Ақиқат деректерге көз жеткізілді
Сондай-ақ, АҚШ-тағы Мэдиссон қаласынан жазған Мәриям Қырымлының «Дұғай сәлем» айдарымен жарияланған «Міржақыпты түсіну» хаты, жезқазғандық қаламгер Апбаз Қаражігітовтің «Сәкен Сейфуллин қалай қаза тапты?», Ғалым Ахмедовтың «Тағдыр» айдарымен берілген «Ұзақбай Құлымбетов» туралы тарихи-танымдық мақалалары, Жүсіпбек Қорғасбековтің «Ахметті ардақтап, Міржақыпты үлгі етсек» сұхбаты, Дүкенбай Досжановтың Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздігі Комитетіндегі құпия құжаттар негізінде жазылған «Байтұрсынов қалай айыпты болды?» мақаласы, Әнуар Әлімжановтың «Саяси сипаттама» айдарымен жарық көрген «Мұстафа Шоқай!...Ол кім?» атты тарихи-танымдық очеркі, т.б. жарияланымдар оқырман жадына керуен тартты. Сол арқылы 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы егемен ел публицистерінің көзқарасы тұрғысынан қайта сараланып, ақиқат деректерге көз жеткізілді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Тағдыр», «Тарихымызды таразыласақ» деген айдарлар аясында еліміздің танымал тарихшылары да сөз алды. Қазақ тарихының беймәлім қатпарларын ашқан, мәселеге тәуелсіздік тұғырынан қараған академик Манаш Қозыбаевтың «Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес», профессор Талас Омарбековтің «Қазақтардың Қытай асуы: дақпырт пен шындық» мақалалары ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етті.
1930-жылдары қазақ байларын кәмпескелеу, жер аудару, жазалау науқаны зорлық-зомбылықпен жүргізілген еді. Қазақ байларына «кулак» деген ат тағылды. Ол туралы тарихшылар: «Кулактарды жою дейтіннің мейлінше ауыр зардаптары болды... Кәмпескеленген кулактар саны барлық жерде дерлік ең жоғары шегіне дейін «жеткізілетін» еді», - деп жазды. Дәл осы мәселе төңірегінде «Айтылмаған ақтандақ» тақырыбы бойынша журналистер Б.Жүнісбековтің, Ә.Меңдекенің мақалалары жарияланып, қызу пікірталас туғызды. Болат Жүнісбековтің «Қазақ байы кім болған?» атты мақаласында Баспай Шолақұлы Бапин деген кезінде бай болып айыпталған адамның тағдыры сөз болады. Бапиннің мейірімді, қайырымды, елге сыйлы азамат болғандығы нақты деректер негізінде ашылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Баспай Шолақұлы үйір-үйір жылқы беріп, самолет сатып алып майданға жөнелткені баяндалады. Автор шығарма түйінінде:
«Олар (байлар) өздері өмір сүрген адамзат дамуындағы есею дәуірінің өкілдері болатын. «Қазақ байларына деген біржақты көзқарастан арылғанымыз оңды шығар» - деген тұжырымға келеді.