Жаңалықтар

Терме дәстүріндегі өлеңдердің Құлыншақта мол болғаны аңғарылады

Терме дәстүріндегі өлеңдердің Құлыншақта мол болғаны аңғарылады. Бізге там-тұмдап жеткен шумақтарына қарағанда, оның өмір ағысын терең барлап, ойлы өсиет пен тағылымды толғау айтуға шебер екені сезіледі.  Енесі жүдеп, нашарлап,  Ертелеп туған төл ғаріп,  Әуеден жауын кем болып,  От шықпай қалса, жер ғаріп.  Басшысы нашар жолығып,  Ынтымақ кетсе, ел ғаріп,  Көкала жылқы болмаса,  Бетегелі бел ғаріп,  Қаз-үйрегі болмаса,  Айдынды шалқар көл ғаріп,  Қатарынан хал кетіп,  Қуат қашқан ер ғаріп.  Өлеңдетіп әндеткен,  Айналаны сәндеткен,  Уақытым жетсе мен ғаріп. Қазақ даласындағы ақын атаулының дарын қуаты сыналатын тұс айтыс немесе адамдардың жақсылығын, яки мінін табанда әрі өткір, әрі көркем бейнелеп айту дәстүрі болған ғой. Бұл ретте Құлыншақтың айтулы дүлдүлдердің бірі екені танылады. Оның түрлі оқиғаларға байланысты табанда тауып айтқан сөздері мен үлкенді-кішілі сөз сайыстарының мөлшерін болжап айту қиын. Шешесі өлгенде ол: Тал бесігін таянған шешем, Түнде тұрып оянған шешем. Тар құрсағын кеңіткен шешем, Тас емшегін жібіткен шешем, – деп жоқтау айтқан екен дейді. Бұл сөздердің түбірі халықтікі болғанмен, ақынның ол қазынаны еркін игергеніне мысал. Ақын Майлымен Құлыншақ көп кездескен, екеуі де Қаратау мен Сырдың орта ағысын жайлаған елдің теңдесі жоқ сөз зергерлері саналған. Бұлардың арасында айтыс та болған. Ал олар әншейінде жолыққан сайын сөзбен жарысып, әзілдесіп, өлеңмен қақтығысып отырған. Солардан елдің көбірек білетіні Құлыншақтың: Майлы, Майлы дегенге май болмадың, Жұрттан алып жегенмен, бай болмадың, – дей бергенде, өлеңнің соңын Майлының іліп ала жөнеліп:  Сен Құлыншақ болғалы талай болды,  Не жабағы, не құнан, тай болмадың, – деп бітіргені. Бұл арада біз нағыз төкпе ақындықтың да, тапқырлықтың да озық үлгісін көреміз. Шапшаң жауап табу өз алдына, «Құлыншақ», «Майлы» деген сөздерді ойнатып, одан астар, мағына іздеу неткен шеберлік! Екі ақын да қаншама ел аралап, атағы асып, ауылына қоралап қой айдап келіп жүрсе де, бай бола алмаған. Өлеңнің бір ұштығы осы мәселеге меңзеп тұр. Бұрын ақындар бас қосып, дидарласқанда, өлеңнің бірі басын, бірі ортасын, бірі аяғын айтып жіберу дәстүрі де күшті дамыған. Құлыншақтың Мәделі, Майлы, Бұдабайлармен ел қыдырып жүріп, әлгіндей «бірлесіп» шығарған жолдары да аз емес. Қандай мағынадағы өлеңің де басын бастаса, жалғасын іркілмей табу оларға қиындық келтірмеген. Бір күні қасындағы жолдасының:  Қаратаудың басынан көш келеді,  Қайғылының көзінен жас келеді, – деп бастаған өлеңін Құлыншақ: Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ, Біреуге ерте, біреуге кеш келеді, –  деген жолдармен толықтырыпты дейді. Осы секілді мысал мол.
23.07.2013 05:25 4459

Терме дәстүріндегі өлеңдердің Құлыншақта мол болғаны аңғарылады. Бізге там-тұмдап жеткен шумақтарына қарағанда, оның өмір ағысын терең барлап, ойлы өсиет пен тағылымды толғау айтуға шебер екені сезіледі.

