Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Аманжолов майданның нағыз қызу ортасында болды
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Аманжолов майданның нағыз қызу ортасында болды. Оның елін, халқын, жарын сүйген ыстық махаббатты, жалынды лирикалық өлеңдері осы тұста туады. “Ұлы Отан соғысы туралы” (1948), “Елге хат” (1944), “Үстімде сұр шинелім” (1944) деген және басқа көптеген өлеңдерінде ақын елге төнген қауіпті халық болып қаһар төккенде ғана жеңіске жетуге болатынын адал ұл жүрегімен жырлайды. "Күлемін де жылаймын" атты өлеңінде Қасым өзінің ойшыл, сыршыл ақын екенін танытады.
Білмеген жан өлерін
Қайтіп сүйер өмірді;
Білмей қайғы келерін,
Қайтіп болар көңілді?
Бұл жолдарда мақал-мәтелге айналып кететін шынайы философиялық пікір жатыр. Дүниеге бір келіп, бір кетпек бар. Соны байыптаған адам ғана өмірдің қадірін біледі, шексіз сүйеді. Сүйгендіктен де өмірді ұзартудың, қолдан келсе мәңгілік етудің қамын жейді.
Поэзия халықтың рухын көрсетеді. Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе де осы жағында. Қасымның мейлінше жалынды, лепті, күйлі, сыршыл поэзиясы - әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым тіршілікте тізе бүгіп көрмеген тәкаппар ақын еді. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұнайды. "Кең жайдым құшағымды дүниеге, білдім мен қайғыра да, сүйіне де",- деп сырын жасырмай, "жанының терезесін айқара ашып" отырған бұл ақын оқушының қайғысына да, қуынышына да ұзақ ортақтасады.
Қасымның лирикалық қаһарманының мінезін танытатын, оның жалын жігерлі, тасқындай екпінді, Отан сүйгіш, халқына адал, жас патриот екенін таңытар өлеңдерінің тағы бірі – “Жолдас Маршал”. Ақынның бұл өлеңінде оның ақындық талантының кемелденуі, өсуі, шеберліктің, жетілуі аңғарылады. Сөз құрамында бейнелілік басым. Қасымды қазақ кеңес поэзиясының жаңашыл классигі қатарына әкелген, қауымды солай мойындатқан да ақынның осы тұстағы туындылары екені кәміл.
Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үнділігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын оның өлеңдегі ырғақ-үнділігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі.
Қасым Аманжоловтың поэзиясы – негізінен оның шығармашылығының өзегі, мызғымас ірге тасы болып табылатын нағыз өмірді, өзі өмір сүрген қоғамды, сол заман шындығын, ел адамдарының тағдырын, жарқын болашағын жырлаған, дауылдай бұрқап, жалындай лапылдап шалқыған, терең де өткір, ойлы да отты сезімнің поэзиясы. Қасым өлеңдерін оқыған сайын соңғы парағын жабуға қиналамын. Өйткені оның поэзиясын сүйіп оқимын.