Мәдениеттің әсер, ықпалы өз алдына бөлек әңгіме - А.Сейдімбек
– Сонда бұлар мәдениетке жатпай ма?
– Мәдениетке әбден жатады. Бірақ ол бәрібір біздікі емес. Басқа мәдениетті елдердікі. Біздің төл мәдениетіміз емес. Чайковский балеттерін, Вердидің операларын өте тебіреніп көруге, тыңдауға болады, оған бас иіп құрметпен қарауға болады. Бірақ ол біздікі емес.
– Демек олар бізді рухани жағынан байытпайды деген қорытынды жасаймыз ғой?
– Әрине, олар бізге ешнәрсе бермейді деу әбестік. Мәдениеттің әсер, ықпалы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жөнінде әңгімелегенде мынаны ұмытуға болмайды. Мәдениеттің әсер, ықпалын біздің еліміздің халықтары бастан кешкендей, басқаға мүлдем еліктеп, жұтылып, бүкіл Одақта инкубатордан шыққан балапан сияқты ондаған ұлттарға бір-ақ түрлі мәдениеттің моделін ұсыну - бұл ғылымға ғана жат емес, адамгершілікке де жат. Міне біздің Одақтағы жүздеген ұлттар төрт ұрпақ бойы осындай тарихи бұралаңды бастан кешті.
Шүкір, заманның желі оңынан тұрды. Мұны мәдени процестердегі оң өзгерістерден аңғаруға болады. Ол шын мәнінде болып жатыр. Шынтуайтына келгенде егер қайта құру болмаса біз осы сөзді халыққа айта алмас та едік. Баяғыдай бөркімізді аспанға атып, жауырды жаба тоқып, жүз биеден 200 құлын алдырып, елдің бәрін коммунизмге жетіп қалдық, қырдың астында тұр дегізіп, өтірікті айтып, сыртқа еліктеп, өзіміздің асылымызды таптап, қор болған тіршілікпен кете берер едік. Бақытымызға қарай уақыттың түзелгенін айтсаңызшы.
– Салыстырмалы түрде алғанда халқымыз мәдениетінің басқа халықтар мәдениетімен ара салмағы қай дәрежеде болды деп ойлайсыз?
– Көп уақытқа дейін қазақ халқының мәдениеті төмен болды, тіптен мүлдем болған жоқ деп келді ғой. Мұндай пікірмен өз басым келісе алмаймын. Біріншіден, бір ұлттың мәдениеті басқа бір ұлттан төмен деген ғалым болсын, саясаткер болсын, мемлекет қайраткері болсын, сол адамның өзінің бойында мәдениет жоқ. Ол адам мәдениеттің не екенін өзі де білмейді. Осы орайда басын ашып айтуға болады: қазақ халқын халық еткен, оның мәдениетін даралап көрсететін үш үлкен мәдени сала бар. Ол – сөз өнері, қол өнері және музыка өнері. Бүкіл театрдың жүгін, бейнелеу өнерінің жүгін, Еуропаның классика деп жүрген музыкаларының жүгін, архитектураның жүгін, солардың бәрін беретін эмоциялық, эстетикалық рахатты осы үшеуі арқалаған. Егер мемлекетіміздің басшылары, мәдениет зерттеушілеріміз, парламенттің мәдениетке араласып отырған мүшелері қазақ халқының мәдениетін көрсеткісі келсе, осы үшеуіне алдымен мән беруі керек дер едім.