Қарағандылық жанкүйерлер «Шахтердің» ойындарын өз алаңына қайтаруды талап етіп отыр
Акция аясында фанаттар қол жинап, арнайы хатты қала және облыс әкімдеріне, сондай-ақ Қазақстанның футбол федерациясына жолдауға ниетті. Қол жинау науқаны 26-27 шілде күндері қала орталығында орналасқан ЦУМ және City Mall сауда нысандары маңайында өтпек. «Қашанға дейін «Шахтер» өзге алаңдарында ойнай бермек? Еуропаның үздік клубтарымен өтетін ойындарды асыға күткен Қарағанды қаласы неге ол мүмкіндіктен айырылып отыр?», - дейді жанкүйерлер.
Айта кетейік, УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу раунды аясында қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Беларусьтың чемпионы - «БАТЭ» командасын екі мәрте жеңіп, келесі айналымға өткен. Соңғы ойында Қарағандының стадионы жанкүйерге лық толды. Онда көрермендердің рекордтық көрсеткіші - 18 800 адам жиналды. Осыдан кейін албаниялық «Скендербеумен» өтетін келесі ойынды «Астана - Арена» стадионында өткізу туралы шешім шығарылды. Себебі ол ғимарат УЕФА-ның барлық талаптарына сай келеді.
ҚазАқпарат.