Астанада мәнерлеп көлік жүргізуден жарыс өтеді
Жарысты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен TRI MIRA RacingTeam командасы, Қазақстан Республикасының Автомотоспорт Федерациясы ұйымдастырып отыр.
Додаға қатысу үшін көлік әуесқойларына жүргізуші куәлігі, ҚР АМСФ биыл берген «Д» және «Е» санатындағы жүргізушінің қолданыстағы сертификаты, медицина мекемелерінің рұқсаты, сақтандыру полисі қажет. Әр қатысушы өтініш беріп, жарыс өткізілетін уақытқа жауапкершілік туралы қолхат жазады.
«Жарысқа джип және шағын автобустардан басқа техникалық байқаудан өткен кез келген маркалы көлік қатыса алады. Оның қозғалтқышының көлеміне шектеу қойылмайды. Жарыс артқы, алдыңғы және толық жетектегі автомобильдер арасында үш сынып бойынша өткізіледі», - деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Ережеге сәйкес, жарыс басталған соң 2 автомобиль қатар жүреді. Бақылаушы турларда әр қатысушыға екі мүмкіндіктен беріледі, оның ең үздігі есепке алынады. Финалға әр сынып бойынша 1-8-орын алған жүргізушілер өтеді.
Жеңімпаздарға демеушілердің атынан естелік сыйлықтар, дипломдар, медальдар мен ақшалай сыйақылар беріледі.
ҚазАқпарат.