Құлыншак отыз жасқа келіп, өз бойындағы талантын танытқанға дейін кедейлік зардабын тартқан
Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе деген жерде туьш-өскен. Әкесі көп отбасылы кедей шаруа болған. Құлыншак отыз жасқа келіп, өз бойындағы талантын танытқанға дейін кедейлік зардабын тартқан. Тек өмірінің соңғы жылдарында ғана орташа дәулет жиып, ел қатарына қосылады. Құлыншақ он беске келген кезде-ақ жұрт назарын өзіне аударады. Алғашқыда жаттап өлеңдер айтып, сауық-сайрандарға араласады. Ұрымтал ақын оқыған адамдарға жақын жүріп, өз бетімен ізденіп, сауатын ашады, Сөйтіп хат таныған ақынның қолы шығыс қиссалары мен ақын-жазушыларының шығармаларына ерте жетеді. Сөйтсе де Құлыншақ ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, өз өлеңдерін ауызекі айтып таратады. Айтыстарға түседі. Ел сынынан өтеді. Ақындық жолға түсу себебін ол ескі наным тұрғысында түсіндіреді. Жас шағын еске алған сөзінде ақын маған қара кісі боп келген пірім ұйықтап жатқанымда аян берген-ді, ол маған: «Көген тілейсің бе, өлең тілейсің бе» – деген еді. Мен өлеңді қаладым деп түсіндірмек болады. Әрине ол «пірі» қолдап емес, елдегі көптеген ақындық өнердің ықпалы нәтижесінде ақын болғаны сөзсіз. Сыр бойы, Түркістан өлкесі, Қаратау, Жетісу жерлерін түгел аралап көп ақындармен кездесіп, айтысу арқылы ақын боп қалыптасқанға ұқсайды. Кейінгі ақындар оны ерекше ардақтайды. Молда Мұса деген ақынның айтуынша, Құлыншақ ешбір ақыннан жеңілмеген көрінеді. Айтыстарының ішінде, әсіресе, оның Майлықожамен айтысы көңіл аударарлық. Ол Майлымен жүздесіп тілдесумен бірге хат арқылы да айтысып жүріпті. Оның бұл айтысы – Майлы елінің сараң байларын сынаудан басталады.
Құлыншақтың «Көлбайға», «Дүйсенбі датқаға» атты толғауларынан ақынның шабыты ғана емес, сонымен бірге өз кезіндегі әлеуметтік мәселелерге үн қосқан ақын болғаны да танылады.
Айтысқан ақынына мін таққыш, табан асты сөз тапқыш Құлыншақ халық ішінде беделді болған. Оның шешендігіне, шыншылдығына ел риза боп ардақтаған. Әсіресе, заманында билікті қолына ұстап, өз дегенін істеп, еш нәрседен шіміркенбейтін қарапейіл үстемдерді, сараң байларды өлтіре әжуалап отырған. Сондай-ақ әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтеріп, адамгершіл ақылдар айтқан. Мәселен «Дүниеде не ғаріп» толғауында ақын табиғи құбылыстарды адам өмірімен ұштастыра термелеп, терең ой қозғайды.
Енесі жүдеп нашарлап,
Көк ала жылқы болмаса,
Ертелеп тутан төл ғаріп.
Бетегелі бел ғаріп.
Әуеден жауын кем болып,
От шықпай қалса, жер ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдынды шалқар көл ғаріп.
Басшысы нашар жолығып,
Қатарынан кем тартып,
Ынтымақ кетсе, ел ғаріп,
Қуаты қашқан ер ғаріп...