 Енесі жүдеп, нашарлап,

 Ертелеп туған төл ғаріп,

 Әуеден жауын кем болып,

 От шықпай қалса, жер ғаріп.

 Басшысы нашар жолығып,

 Ынтымақ кетсе, ел ғаріп,

 Көкала жылқы болмаса,

 Бетегелі бел ғаріп,

 Қаз-үйрегі болмаса,

 Айдынды шалқар көл ғаріп,

 Қатарынан хал кетіп,

 Қуат қашқан ер ғаріп.

 Өлеңдетіп әндеткен,

 Айналаны сәндеткен,

 Уақытым жетсе мен ғаріп.

Қазақ даласындағы ақын атаулының дарын қуаты сыналатын тұс айтыс немесе адамдардың жақсылығын, яки мінін табанда әрі өткір, әрі көркем бейнелеп айту дәстүрі болған ғой. Бұл ретте Құлыншақтың айтулы дүлдүлдердің бірі екені танылады. Оның түрлі оқиғаларға байланысты табанда тауып айтқан сөздері мен үлкенді-кішілі сөз сайыстарының мөлшерін болжап айту қиын.

Шешесі өлгенде ол:

Тал бесігін таянған шешем,

Түнде тұрып оянған шешем.

Тар құрсағын кеңіткен шешем,

Тас емшегін жібіткен шешем, – деп жоқтау айтқан екен дейді. Бұл сөздердің түбірі халықтікі болғанмен, ақынның ол қазынаны еркін игергеніне мысал.

Ақын Майлымен Құлыншақ көп кездескен, екеуі де Қаратау мен Сырдың орта ағысын жайлаған елдің теңдесі жоқ сөз зергерлері саналған. Бұлардың арасында айтыс та болған. Ал олар әншейінде жолыққан сайын сөзбен жарысып, әзілдесіп, өлеңмен қақтығысып отырған. Солардан елдің көбірек білетіні Құлыншақтың:

Майлы, Майлы дегенге май болмадың,

Жұрттан алып жегенмен, бай болмадың, – дей бергенде, өлеңнің соңын Майлының іліп ала жөнеліп:

 Сен Құлыншақ болғалы талай болды,

 Не жабағы, не құнан, тай болмадың, – деп бітіргені. Бұл арада біз нағыз төкпе ақындықтың да, тапқырлықтың да озық үлгісін көреміз. Шапшаң жауап табу өз алдына, «Құлыншақ», «Майлы» деген сөздерді ойнатып, одан астар, мағына іздеу неткен шеберлік! Екі ақын да қаншама ел аралап, атағы асып, ауылына қоралап қой айдап келіп жүрсе де, бай бола алмаған. Өлеңнің бір ұштығы осы мәселеге меңзеп тұр.

Бұрын ақындар бас қосып, дидарласқанда, өлеңнің бірі басын, бірі ортасын, бірі аяғын айтып жіберу дәстүрі де күшті дамыған. Құлыншақтың Мәделі, Майлы, Бұдабайлармен ел қыдырып жүріп, әлгіндей «бірлесіп» шығарған жолдары да аз емес. Қандай мағынадағы өлеңің де басын бастаса, жалғасын іркілмей табу оларға қиындық келтірмеген. Бір күні қасындағы жолдасының:

 Қаратаудың басынан көш келеді,

 Қайғылының көзінен жас келеді, – деп бастаған өлеңін Құлыншақ:

Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ,

Біреуге ерте, біреуге кеш келеді, –  деген жолдармен толықтырыпты дейді. Осы секілді мысал мол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға