Аяқкиімі лас адамдар шекарадан өтпейді
Литваға Беларусьтен келетін адамдар шекарада аяқкиімін міндетті түрде залалсыздандыратын болды. Шекарадан өтетін автокөліктерге де дезинфекция жасалады.
Литваның екі ел арасындағы бақылауды күшейтуіне Беларусь аумағында шошқаның африкалық обасының таралуы себеп. DELFI агенттігіне сілтеме жасаған Lenta.ru-дың хабарлауынша, енді шекаралық өткізу бекеттерінде Беларусьтен келетін адамдар арнайы залалсыздандыру жолағын басып жүруі керек. Бұл жолақ келушілердің аяқкиімін инфекциялардан тазартады. Аяқкиімін залалсыздандырудан бас тартқандар Литва аумағына кіргізілмейді. Шекара бекеттерінде жеңіл және жүк көліктерін дезинфекциялайтын жолақтар да ашылды. Ресми мәлімет бойынша, Беларусьтің бес облысында шошқаның африкалық обасының екі ошағы тіркеліп отыр. Шошқаның вирусты ауруы адамнан гөрі малға аса қауіпті. Литва індеттен сақтану үшін Еуропалық комиссиядан 3,5 млн евро бөлуді сұраған.