суға түсірілді. Бұл шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Фариза Оңғарсынова қатысып, бұрғылау баржасына «Сұңқар» есімін берді. Баржа ұзындығы - 85 метр, ені - 53, бұрғылау мұнарасын қоса есептегендегі биіктігі - 50, салмағы - 10000 тонна. Сұңқардың бірінші бұрғылау жұмыстары Шығыс Қашағаннан бастау алды.
2007 жылы Астанада Есіл өзені арқылы өтетін М-2 автокөлік көпірі ашылды. Көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Көпірдің ұзындығы - 362 метр, ені - 38,7 метр.
1942 жылы Қазақстанның және Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шаханов дүниеге келді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шілік ауылында туған. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактордың тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы, т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды.
1993-2003 жж. Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды. 2003-2004 жж. «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының Президенті. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тілінде шықты.
Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген.
«Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.