Қазақ халқының мәртебесінің көгілдір туын көтерді
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ мәдениетінің көгінде талай-талай өнер саңлақтары мен әдебиет майталмандары, ғылымның шамшырақтары жаһан даланы өзіне тамсандырып, қазақ халқының мәртебесінің көгілдір туын көтерді.
Соғыс жылдарынан кейінгі аш-арық заманда өсіп-өнген ұрпақ өмірдің ащы дәмін татып, өнер мен ғылым, білімнің керектігін танып өсті. Сондықтан да болар алпысыншы жылдар өнер мен ғылымның шарықтау шегінде болды. Қазақ әдебиетінде М.Мақатаев, О.Сүлейменов, Т.Айбергенов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбай, О.Бөкей, А.Сейдімбек, Д. Исабеков кейінгі іні толқындар алдыңғы толқын аға ұрпақ М.Әуезов, С. Мұқанов, Ғ..Мұстафин, Ғ.Мүсірепов бастаған сара жолдың жалғастырушылары боп қанат жайды.
Қойшығара Салғараұлының шығармаларын оқи отырып, оның мазмұндық жағынан мынандай үш қырын анық байқауға болады. Біріншісі, шығармаларының тарихилығы, екіншісі, шығармаларының тєрбиелік мәнінің қуаттылығы, үшіншісі, шығармаларындағы нәзік сыршылдық.
Оқи отырып автордың туған жерге деген сүйіспеншілігін айқын танып, шығарманың тез бітіп қалғанына өкініш білдіргендейсің. Автор шығармаларының тақырыптары әр түрлі - отбасылық бала тәрбиесінен бастап қазақ тарихы, мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері, қазақи мінездердің сипаттарын жан-жақты, әр түрлі қырынан көрсетіледі. Жазушы шығармаларында отбасы бала тәрбиесінен бастап, ұлылыққа тәрбиелейтін қазақ даласы философиясының формулаларын береді. Автордың отбасындағы ата, ана тәрбиесі өзінің бойына халық даналықтарының дәмін сіңіре отырып жүзеге асу керек деген идеялық ойы барлық шығармаларының бойында танылып отырады. Ал қазақ тарихының, қазақи мінездің әрбір суретін беру арқылы болашақ ұрпақтың жекелік тұлғасын қалыптастыруға әсер ететін өзіндік мақсаттарын туындылары арқылы жүзеге асырады. Сондай шығармалардың бірі – “Қоңыр төбе” немесе “Қоңырша төбе” әңгімесі. Әңгіме 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған Амангелді Имановтың батырлығын, палуандығын көрсететін бір сәттік оқиғаға құрылған. Шығарманы оқу барысында бәрі де Қоңыр төбеден басталады. Бір қарасаң, Қоңыр төбе ерекшелігі жоқ қазақ даласындағы сан мыңдаған қоңыр төбелердің бірі сияқты. Бірақ бұл төбенің өзге төбелерден ерекшелігі – бір кезде ел таныған Амангелді тыныс алғандығында. Әңгімеде Амангелді Имановтың тек қана палуандығы, мергендігі, ыстық бір сезіммен қарт адамдардың еске алуымен, өткенге деген қимастық сезіммен беріледі.