Халқымыздың тұңғыш ағартушы-педагогі
Халқымыздың тұңғыш ағартушы-педагогі алыс арман көкжиегіне қанат қаққан ұланға сәт сапар тілегендей, шәкіртті қолтығынан демегендей. Көрнекті ағартушының аңсаған арманы бүгінде ойдағыдай жүзеге асты. Аудандағы 17 орта, екі сегіз жылдық, 15 бастауыш, сондай-ақ спорт, музыка, жұмысшы жастардың кешкі мектептерінде 600-ге жуық мұғалім еңбек етеді. Бұлардың 380-нен астамы – жоғары білімді мамандар. Олардың арасында ұстаздық қызметпен қоғамдық жұмысты шебер ұштастырып, еңбекшілерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген мұғалімдер аз емес. Мәселен, «Торғай» ұжымшарындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Жұпаркүл Хамзина жоғары оқу орнын бітіріп, ұстаздық қызметке кіріскен алғашқы жылдан бастап-ақ мектеп оқушыларының өндірістік бригадасын ұйымдастырды, ал кейін осы бригада жұбын жазбай ұжымшардың қойын бағуға тілек білдірді. Сөйтіп, мектеп түлектеріне Жұпаркүлдің өзі бас болып екі жыл шаруашылықтың қоғамдық малын күтімге алды. Осы уақыт ішінде бригада мүшелері мал бағып қана қоймай, қолы қалт еткенде шаруашылық фермаларын аралап, малшы қауымның арасында саяси-тәрбие жұмысын да жүргізді, концерт қойып шопандар көңілін сергітті. Мұның өзі жас ұрпақты еңбекті сүюге, адамгершілік ізгі қасиеттерге баулудың өнегелі үлгісіне айналды.
Бұл игі бастаманың басқалардың тарапынан да кең қолдау тапқаны қуантады. Соңғы жылдары шаруашылықта мектеп түлектерінен құрылған «Ақбұлақ» сауыншылар бригадасы жемісті еңбек етіп жүр.
Сол сияқты «Албарбөгет» шаруашылығындағы Қаратүбек орта мектебінің мұғалімі Қ. Дайыров та жазғы демалыс уақытын ұжымшарға қолқабыс тигізуге арнайды. Ол бірнеше жыл қатарынан мектеп оқушыларының өндірістік бригадасына жетекшілік етіп келеді.
Аудан еңбеккерлері «Ән айтса, Рысты айтсын» деседі. Ауылдастарының ақ жүрегінен шыққан бұл лебіз № 12 ауылдық кәсіптік-техникалық училищенің қызметкері Рысты Ерденоваға арналған. Р. Ерденова міне ширек ғасырдан бері ұстаздық пен әншілік өнерді қатар өрбітіп келеді. Ол үгіт бригадасының құрамында шалғайдағы мал отарларына талай рет сапар шегіп, шопандардың алғысына бөленді.
Жалпы, аудандағы көркем өнерпаздардың басым көпшілігі де мұғалімдер. Мәселен, республика жұртшылығына танымал «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық халық ансамблі мүшелерін негізінен солар құрайды. Ансамбль Мәскеуде, республиканың көптеген қалаларында өнер көрсетті, ал өткен жылы шетелге де, атап айтқанда, Мозамбик Халық Республикасына гастрольдік сапармен барып қайтты. Бірнеше музыкалық аспапты еркін меңгерген А.Әмірханов, Б. Ахметова, Б. Менеев, Ғ. Бейсембаев, Б. Досымов, А.Сейітқасымов сияқты ұстаздар ансамбльдің жұмысына белсене ат салысады.