Жастығының белгісі болып домбыраның сазы есіне мәңгі жатталады
Жастығының белгісі болып домбыраның сазы есіне мәңгі жатталады. Өзін қиын кезеңде тастап кеткен жас жігіт домбырасының сазын өмірінің жалғасы деп таниды. Туындыда бір нәзік сыршылдық бар. Жамалды тағдыр өртіне тастап кеткен жас жігітті жек көресің. Ал Жамал сүйгеніне кінә тақты ма? Жоқ. Ол үшін Хасен сол бәз баяғы жігіт қалпында. Көзі көрмесе де жан-тәнімен сол бір елесті сезеді. Әңгіме соңында өз қателегін түсінген қария Хасеннің сар даланы кезіп, маңып бара жатқанын көресің. Бұл – авторлық шешім.
«Ұрысқан жоқ» әңгімесінде баласының жиналысына барған әке Қасымхан баласының қай мектепте оқитынын білмей, ұяты бетіне шықса, екіншісінде, баласының қай сыныпта оқитынын білмей, тағы бір ұятқа қалады. Осының өзінде көп сыр жатқан секілді. Бала тәрбиесінде әке рөлінің зор екендігіне көз жеткізіп, қазіргі ұрпақтың, әсіресе, ұл балалардың жігерсіздігі сонау өткен заманда жатқанына таң қаласың. «Әке көрген оқ жонар» деген халық сөзінің шынайы шындығына басыңды иесің. Ал «Балам жақсы болсын десеңіз» шығармасында қарапайым ұста Мұхамедрахым балаларының тәрбиесіне қалай қарайтынын, қалай тәрбиелейтінін айтады. Очерк кейіпкері Мұхамедрахым балаларын тәрбиелеуде алдына қойған басты мақсаты – балаларының еңбексүйгіш болғанын, әр нәрсенің қалай келетінін түсінетін ақылды бала болғанын қалайды. Ол үшін балаларына ертегі айтып беріп отырады. Ертегісін ойдан да шығара береді. Автордың мақсаты - халық ауыз әдебиетінің үлгілерінің бала тәрбиесіндегі рөлі зор екендігін ақырындап халық санасына жеткізу. Енді қазіргі немесе сексенінші жылдардағы ұрпақты алып қарайықшы. Орыс тілді бала бақшасына барған олар орыс тілін таза меңгеріп, орыс халқының ауыз әдебиетінің үлгілерінің негізінде тәрбиеленді. Сондықтан болар қазақ тілінің мәртебесі көтерілмей, әрқашан орыс тілі алдын орап кетіп жатады. Шығарма тілі қарапайым, басты кейіпкердің мәртебесін көтерердей көркем сөздің небір ұйќастары да жоқ. Халық аңызының негізінде жазылған шығарма.
Қ. Салғараұлының туындыларының қайсысын алсаң да, Отан мен Адам арасындағы байланыс үзілмей, қаншама уақыт өтсе де, жалғасын тауып жатады. Қоғам мен орта адам мінезіне әсер етеді. Бірақ халық арасындағы көпті көрген қарттар қоғамдық және орта әсерлерінің, яғни жастардың тәрбиесіндегі кем-кетіктерді қалпына келтіріп отыратын қалыптай тезге салып түзейді, уақыттың тақысына салып илейді.