Қостанай облысының құрылғанына 77 жыл
Бүгін Қостанай облысының құрылған күні.
Қостанай облысы 1936 жылы 29 шілдеде Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде құрылды. Орталығы - Қостанай қаласы. Бүгінгі таңда облыс құрамында 5 қала, 13 кент, 16 аудан, 808 ауылдық елді мекен бар.
Облыста 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. 2008 ж. 1 қаңтардағы дерек бойынша облыс тұрғындарының саны 892.4 мың адам, олардың ішінде 34,9% қазақтар, 41,2% - орыстар, 11,9% - украиналықтар, 3,8% - немістер, қалған 8,2% - басқа ұлттар.
Облысты халықаралық «Екатеринбург–Алматы» автокөлік жолы кесіп өтеді. Теміржолдың ұзындығы – 1452,3 шақырым, автожолдардың ұзындығы – 9514,3 шақырым, газ құбырлары – 2491,4 шақырым, жылу құбырлары – 778,8 шақырым, су құбырлары – 5937,1 шақырымға созылады. 2004 жылы еліміздің батыс бөлігіндегі теміржолдарды жалғаған «Алтынсары–Хромтау» теміржолы салынған
Қостанайдың тарихында еліміз үшін айтулы оқиғалар көптеп кездеседі. Олардың қатарында 1884 жылы Ы. Алтынсариннің Қостанай қаласында 2-сыныптық училище ашуы, 1885 жылы Қостанай қаласында бірінші дәріхана ашылуы, 1913 жылы Кустанай мен Оралды байланыстыратын темір жолы салынуы тәрізді тарихи оқиғалар бар. Кустанай атауы 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қостанай» деп аталды.
Қазіргі уақытта облыс ауыл шаруашылығы, металлургия саласында еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Baq.kz