Қасым Аманжоловтың поэзиясы – негізінен оның шығармашылығының өзегі
Қасым Аманжоловтың поэзиясы – негізінен оның шығармашылығының өзегі, мызғымас ірге тасы болып табылатын ақын өмір сүрген кезең, қоғам, заман шындығын, өз тұстастарының тағдырын, жарқын болашағын жырлаған, дауылдай бұрқап, жалындай лапылдап шалқыған, терең де өткір, ойлы да отты сезімнің поэзиясы.
Қасымның өмір шындығын өлең өнері арқылы бейнелеудегі ақындық ізденістері, мұраты, ойы, мақсат-мүддесінің баршасы келіп осы сезімнен туындап, өрбіп, тарап жатады. Ақынның лирикалық қаһарманының бүкіл тұлғасы, образ, мінез, ақын шығармашылығындағы өмір конфликтісінен ұшқындап, онымен астарласып жататын драматизм, Қасым шығармашылығының әр алуан қыры болып табылатын лиризм, патритизм, пафос, оптимизм, реализм секілді мәселелер де осы ақындық сезімнің әр қырынан атой берген әр алуан көрінісі.
Қ.Аманжоловтың поэзиясындағы тақырыптық жүйелер, сөз қоры, сөздің қолданылуындағы амал-тәсілдер, ой өрнектілігі, оның эмоциялық әсерлілігі, көркемдеу құралдарын қолданудағы үйлесімдер мен келісімдердің күллісі осы сезімді толықтырып, сомдап, мүсіндеп, оқшаулап тұрады. Осылардың бәрінде ақынның реализм әдісінің барлық принциптерін сақтап отыратындығын аңғару қиын емес. Ақын поэзиясынан реализмнің ерекше сипатының бірі болып саналатын реализм мен романтизмнің ұштасу нышандарын да көруге болады. Сондай-ақ Қасым Аманжолов қазақ топырағындағы өмір шындығын, өз туған халқының ғана тағдырын жырлап, ұлттық шеңберде ғана қалған ақын емес, ол даралау арқылы жалпыны, бейнелеу тәсілі бойынша ұлттық ойлау арқылы интернационалдықты жырлаған ақын. Мәселен, халықтар достығы, патриотизм, Отан сүйгіштік. Халық алдындағы азаматтық, борыш мәселелерін жырлауда әрбір ұлттық өредегі сезім ұлттық шеңберде ғана қалмайды, ол интернационалдық сипат алады. Бұл Қасым шығармаларынан ашық та айқын танылып жатқан дүние. Ақынның таланты алдымен сезімді селт еткізетін айқын суретшілігінен танылады. Ақын да, суреткер де осы тұрғыдан бірдей, бірі сөзбен, бірі бояумен жанды сурет сала білуге тиісті.
Қасым 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, басқыншы жауға қарсы қолындағы қарумен де, қаламымен де белсене күресті. Соғысқа дәл аттанар алдында ақын «Мазасыз музыка», «Армиясы Лениннің», «Бейсекештің бес ұлы», «Қоштасу» сияқты патриоттық өлеңдерін жазады. Қасым әуелі Қиыр Шығыста 1941-1942 жылдары міндетті қызметін өтейді де, 1943 жылдан 1945 жылға дейін батыстағы соғыс майданында болады. Қатарлы солдат болып міндетті іскер қызметін өтеген Қасым майдан, жорық жолының қажырлы күрестерін басынан кешеді. Ол әскери бөлімде үгітші де, ойын-сауық бригадасында да ақын артист болып та істеп, командованиядан мақтау алғыс алып отырады. Майданда жауынгерлік міндетін жақсы атқарады. Сол соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалық өлең жазады. Оның бірқатары «Қанқұйлы жау», «Отан соғысы туралы жыр», «Үстімде сұр шинелім», «Май майданында», «Подполковник Алпинге», «Мартбек», «Жеңіс даусы», «Сен фашистсің, мен қазақпын», «Қызғалдақ» сияқты өлеңдері соғыс өмірін суреттеуге арналса; «Байқал», «Орал», «Ертіс», «Сарыарқа», «Сибирь» сияқты лирикалары туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін суреттеуге арналады. Ал, «Достар, қайда жүрсіңдер?», «Елге хат», «Ғалиге», «Сәбитке», «Есмағамбетке», «Қақпанға», «Еркін ініме», «Ағайға» сияқты лирикалары туған елді, дос-жарандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлауға арналған. Бұл өлеңдерінде Қасым кеңес адамдарының зұлым жауға деген ыза-кегін, туған жерге, Отанға, досқа деген жалынды махаббатын суреттейді.