Қазақ халқының бүгінгі бөлінісінің түпкі себептерін көрсетіп береді
Дәл осы проблеманың шешімін табудың бір бағытын публицист Ақселеу Сейдімбек «Миграция жөнінде немесе ұлы көш туралы тезистер» атты мақаласында айқындай алған. «Біртұтас қазақ халқының жерінің бөлшектеніп, туған жерімен бірге елінің де бөліне бастағанына биыл аттай 110 жыл», - деген тұжырым айтады. Шын мәнінде тарихи зерттеулер солай сөйлейді: «...на оснований Санкт-Петербургского договора 1881 г. остались вбольшой своей части (отдел абак и ачамайлы) в пределах Западного Китая». Әрі қарай автор қазақ халқының бүгінгі бөлінісінің түпкі себептерін көрсетіп береді.
Ж.Аупбаевтың «Отқа тосылған от жүрек» кітабы шықпас бұрын алдымен журналист осы кітаптағы очерк, сұхбат, эссе жанрында жазылған шығармаларын қазақ басылымдарында жариялаған. Кейіннен жинақ құрастыруды ұйғарған. Бұл кітабында автор Ұлы Отан соғысындағы ерлік күрестің қаһармандарын жазуға арнаған. Елге де, ерге де үлкен сын болған сағаттарды, оның қаһармандарын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуді мақсат еткен журналист Александр Матросовтың ерлігін қайталап, пулемет аузын омырауымен жауып, ауыр жараланып, тірі қалған С.Оразалинов жайлы, үш рет өліп тірілген С.Мамыров, аты әлемге әйгілі қарт палуан Қажымұқан, өз қоржынына жасатқан ұшақпен жауын жайпаған Қ.Шалабаев, соғыстан кейін көп жылдан кейін Кеңес Одағы батыры атағын алған, ұстаз З.Құсанов секілді қаһармандар туралы очерктерінде деректермен қоса, олардың өмір жолы, ерлік жолы көркем тілмен әңгімеленеді. Ж.Аупбаевтың «Таңғажайып тағдырлар» очерктер жинағы да алдымен қазақ басылым беттерінде жарық көріп барып, кейіннен құрастырылған. Мұнда да тың, соны деректерге негізделген туындыларының жиынтығы қамтылған. Ж.Аупбаевтың эсселер мен диалог-очерктерде танымдық сипат басым және сирек мамандық иелерінің тағдыры, өмір жолы туралы кеңінен ой толғанады. Олар – офицер Ө. Көбеев, «Нормандия-Неман» авиа-эскадрилиясындағы техник Ө.Түсіпбаев, Антарктидаға барып қайтқан Д.Бименов, Х.Рүстемұлы, киноактер А.Әлімов жайлы бұрын көп жерде сөз болмаған, тосын жайттар әңгіме арқауына айналады. Жоғарыдағы кейіпкерлермен жүзбе-жүз кездескен қаламгер осы сирек мамандық иелерінің өз кәсіптерін жетік меңгеруі қазақ қоғамы дамуының зор маңызын айғақтайтынын әсерлі әңгімелей білген.
«Ғұмыр-дария» публицистикалық жинағында Ж.Аупбаев мемлекет қайраткері Д.Қонаев, жазықсыз жазаланушы, репрессия құрбаны Б.Қаралдин, қазақтың тұңғыш армия генералы С.Нұрмағамбетов, дүние жүзінде сирек кездесетін құс-реликт-шағаланы тауып, оның өсіп-өнуін зерттеген орнитолог Е.Әуезов, сәулетші, Елтаңбамыздың авторларының бірі Ш.Уәлиханов, тағы басқалар туралы толымды, жан-жақты өмір дерегіне қанықты очерктерін топтастырған.