Жамбыл әуелі той иесіне арнау айтты
Түркістаннан шыққан төрт аттылы бірде желе-жортып, бірде жорғалата отырып, Ихан суынан өтті. Ноғай қорғандағы шашақ тақиялы молданың үйіне жетіп ат шалдырды.
Дегенде Ноғай қорған, Ноғай қорған,
Ары өткен, бері өткен талай қонған... – деп, олар үлкен бесінде ілгері жүріп кеткен.
Ақындар Нұра жотасын бөктерлеп, Мыңбұлақ басына жетті. Бұл кәдімгі:
Біз ауылдан шықтық та Көлбай қондық,
Көлбай үйде жоқ десе де болмай қондық.
Қонаққа қотыр ешкі сойып беріп,
Иірген тақыр жерге қойдай болдық, – деп Құлыншақ ақын айта беретін Көлбай ауылы. Жолаушылар Ишан талының жел жағымен Қаратауға қарай бет алды.
Күн қызыл жиектеніп батар алдында олар Қарабас өзенінің бойындағы кең сазда отырған Досбай әжінің үйіне кеп түсті.
– Келгендеріңіз мұндай жақсы болар ма, – деді, оларды қарсы алған жігіт күлімдеп. – Болыс-екеңе әлгінде айтып отыр едім, бүгін келмесе, Түркістанға өзім барып ертіп келемін деп...
Бұл – алып-ұшып қуанып жүрген осы ауылдың Зұлпықар Балғабаев деген жас ақыны. Үнемі Досбай болыстың қасында болып, сөзін сөйлейтін жақын інісі.
Досбайдың екі бірдей сәйгүлігі ат бәйгесінен озып келіп, той үстіне той ұласқан. Оның алдында баласы Пірназар ер-азамат болып атқа қонған. Осы қуаныштың құрметіне ол тойды жалғастырған. Ақ боз үйін сегіз қанат етіп қайта тіккізген. Қонақтар сол үйге жайғасты. Сары қымыз сапырылды. Тағы да тай сойылды. Құлыншақ ақын он екі тілді сырнайын сызылтып, - қуанышыңыз құтты болсын, – деп бір құттықтау жырды төгіп салды.
Майлықожаға кезек келгенде, ол:
– Мен, – деді, – бұл ауылға келген сайын сөйлеп жүрмін ғой. Енді мына қонақ бала сөйлесін.
Жамбыл әуелі той иесіне арнау айтты. Досай, Жаманбай ұрпақтары бізге алыс емес, түбіміз бір, туысқан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Алатаудың Өтегені мен Қаратаудың Құттыбай батырлары тізе қосып, жауын бірге қуысқан. Осылайша жыр тізбектеліп, жалғаса берді. Жұрт жас жыршының аяқ алысына сүйсінді.
Кешкілік ас-судан кейінгі сөзді Құлыншақ алды. Ол бұл кеште «Қыз Жібек» хикаясын шертті. Қособаның басында Бекежан қолынан мерт болған Төлегеннің аспандағы алты қазбен қоштасқан зарын егілте әуендеткенде отырған қария-кейуаналар көзіне жас алды. Бұл қиссаны да Жамбыл зор ынта қоя тыңдады. Құлыншақтың «Қыз Жібекті» домбыра, сырнаймен кезек-кезек сүйемелдеп, әртүрлі әуенге салып орындауына қызықты. Мұндай жыршыны бұрын-соңды көрмепті.
Ертеңіне Жамбыл Зұлпықарға:
– Тағы бір үлкен олжа таптым, – деген, – Түркістанда Құлекеңнен «Шораны», бұл ауылда «Қыз Жібекті» алдым.